Қазіргі қоғамда көптеген отбасы күрделі психологиялық ахуалды басынан кешіріп жатыр. Оның салдарын мамандар әлеуметтік, экономикалық, тіптен саяси себептермен, сондай-ақ халқымыздың сан ғасыр бойы жасап келген ұлттық тәрбие институты рөлінің төмендеп кетуімен байланыстырады.
Ғылымға қадам басқан алғашқы күннен бастап, отбасы психологиясын басты тақырып етіп таңдаған әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жалпы және қолданбалы психология кафедрасының жетекші маманы, психология ғылымдарының кандидаты, профессор Майра Қабақова әсіресе, қазақ отбасындағы қарым-қатынасты зерттеудің маңызын алға тартты.
Семей жерінде туған ғалым қазіргі Санкт-Петербор мемлекеттік университетін үздік аяқтағаннан кейін еңбек жолын Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде бастады. Одан кейін Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде ұстаздық етті. Қазір әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде шәкірт тәрбиелеп, отбасы құндылықтарының қоғамдағы рөліне қатысты кешенді еңбектер жазып, психология ғылымының соны салаларына қалам тартып келеді.
Оның айтуынша, ұлттық тәрбиенің зиялы қоғам қалыптастырудағы рөлі қашанда жоғары. Тәрбие өнегелі отбасынан басталады. Өкінішке қарай, кейінгі жылдары еліміздің ажырасу көрсеткіші бойынша алдыңғы ондықта тұрғаны алаңдатады.
Профессор көбінесе жас отбасылардың ерте кезеңде, ал ерлі зайыптылардың 20-25 жылдан кейін ажырасу себебін отбасындағы психологиялық ахуалдың тұрақсыздығына байланысты екенін атап өтті.
Еліміздегі ажырасу көрсеткішінің саяси, әлеуметтік, экономикалық себеп-салдарын ескеруіміз қажет. Көнеден жеткен ауыз әдебиетінің жарқын үлгілері, тарихи деректер халқымыздың рухани-мәдени болмысының өміршеңдігін айғақтайды. Жер дауы, жесір дауы, рулар арасындағы түсініспеушілік алқа билердің араласуымен шешіліп отырғаны тарихи деректерден аян. Инабатты қыз, батыр ұл тәрбиелеген қоғамда «үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» әдебі қалыптасты. Қандай да бір дау-дамай шиеленіссіз данагөй ақсақалдардың бір ауыз сөзімен шешіліп отырды. Қоғамдағы қазіргі жағдайда ата-бабаларымыз дипломатиялық тәжірибесінің жетіспейтіндігіне көз жеткізіп отырмыз. Қазақ халқы басына төнген нәубет жылдарда осынау бай рухани мұрасынан ажырап қалды. Сондықтан атадан балаға мирас болған ұрпақтар сабақтастығын жоғалтып алмауға қарекет жасау қажет. Өкінішке қарай, осы дәстүрді шама-шарқынша күні бүгінге дейін сақтап келген, ұлттық өнегенің алтын қазығы болған ата-әжелеріміздің де қатары сиреп барады. Қоғамға жаһанданумен сусындаған жаңа ұрпақ келді. Сауатты қарым-қатынас құруға үйренбегендіктен, олар болашақ отбасының тұрақтылығын қамтамасыз ете алмай жатыр. Отбасына жауапкершілік алғысы келмейтін, коммуникация құруды білмейтіндер қатары, зорлық-зомбылық фактілері көбейіп барады. Салдарынан отбасының шырқы бұзылып, күрделі психологиялық ахуал белең алып отыр, дейді ғалым.
