• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 08:58

Ерік-жігері мықты азаматтарға Жол картасы әзірленді

20 рет
көрсетілді

Орталық сайлау комиссиясының жанындағы Мүгедектігі бар азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс тобының кезекті отырысы өтті. Жиында түрлі деңгейдегі сайлауларда үдерісті барынша инклюзивті әрі қолжетімді ету мәселесі қаралды.

Отырысқа ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров, Еңбек және халық­ты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова, ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарла­малар офисінің басшысы, елші Алексей Рогов, «Шырақ» мүгедек­тігі бар әйелдер ассоциациясы» қоғамдық бірлестігінің, Сенат жанындағы инклюзия жөніндегі кеңес төрағасы Ләззат Қалтаева, өңірлердегі мүгедектігі бар азаматтар қоғамдық бірлестіктерінің өкілдері де қатысты.

Басқосуда алғаш болып сөз алған Нұрлан Әбдіров инклюзив­тілік пен тең құқықты қамтамасыз ету – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін тілге тиек етіп, мүгедектігі бар азаматтардың дауыс беруі үшін қандай жағдай жасалып жатқанын айтты.

– Сайлау кезінде басты назар ауда­рылатын санаттың бірі – мү­ге­дектігі бар азаматтар. Бүгін­де елімізде осындай 700 мыңға жуық отандасымыз бар. Олар­дың көпшілігі сайлау учаске­лері­не өз мүмкіндігін пайдалана отырып, келе алады. Алайда көру немесе жүріп-тұру мүмкіндігі шектеулі азаматтар да бар. Мұндай сайлаушылар үшін үйде дауыс беру мүмкіндігі қарастырылған. Бірақ кей азаматтар мұны ерекше саяси сәт деп қабылдап, өз таңдауын сайлау учаскесіне барып жасағы­сы келеді. Осы орайда қажетті жағдай жасалып жатыр. Мәселен, сайлау учаскесіне жету үшін инватакси қызметін пайдалана алады. Арбадағы азаматтарға арнайы құралдар, пандустар және көтергіштер орнатылады. Аумақта арнайы бұрыштар дайын­­да­лып, ақ­параттық материалдар көз дең­­гейінде орналастырылады. Ал көзі көрмейтін азаматтар үшін Брайль шрифті­мен жасалған трафареттер, аудио-нұсқаулықтар, үлкейт­кіш­тер және басқа да құралдар ұсы­ны­лады. Жалпы, бірлескен нәти­желі әріптестіктің арқасында біз қолжетімді және инклюзивті сай­лау жүйесін қалыптастыру жолын­да жүйелі түрде ілгерілеп келеміз, – дейді ОСК төрағасы.

Жиында видео арқылы Ақтөбе облысындағы аумақтық сайлау комиссиясының қанатқақты жобалар аясында жүргізіп жат­қан жұмысы көрсетілді. Онда мамандар мүмкіндігі шек­теулі азаматтардың сайлау үдері­сіне кедергісіз қатысуын қам­та­масыз етуде жоғарыда аталған мүм­кін­дікті қалай қолданатынын егжей-тегжейлі түсіндірген.

Сондай-ақ отырыста Орталық сайлау комиссиясы мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ынтымақтастық туралы келісімге қосымша ретін­де Жол картасын бекітті. Құжат ведомствоаралық өзара іс-қимылды жүйелі түрде дамыту­ға және мүгедек азаматтардың сайлауға тең қатысуына жағдай жасауға бағытталған. Оны әзірлеу барысында жұмыс тобының мүшелерінен және аумақтық сайлау комиссияларынан келіп түскен 200-ден аса ұсыныс пен пікір ескерілген.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бас­тамасы­мен 2025–2030 жыл­дарға арнал­­ған инклюзивтік саясат тұжырым­дамасы қабылдан­ды. Тұжы­рым­дама аясында мүгедектігі бар азаматтардың қоғамдық-саяси өмірге қатысуын қамтамасыз ету үшін арнайы шаралар бекітілді. Бес жылға әзірленген Жол картасы сайлау үдерісінің қолжетімділігі мен жаңа технологияларды енгізу саласында нақты бағыттарды айқындайды. Оның іске асырылуы тұрақты инклюзивті тәжірибелерге көшуге мүмкіндік береді. Жаңашыл­дықтың бірі – сайлау учаскелері­нің қолже­тім­ділігіне қатысты inva.gov.kz пор­талын кезең-кезеңі­мен цифр­ландыру. Әр азамат физи­ка­лық немесе өзге де шектеу­лері­не қарамастан ел өмірі­не бел­сене қатысуға тең құқылы. Сай­лау үдерісінің қолжетімді­лігін қам­тамасыз ету – бұл тек техни­калық жағдайларды жасау мәсе­лесі емес, мүгедектігі бар адам­дар­дың азаматтық ұстанымына құр­мет көрсетудің, олардың дауыс беру және ел болашағына ық­пал ету құқықтарын танудың айқын көрінісі, – дейді Еңбек және ха­лықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе – сайлау ұйымдастырушы­лары үшін мүгедектігі бар азамат­тар­дың сайлау құқықтары мен қажеттілік­теріне арналған бейнекурсты тал­қылауға бағыттал­ды. Бейнекурсты Астанадағы ЕҚЫҰ Бағ­дар­ламалар офисі мен «Шырақ» мүгедектігі бар әйел­дер ассо­­циациясы» қоғам­дық бірлес­­тігі бірге әзірлеген.

– Офис мандатына сәйкес инклюзивті сайлау құқықтарына арналған оқу курсын ұсынамыз. Бұл – Қазақстандағы 10 мыңнан астам сайлау комиссиясына бар­лық азаматтың сайлау үдері­сіне тең және кемсітусіз қатысуын қам­тамасыз етуге мүмкіндік бере­ді. Курс комиссиялардың кәсі­би­лігін арттырады және қоғамның сайлауға деген сенімін нығайтады, – дейді Алексей Рогов.

«Шырақ» мүгедектігі бар әйелдер ассоциациясы» қоғам­дық бірлестігінің төрағасы Ләззат Қалтаева бейнекурс сайлау комиссиялары қызметкерлеріне арналған тәжірибелік көмекші екенін айтты. Онда сайлау учас­келерін жабдықтау, мүгедектігі бар сайлаушылармен қарым-қаты­нас жасау кезінде әдеп нормаларын сақтау, сондай-ақ дауыс беру орын­дарын жабдықтауға қойыла­тын қолданыстағы нормативтік талаптар мен стандарттар жөніндегі қажетті ақпараттар бар.

Жұмыс тобының отырысы гибридті, яғни онлайн және оф­лайн форматта өтті.