Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан ардагерлердің қатары тым селдіреп қалды. Бірақ арамызда әлі де майдангер аталарымыз бар. Солардың бірі – биология ғылымдарының докторы, профессор Зұлқарнай Сейітұлы. Жеңіс мерекесі қарсаңында Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті, академик Ақылбек Күрішбаев ардагер-ғалымның шаңырағына арнайы барып құттықтап, сый-сияпат көрсетті.
Бүгінде қарт майдангер – 103 жаста. Алайда ойы – тың, санасы – сергек. Ол әскерге 1942 жылы алынған. Алдымен Свердлов облысындағы Туринск қаласында жаудың танктерін жоюдың арнайы курсынан өтеді. Содан кейін бірден Сталинград шайқасына аттанған. Одан соң Белоруссия мен Польшаны азат етіп, Берлинді алуға қатысқан. Соғыстан кейін Потсдам қаласын минадан тазартады. Майдандағы ерліктері үшін «Қызыл Жұлдыз», ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендері және көптеген медальмен марапатталған.
Ардагер өзін арнайы құттықтап келген Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті А.Күрішбаевпен емен-жарқын әңгімелесіп, жорық жылдарынан аз-кем естелік айтты. «Мен көрген зұлмат соғысты енді ешкім көрмесін. Еліміз аман, жастарымыз бақытты өмір кешсін. Бейбіт заман болсын!» деп ақ батасын берді.
Ғалым соғыстан кейін Омбы ауылшаруашылық институтын бітіріп, ғылым жолын таңдаған. Қырық жылға жуық қазіргі Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде жемісті еңбек етті. Отыз жылдан аса уақыт осындағы органикалық және биологиялық химия кафедрасын басқарып, көптеген шәкірт тәрбиеледі. Биохимия саласында іргелі зерттеулер жүргізіп, биология ғылымдарының докторы атанды. Ғалымдар арасында қазақ және орыс тілінде алғашқылардың бірі болып «Биохимия» оқулығын жазды. Кейін бұл оқулығы ағылшын тілінде жарық көрді. Бүгінде профессор – 150-ден аса ғылыми еңбек пен монографияның, 20-дан аса патент пен авторлық куәліктің авторы.
Әсіресе Зұлқарнай Сейітұлының әріптестерімен бірге «Қазақ бальзамы» және «Алтынсу» емдік сусынын әзірлеген еңбегін ерекше айтуға болады. Сондай-ақ әлемде алғаш рет өзінің биологиялық қасиетін жоғалтпай, 10 айға дейін сақталатын қымыз және шұбат дайындау технологиясын, оның ішінде құрғақ қымыз, шұбат, бие және түйе сүтін алу тәсілін ойлап тапқан. Осындай ғылыми жаңалықтары үшін ғалымға «Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері» атағы берілді. Сонымен қатар тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығының лауреаты болды.