Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев алматылық кәсіпкерлермен кездесуінде қаланың елдің ішкі саудасының негізгі орталығы мәртебесін сақтап қалатынын атап өтті, деп жазады Egemen.kz .
2025 жылғы қаңтар-наурыз айларының қорытындысымен ішкі сауда бойынша сату көлемі 5 149,4 млрд теңгені құрады. Нақты көлем индексі жоспарлы көрсеткіштен (102,9%) асты. Алматы қаласының iшкi саудасының үлес салмағы республикалық көлемде барлық аймақтардың iшiнде ең жоғары 36,2% -ды көрсетті. Осы кезеңде бөлшек сауда көлемі 1 447,7 млрд теңге (НКИ - 106,8%), көтерме сауда - 3 678 млрд теңге (НКИ - 101,7%) болған. Одан әрi өсу үшiн цифрлық шешiмдер мен сауданың қазiргi заманғы форматтарын белсендi енгiзу талап етiледi. Осыған байланысты сауда нарықтарын жаңғырту басым бағыттардың бірі болып қалады.
Соңғы 10 жыл ішінде елімізде нарықтарды жаңғырту жөніндегі ауқымды бағдарлама іске асырылды. Алматы қаласында 59 базар жұмыс істейді, олардың 70% жуығы жаңғыртылған. Өткен жылы Алматыда алты базардағы жұмыстар аяқталды. Бекітілген кестеге сәйкес, жыл соңына дейін тағы он нысанда жұмыстарды аяқтау жоспарланған. Қазіргі уақытта олардың төртеуінде белсенді жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар алты нарықта бекітілген мерзімдерді сақтамау қаупі бар. Себептерінің ішінде: жер учаскелерін пайдалану бойынша шектеулер, техникалық шарттар, әкімшілік кедергілер және қаржы ресурстарының тапшылығы. Осыған байланысты министр жауапты мемлекеттік органдар мен бизнес субъектілері арасында үйлестіруді күшейтуді, сондай-ақ жобаларды іске асыру барысына жүйелі мониторинг орнатуды тапсырды.
«Біз базарларды құрылыс, өртке қарсы, санитарлық-эпидемиологиялық нормативтік техникалық актілердің талаптарына сәйкестендіруіміз керек», деп атап өтті Сауда және интеграция министрі.
Министр Алматы қаласы еліміздің ірі қаржы және сауда орталығы ғана емес, сондай-ақ озық шешімдерді енгізу алаңы болып табылатынын атап өтті. 2024 жылғы 1 қарашадан бастап Халық Банкімен бірлесіп Digital Bazar пилоттық жобасы іске асырылып жатыр. Қазіргі уақытта жобаға Алматы қаласы мен Алматы облысының 7 базары тартылған, сервиске 4 276 клиент қосылған. Жобаны іске асыру, электрондық сауда платформаларын дамыту, қолма-қол ақшасыз есеп айырысуды енгізу және қаржы-технологиялық шешімдермен интеграциялау мегаполистің сауда саласын цифрландырудың жоғары деңгейін көрсетеді.
«2026 жылдан бастап жаңғыртудан өтпеген нарықтар жұмысын жалғастыра алмайды. Бұл уақыт талабы - қауіпсіздік, ашықтық және ыңғайлылық сауда стандартына айналуы тиіс», деп толықтырды министр.