Астанада 7 мамыр күні Жеңістің 80 жылдығына және Отан қорғаушылар күніне арналған әскери шеру өтеді. Осыған байланысты елордада бірқатар көшеде уақытша көлік қозғалысына шектеулер енгізіледі, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қала әкімдігінің хабарлауынша, 7 мамыр күні таңғы сағат 6:30-дан 8:00-ге дейін А-334 көшесі – Ақжол даңғылы – Р.Қошқарбаев даңғылы – Аманжолов көшесі бағытында, сондай-ақ Р.Қошқарбаев даңғылының Ж.Нәжімеденов көшесі арқылы жеке құрам тасымалданады.
Сағат 5:00-ден 14:00-ге дейін Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ музыкалық-драма театрының алдындағы тұрақтарда, Қ.Қуанышбаев көшесінің А.Байтұрсынұлы көшесінен Ж.Нәжімеденов көшесіне дейінгі бөлігінде және Нұрмағанбетов көшесінің оң жағында орналасқан автобус тұрақтарында жеке құрамды тасымалдау үшін көлік қозғалысына шектеу қойылады.
Сағат 5:00-ден 13:00-ге дейін Панфилов көшесінің Тәуелсіздік даңғылынан Нұрмағанбетов көшесіне дейінгі бөлігі және Нұрмағанбетов көшесінің Панфилов көшесінен Райымбек батыр көшесіне дейінгі аралығы салтанатты шеруден кейін ауыр жүк көліктерін тиеуге арналған арнайы тұрақ ретінде пайдаланылады.
Сонымен қатар, осы аралықта Тәуелсіздік даңғылының Момышұлы даңғылынан Панфилов көшесіне дейінгі бөлігі, Ақыртас және Қалдаяқов көшелері, сондай-ақ Қошқарбаев даңғылы жабылады. Бұл көшелерде әскери техника уақытша орналастырылады.
Сағат 7:00-ден 14:00-ге дейін Б.Момышұлы даңғылы, 1 мекенжайында орналасқан «Astana Music Hall» автотұрағының (Құмыра) аумағында да қозғалысқа уақытша шектеулер енгізіледі.
Күннің екінші жартысында, сағат 12:30-дан 14:00-ге дейін әскери колонна Панфилов көшесі — Нұрмағанбетов көшесі — Қошқарбаев даңғылы — Ақжол даңғылы — А-334 көшесі арқылы бастапқы орналасу пунктіне қайта оралады.
Шеру өтетін аумақтарда жаяу жүргіншілер қозғалысына да шектеулер енгізілуі мүмкін. Кейбір жаяу жүргіншілер өткелдері уақытша жабылып, балама бағыттарға бағытталуы мүмкін. Қала тұрғындары мен қонақтарына жол бойындағы белгілер мен уақытша нұсқауларға назар аудару ұсынылады.
Әскери техниканың қауіпсіз әрі кедергісіз қозғалуы үшін шеру өтетін учаскелерде кейбір бағдаршамдардың консольдік бөліктері уақытша бұрылатын болады.
Барлық қозғалыс шектеулері іс-шаралар аяқталғаннан кейін алынып тасталады. Құқық қорғау органдары қала тұрғындары мен қонақтарынан қауіпсіздік талаптарын орындауды сұрайды.
Сонымен қатар, 7 мамыр күні төмендегі қоғамдық көлік маршруттарының қозғалыс сызбасы уақытша өзгереді: № 3, 4, 4А, 14, 15, 15А, 19, 21, 29, 29А, 30, 32, 40, 43, 47, 50, 51, 55А, 55Б, 56, 57, 58, 61, 62, 66, 84, 121, 502, 504.