• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Ғалам ғажаптары Бүгін, 09:10

Айдың арғы беті...

20 рет
көрсетілді

Бірнеше күннен бері бәріміз NASA жариялаған Жердің, Айдың таңғажайып суреттерінен көз ала алмай отырмыз. «Мынау біздің үйіміз» деп өз планетамызды сыртынан көру сөзсіз толқытады. Сол бір шардың ішінде біздің де жүрегіміз соғып тұр. Біздің де ізіміз бар. «Адамға табын, Жер, енді!» деп Олжас (Сүлейменов) жырлағандай, біздің де қиялымыз сол ғарышкерлермен бірге Айға бір-ақ ұшты.

«Артемида-2» ғарыш миссиясы барысындағы бұл кадрларды астронавтар Айдың арғы бетін айналып ұшу кезінде түсірген. Бір суретте Жердің Ай көкжиегіне батып бара жатқан сәті бейнеленсе, екіншісінде Ай Күнді толық жауып қалған кездегі күн тұтылуы көрінеді. Бұл енді бір ғажайып көрініс. Жерде мұндай тұтылудың толық фазасы бірнеше минутқа ғана созылса, «Орион» экипажы оны 57 минут бойы бақылаған.

 Енді бір кадрда Жер толығымен көк және қоңыр түске боялған. Поляр шұғыласының жасыл түсті жарқылы да байқалады. NASA ғалымдарының айтуынша, планета бозғылт көк түсті, бұлттармен шағылысқан жарықтан пайда болған нәзік көгілдір шұғыла көрінеді.

Миссия құрамындағы төрт астронавт сейсенбіге қараған түні Жер серігін айналып өтті. Олар Ай орбитасында жеті сағат бойы болған. Осы уақыт ішінде «Орион» ғарыш кемесі Жерден рекордтық қашықтыққа алыстап, 40 минутқа дейін Хьюстондағы басқару орталығымен байланысқа шыққан жоқ. Олар Айдың Жерден көрінбейтін арғы бетін айналып өтіп, рекордтық қашықтыққа жетті. Бұған дейінгі рекордты 1970 жылы «Аполлон-13» миссиясы жасаған еді.

Бұл жолы ғарыш кемесі Жерден 406 мың шақырымнан астам қашықтыққа дейін алыстады. Ұшу кезінде «Орион» кемесі Ай бетіне шамамен 6 550 шақырымға дейін жақындаған. Кемеде түрлі кәсіби камера, сондай-ақ GoPro құрылғылары орнатылып, барлық сәт үздіксіз түсірілген. Миссия барысында жарық азайтылып, иллюминатордағы шағылысу төмендетілген.

Енді экипажды атмосфераға еніп, мұхитқа қону мақсаты күтіп тұр. Қону 11 сәуір күні Гринвич уақытымен 01:07-ге жоспарланған.

Соңғы жаңалықтар