Біздің кейіпкеріміз бұл салаға қатысты зерттеулерін жеті монографияға топтастырған. «Жұбайлық қатынастар тұрақтануының психологиялық факторлары», «Қазақ отбасындағы психологиялық ерекшеліктер» және басқа да еңбектерінде отбасылық психологияны жан-жақты қарастырады. Қала, ауыл қазақтарының және қандастардың отбасылық ерекшелігін, олардың жаңа ортаға бейімделуі, сондай-ақ әскерилер отбасындағы қарым-қатынасты мейлінше терең зерттеген ғалымның бұл еңбектері психология бағытына жаңа серпін берді. ҚазҰУ-да алғаш рет Майра Қабақованың бастамасымен «Психология» мамандығы бойынша PhD мамандар даярлау бағдарламасының енуі салаға жас мамандардың көптеп келуіне жол ашып, тың еңбектер жазылды. Ғалым бастамасымен ерлі-зайыптылардың, ата-ана мен баланың, сондай-ақ бірге туған бауырлардың, ағайындардың қарым-қатынасын зерттеу ісі қолға алынды. Осы бағыттарда ондаған тың тақырып ашылып, бүгінде шәкірттері зерттеу ісін жалғастырып келеді. Импакт-факторлы «Web of Science», «Scopus» базасында 10-нан астам мақала мен 300-ден аса ғылыми жарияланымның, 17 куәліктің авторы отбасы тақырыбының терең зерттеуге зәру сала екенін айтты.
Отбасы тақырыбы өте күрделі. Бұл тақырыпты зерттеуге де екінің бірі бара бермейді әрі кез келген отбасы зерттеушілер үшін ашық емес. Зерттеулер көрсеткендей, 20-25 жыл отасқан отбасылардың босағасы балаларымен берік болып отырған. Алды үйленіп, кейінгісі оқуға кеткеннен кейін шаңырақта екеуден-екеу қалғанда өздігінше өмір сүре алмағандықтан, ерлі-зайыптылардың ширек ғасырдан кейін айырылысып жатуы қоғамдағы күрделі құбылысқа айналып отыр. Мұның себеп-салдары отбасы мүшелеріне психологиялық салмақ салуымен қатар қоғамның дамуына да кері ықпалын тигізіп жатыр. «Сондықтан еліміздегі ажырасу факторының себептерін әріден іздеу қажет. Туыстар арасында сауатты қарым-қатынас құру, ата-баба тарихына құрметпен қарап, шежіре сабақтастығын жалғастыру, сондай-ақ Америка, басқа да дамыған елдер тәжірибесіндегідей университеттер жанында кең тараған қоғамдық институттар үлгісіндегі орталықтар жұмысын жандандырып, алғаш ата-әже атанатын, балалары отбасы құратын ересектерді оқыту курстарын қолға алу қажет» дейді ғалым.
Қазіргі кезде университет түлектері, шәкірттерінің еліміз өңірлерінде орталықтар ашып жатқанын алға тартқан ғалым отбасы ісімен айналысатын соттар жанындағы психологтермен жұмысты жандандырудың да маңызды екенін айтады.
Профессор ғылым жолымен қатар қоғам өміріне де белсене атсалысып келеді. Ұлттық және халықаралық деңгейдегі ғылыми жобаларға қатысып жүрген ғалым қазіргі кезде «Amanat» партиясының әйелдер қанатының бастамасымен әзірленіп жатқан «Қазақстан Республикасы психологтер қызметі туралы» заң жобасына қатысты бастамашы топ құрамының мүшесі.
Ғалымның ұлттық психология саласындағы жетістіктері бүгінде еліміз ғана емес, халықаралық кеңістікке мәлім. «ЖОО үздік оқытушысы», «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, профессор Майра Қабақова Болгария, Ресей, Беларусь, Өзбекстан, Қырғызстан ғалымдарымен әріптестік орнатып, әлемдік психологиялық мұраларды қазақ тіліне аударып, руханиятымыздың дамуына үлесін қосып келеді.
Психология бойынша 10-нан аса магистр дайындаған ғалымның 30-дан астам студенті – халықаралық байқаулардың жүлдегері. Ұзақ жыл ҚазҰУ-дың Философия және политология факультетінде әдістемелік кеңеске жетекшілік етіп, студенттерді қолдау мақсатында «Виртуалды психологиялық қонақ бөлмесін» ұйымдастырудың бастауында тұрды. Отбасы құндылықтарын зерттеу орталығына жетекшілік етіп, университет базасында Қысқы психологиялық мектепті ұйымдастырды. UNFPA қолдауымен іске асқан «Әкелер институтын дамыту», «Зорлық-зомбылықсыз қарым-қатынас» жобаларына, «Отбасым», «Onege» сынды әлеуметтік бағдарламаларға қатысып, ғылыми бағыттағы ізденісін қоғамның ізгілігіне арнап келеді.
АЛМАТЫ