Ақтауда «Caspi Bitum» БК» ЖШС жаңғыртылған битум зауыты ресми түрде іске қосылды. Бұл – Қазақстанның инфрақұрылымдық дамуы үшін стратегиялық маңызы бар нысан, деп жазады Egemen.kz ақпарат агенттігі.
Жоба Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасы бойынша жүзеге асырылып, елдің энергетикалық және көлік тәуелсіздігін нығайтудың маңызды кезеңін білдіреді.
Салтанатты іске қосу рәсіміне мемлекеттік органдар өкілдері, оның ішінде Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, ҚР Энергетика министрлігінің Мұнайды тасымалдау және өңдеу департаментінің директоры Дәулет Арықбаев, сондай-ақ «Самұрық-Қазына» АҚ, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ және CITIC Group серіктестері қатысты.
Caspi Bitum зауытының жаңғыртылуы – мұнайды терең өңдеуді дамыту және елімізді сапалы құрылыс материалдарымен қамтамасыз ету бойынша ҚР Үкіметінің мақсатты саясатының нәтижесі. Жоба бір ай бұрын аяқталып, уақытынан бұрын іске қосылды. Бұл мемлекеттік органдардың үйлесімді жұмысы, жобаны тиімді басқару, бас мердігер CITIC Construction мен барлық тартылған мамандардың бірлескен еңбегінің арқасында мүмкін болды.
Жобаны іске асыру жалпыұлттық маңызға ие. Жаңғырту нәтижесінде зауыттың жылдық мұнай өңдеу қуаты 50%-ға артып, 1 миллион тоннадан 1,5 миллион тоннаға дейін ұлғайды. Бұл еліміздегі мұнай өңдеу көлемін арттыруға елеулі үлес қосады. Ең маңызды жетістік – стратегиялық өнім болып саналатын жол битумының өндірісі 50%-ға артып, жылына 750 мың тоннаға жетті. Бұл Қазақстанның жол құрылысы мен жөндеу жұмыстарына қажетті сапалы битумға деген ішкі сұранысын толық дерлік өтеуге мүмкіндік береді. Атап айтқанда, бұл «Күшті өңірлер – ел дамуының драйвері» секілді мемлекеттік бағдарламалар аясында жол инфрақұрылымын дамытуға серпін береді. Сонымен қатар, битум өндірісінің артуы импортқа тәуелділікті азайтып, ішкі нарықта жеткізілім мен бағаның тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Бұл – бүкіл ел аумағындағы ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру үшін өте маңызды.
– «Caspi Bitum жаңғыртылған зауытының іске қосылуы – бұл бүкіл ел үшін стратегиялық маңызды қадам. Ол Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында Үкімет пен Энергетика министрлігінің ерекше бақылауында болды, – деп атап өтті ҚР Энергетика министрлігі Мұнайды тасымалдау және өңдеу департаментінің директоры Дәулет Арықбаев. – Отандық битум өндірісінің 50%-ға өсуі жолдарды салу мен жөндеу қарқынын жеделдетуге, олардың сапасы мен ұзақмерзімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл – инфрақұрылымды дамытуға, логистиканы жақсартуға және түптеп келгенде, қазақстандықтардың өмір сапасын арттыруға салынған тікелей инвестиция. Аталған жоба – еліміздің мұнай өңдеу және мұнай-химия өнеркәсібін ұзақ мерзімді дамытуға бағытталған мемлекеттік саясатқа сай, шикізаттық бағыттан терең өңдеуге көшудің айқын үлгісі».
Жаңғырту жобасы аясында 140 тонна салмаққа ие 40 метрлік вакуумдық колонна орнату, ЭЛОУ-АВТ қондырғысын жаңарту, мыңдаған метр құбырлар мен кабельдер тарту, заманауи автоматтандыру жүйелерін енгізу сынды күрделі технологиялық жұмыстар атқарылды. Бұл – Қазақстандағы инженерлік-техникалық әлеуеттің жоғары деңгейін айғақтайды.
Үкіметтің іс-қимыл жоспарына енгізілген жаңғыртылған Caspi Bitum зауытының іске қосылуы – бұл жоғары қосылған құны бар өнім өндіруге көшу жөніндегі мемлекеттік саясаттың нақты жүзеге асуының көрнекті үлгісі. Сондай-ақ бұл жоба Қазақстанның құрылыс материалдарын өндіру бойынша өңірлік көшбасшы ретіндегі мәртебесін күшейтеді.