Алматы әкімдігі мен Қытайдың Inspur мемлекеттік компаниясы қалада тиімді көлік қозғалысын басқару мақсатында, биыл сәуірде Алматының зияткерлік көлік жүйесі (ITS) тұжырымдамасын әзірледі, деп хабарлайды Egemen.kz.
Жоба бойынша келісімшарт биыл 20 мамырға дейін жасалып, келер жылдың тамызына дейін іске қосылады. Сондай-ақ жыл соңына дейін қалалық қоғамдық көлікті 100 пайыз экологиялық бағытта дамыту көзделіп отыр. Биыл 29 сәуірде 600 газбен жүретін және 200 электр автобусты сатып алуға байқау жарияланды. Жеке тасымалдаушылар өз тарапынан 800 газбен жүретін және 118 электр автобусты сатып алуды жоспарлап отыр.
Электр көлігі инфрақұрылымын дамыту мақсатында биыл ақпаннан бастап 6 инвесторға 233 электр зарядтау станциясын орнатуға техникалық шарттар берілді. Сонымен қатар, «жасыл» облигациялар есебінен 100 электробус сатып алып, 10 троллейбус қосалқы станциясын жаңғыртуға құжаттар дайындалды.
Алматы әкімдігі алғаш рет «жасыл» облигацияларды электробус сатып алуға ғана емес, сондай-ақ, Желтоқсан көшесіндегі BRT желісінің құрылысын жалғастыруға бағыттамақ.