• RUB:
    6.25
  • USD:
    516.16
  • EUR:
    584.86
Басты сайтқа өту
Инфляция Кеше

Ақша массасының көбеюі инфляцияны жеделдетеді

120 рет
көрсетілді

Елдегі ақша массасы мен инфляция арасындағы байланыс туралы сарапшылар әртүрлі пікір айтады. Нақтылыққа жақын пікір жоқтың қасы. Экономикадағы артық ақша массасын реттеу мәселесін жауапты мемлекеттік орындар да жиі көтереді. Қазірдің өзінде дағдарысқа қарсы шаралардың нәтижесінде экономикада 6,3 трлн теңге шектен тыс ақша массасы қалыптасқан.

Алматыда өткен «Жаһандық және ішкі шоктар жағдайында ақша-кредит саясаты мен қаржы тұрақтылығы» атты V ғылыми-практикалық конференцияда мамандар осы тақырыпқа назар аударды. Ұлттық банк төрағасының орынбасары Виталий Тутушкиннің айтуынша, ақша массасын бақылау –  Ұлттық банктің міндеті. Ұлттық банк ақша басып шығармау үшін тұрақты ақша массасын қалыптастыруға, ақша экономикада бақылаусыз, бейберекет жүрмеуі үшін артық фискалдық ынталандыру болмауын қадағалауға тиіс.

«Экономика жүйесінде ақшаға сай тауар болмаса инфляция туындайды. Мұндайда экономикадағы өсімнің ғұмыры ұзақ бол­майды. Осындай күрделі құбылысқа ака­демиялық ортаның қызығушылық танытуы маңызды. Бұл жағдайды дұрыс тануға және дұрыс шешім қабылдауға әсер етеді. Бүгін біз Әзербайжан мен Өзбекстаннан келген әріптестерімізді монетарлық саясат саласындағы ғылыми ізденістерімен бөлісу үшін қуана қарсы аламыз», деді.

Конференциядағы сессиялардың бірі баға күйзелістері мен құрылымдық теңге­рім­сіздіктер жағдайындағы макроэкономикадағы үрдістерге арналды. Қатысушылар ел эконо­микасының шикізаттық тәуелділігінің сақ­талуы кезіндегі экономикалық өсу факторлары мен тәуекелдері, төмен инвестициялық белсенділік және мемлекеттік қолдау шаралары туралы талқылады.

2024 жылғы желтоқсанның қорытындысы бойынша, ақша базасы 16,4%-ға, 14,6 трлн теңгеге дейін ұлғайған. Ақша массасының 10%-ға көбеюі инфляция мөлшерін 1 жылда 0,8%-ға дейін көтеріп жібереді. Ал ұзақмерзімді перспективада ақша мас­сасының 10%-ға көбеюі инфляцияны 1,8%-ға дейін өсіп кетуіне әсер етеді екен. Халықаралық тәжірибеде басы артық қара­­жат­тың кері қайтарылмайтыны белгілі. Қытай немесе Түркияда мұндай қаржы бизнеске бағытталады. Бизнестің басы артық қаржыны сіңіріп алуына мүмкіндік бар. Ал біздегі жағдай басқаша. Нарық сенімді емес, бизнестің тəуекелі жоғары.

Ұлттық банк өкілі Адам Жүзбаев атап өткендей, қазір теңгедегі ақша массасының деңгейіне әсер ететін негізгі факторлар несиелеудің өсуі мен бюджеттік-фискалдық арна болып отыр.

 

АЛМАТЫ