Биыл Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрының елге қызмет етіп келе жатқанына 70 жыл толып отыр. Осыған орай Қызылордада ұлы өнерге өлшеусіз үлес қосқан сахна саңлағы, КСРО және Қазақстанның халық әртісі Сәбира Майқанованың рухына арналған «Сырдың Сәбирасы» атты бірінші халықаралық театрлар фестивалі ұйымдастырылды.
1967 жылы Нартай Бекежанов есімін иеленген өнер ұжымы талай биікке қол жеткізді. Бастауында әр ауылдан жиналған таланттарды топтастырған өнер ұжымының шаңырақ тіктегеніне 70 жыл толуына орай орталық алаңда өткен халықаралық театрлар фестивалінің салтанатты ашылуында қызыл кілем үстімен Қазақстанның Еңбек Ері, Халық әртісі Асанәлі Әшімов, Халық әртісі, Қазақстан театр қайраткерлері одағының төрағасы Тұңғышбай Жаманқұлов, Грузия, Румыния, Қырғызстан мен еліміздің әр өңірінен келген сахнагерлер жүріп өтті.
Салтанатты рәсімде облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев құттықтау сөз сөйлеп, мәдениет және руханият саласында атқарылған жұмысқа тоқталды.
«Өткен жылы өңірде жарияланған «Руханият жылы» аясында барлық 7 ауданда ішінде неке қию залы, кітапхана, музей, архив, жастар сарайы, ардагерлер мен аналар үйі бар «Руханият орталықтары» салынып, ел игілігіне қызмет етіп жатыр. Облыс орталығында «Шығармашылық академиясы», «Саутс Ойл» компаниясының демеушілігімен музыкалық колледждің жаңа ғимараты, тарихи-өлкетану музейі бой көтеріп келеді. Аталған нысандар жақын күндері іске қосылмақ», деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Салтанатты кеште аймақтың мәдениет саласына елеулі үлес қосқан сала мамандары марапатталды. Асанәлі Әшімов жылы лебізін білдіріп, Тұңғышбай Жаманқұлов Қазақстан театр қайраткерлері одағының «Дара» медалін табыс етті. Фестиваль қонағы Сәбира Майқанованың кызы Гүлдәр Әбділқызына да сырбойылықтар атынан құрмет көрсетілді. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Бақытбек Алпысбаевқа «Парасат» ордені табысталды
Халықаралық фестивальға Грузия, Румыния, Қырғызстан елдерінен келген өнер ұжымдарымен қатар, Ұлытау, Абай, Ақтөбе, Атырау, Жетісу, Қостанай және Алма-ты өңірлерінің театрлары қатысты.
БАҚ өкілдеріне арналған брифингте Асанәлі Әшімов бастаған қазылар алқасы мен фестивальді ұйымдастырушылар аймақтағы басты өнер мерекесі талантқа деген құрметтің көрінісі екендігін атап өтті.
«Мен Қалибек Қуанышбаевтың қолына су құйғанымды мақтан тұтамын. Сәбира Майқанова апама сахнада серіктес болып, өнердің биігін бірге бағындырғанымды тағдырымның ең үлкен сыйына балаймын. Сәбира – сахнаның шынары еді. Оның есімі қазақ театр тарихында алтын әріппен жазылды», деді Асанәлі Әшімұлы.
Фестиваль бағдарламасында шетелдік театр ұжымдарының қойылымдарымен қатар, соңғы жылдары еліміз сахналарында көрінген туындылардың енуі отандық драматургия мен режиссерлік мектептің үздіксіз дамып, жаңашыл ізденістерге жол ашылғанын көрсетті.
«Театр сыны да қоғам дамуына қарай өзгеріске ұшырап отыратыны белгілі ғой. 90-жылдардан бастап театрлар үшін жаңа шығармашылық мүмкіндік ашылып, таңдау аясы кеңейді. Театр мен сыншылар арасындай байланыс үзіліп қалған еді, қазір сол қайта жанданып келеді. Алдыңғы толқынның ізін басқан қазіргі сыншылар шоғыры жер-жердегі театрлармен байланысты нығайтты», дейді Қазақстан театр сыншылары бірлестігінің жетекшісі, өнертану кандидаты Анар Еркебай.
Қазылар алқасы құрамындағы Ш.Руставели атындағы Грузия мемлекеттік театр және кино университеті профессоры, өнертану докторы Лаша Чхартишвили, И.Арабаев атындағы Қырғыз мемлекеттік университетінің өкілі, халықаралық театр сыншылары бірлестігінің вице-президенті Элеонора Турдубекова талантын құрметтеген елдің бұл бастамасы басқаларға үлгі болса деген тілек айтты.
Еліміздің әр түкпірі мен шетелден келген 11 театр ұжымы өнер көрсететін халықаралық фестиваль шымылдығын Н.Бекежанов атындағы академиялық драма театры өнерпаздары А.Островскийдің «Найзағай» драмасымен ашты.
Режиссер Дина Жұмабаева қорғансыз нәзік жанның махаббат хикаясы негіз болған әйгілі туындыны бүгінгі өмірге мейлінше жақындатыпты. Қойылымның өн бойында көне мен жаңаның тайталасы, қайшылықтар көзқарасы бар. Қамқор болып көрінген жанның көңіл түкпіріне жасырған аярлығын, керісінше қатал мінездің астарындағы қайырымды көрдік.
Сахна әуеніндегі қайталанып тұратын ырғақтар өмірдің әр сәтін есепке алып тұрған сағат тықылы секілді. Жиі өзгеріп тұратын сахна көріністерінің бірінде үстел үстіндегі түйіншектерді тасыған әр кейіпкер өз маңдайына жазылған пешенесін арқалап жүргендей көрінді.
Жергілікті өнерпаздардардан кейін Эльвира Годяну атындағы румын театры қызылордалық көрерменге Эдуардо Де Филиппоның «Marriage and Divorce» драмасын ұсынды. Осылайша, көрермен апта бойы фестивальға жиылған өнер ұжымдарының қойылымын тамашалады.
Сәуірдің соңғы аптасы мәңгі өлмес өнер иесі Сәбира Майқанованың рухы Сыр аспанында қалқып тұрғандай болды...
Қызылорда