Абай облысы Аягөз ауданының қазақ мектеп-лицейінің 5-сынып оқушылары Ерсұлтан Жұматай, Әмірхан Сапиев пен Әкежан Берікқазы су арналарындағы қоқысты автоматты түрде тазартатын ерекше робот жасап шықты, деп жазады Egemen.kz.
Оқушылар роботқа «Жалын» деп ат қойған. Су арналарында қоқыс жиналуының алдын алатын роботты оқушылар экология, инженерия және робототехника сабақтарында алған білімдері бойынша құрастырған.
Оқу-ағарту министрлігінің мәлімдеуінше, олар идеядан бастап іске асыруға дейінгі барлық кезеңді өздері орындап, механикалық тазарту қағидаларын және бағдарламалаудың негіздерін зерттеген.
«Бізге бұл идея Президентіміздің «Таза Қазақстан» бастамасының арқасында келді. Роботымыз туған ауылымызда тазалықты сақтауға көмектессе дейміз. Ал болашақта қоқысты жинап қана қоймай, оны сұрыптай алатын мини-робот жасауды жоспарлап отырмыз», дейді оқушылар.
Бұл жоба 2024 жылғы FIRST Championship аймақтық кезеңінде жоғары бағаланып, үздік ондыққа енген. Сондай-ақ әлеуметтік мәселелерді шешуге қосқан үлесі, жаңашылдығы мен командалық жұмысы үшін Core Values Winner номинациясында марапатқа ие болған.