• RUB:
    6.26
  • USD:
    516.01
  • EUR:
    582.47
Басты сайтқа өту
Жоба 07 Мамыр, 2025

Денсаулыққа демеу жоба

30 рет
көрсетілді

Тумысынан он екі мүшесінің кемдігі байқалып, қадам басуы арманға айналған баласының әр қимылы – ата-анаға ерекше қуаныш. Оны жүрегінен өткізген жандар ғана түйсіне алса керек. Былтырдан бері елімізде «Мүгедектігі бар балаларды үй жағдайында оңалту» жобасы іске асырылып, жақсы нәтиже көрсетті. Жеті айдың ішінде 247 бала инновациялық техникалық құралдың игілігін көріп, 178 науқаста оң динамика байқалған.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық ғылыми орталығы (ӘҚСДҰҒО) мен «Қазақстан халқына» қоры арасындағы үшжақты меморандумға қол қойылды. Соның аясында 4 өңірде (Абай, Қызылорда, Павлодар облыстары мен Шымкент қаласы) «Мүгедектігі бар балаларды үй жағдайында оңалту» қанатқақты жобасы іске асырылып келеді. Ілкімді жобаның тиімділігі сол, оңалтудың инновациялық техникалық құралдары ерекше баласы бар отбасына ақысыз негізде жалға беріледі.

«Қазақстан халқына» ҚҚ оңалтудың инновациялық 1 309 техникалық құралын сатып алуды жоспарлап отыр. 2024 жылдың тамызында алғашқы лекте оңалтудың инновациялық 400 тех­никалық құралы елге әкелінді. Сондай-ақ жобаны іске асыру шең­берінде ӘҚСДҰҒО филиалдарының маман­дарын, оңалтудың инновация­лық техни­калық құралдарын алған балалардың ата-аналарын үйде оңалту іс-шараларын жүргізу жөнінде оқыту жүргізіледі. Шымкент қаласында ӘҚСДҰҒО филиалы базасында «Аяқ-қолды жаттықтыруға арналған «Thera-trainer tigo Pediatric» тренажерін практикалық қолдану» семинары өтті. Екі күндік іс-шара барысында Ресейден келген дәрігер-реабилитолог, «Бека Рус» ком­паниясының өкілі Дэвид Эрнандес тәжірибесімен бөлісті.

«Тренажердің әртүрлі жаттығу бағдарламасы әр пациент үшін оңтайлы болып отыр. Нәтижесінде, балаларды оңалту қысқа мерзімде аяқталады. Мұнда әр бағдар­ламалық жаттығудың бірнеше профилі ұсынылады: нейро, орто, кардио, изокинетика. Оңалтудың инновациялық техникалық құралдарын бермес бұрын ата-аналарды оқыту 10 күнге дейін жүргізіледі, содан кейін тренажер баланың тұрғылықты жеріне жеткізіледі әрі оны мамандар ем алушының денсаулық жағдайына қарап бөледі. Ата-аналарға оңал­ту­дың инновациялық-тех­никалық құралдарымен жұ­мыс істеу алгоритмі тағы бір рет көрсетіліп, мобильді қо­сымша арқылы сабақтарға күн­делікті мониторинг жүр­гізіледі», дейді ӘҚСДҰҒО бас директорының орынбасары Шолпан Бөлекбаева.

«Мүгедектігі бар балаларды үй жағдайында оңалту» жобасы негізінен жүйке жүйе­сінің ауруларымен, сонымен қатар тірек-қимыл аппаратының бұзылуы­нан жапа шеккен науқас­тардың әлеуетін арттыруға бағытталған. Қызылорда қала­сының тұрғыны Марал Әділхан осы жоба аясында алған тірек-қимыл аппарат­тарының игілігі мол екенін ­айтады.

«Өзім де дәрігермін. Қызымыз Сафура Covid-тің өршіп тұрған шағында өмірге келді. Туғаннан инфекцияның кесірінен дамуында кінәрат болды. Жақында бес жасқа толады, әлі мойнын тік ұстай алмайды. Сафурадан үлкен үш баламыздың дені сау. Мұндай сынақты басымызға салған соң, көндік. Үнемі түрлі емдеу орталықтарына шипа болсын деп апарып жүрміз. Екі жыл бұрын осы жоба жүзеге асады дегенде қатты қуандық. Себебі тірек-қимыл аппараттары, сал ауруына шалдыққан  бала­лардың отыруына өте ың­ғайлы арбаларды сатып алуға көп адамның қалтасы көтер­мейді, өте қым­бат. Біз де қызы­мыз үштен асқан соң, әрі-бері жүргенге жайлы болсын деп арба іздедік. Осы ілкімді жобаның игілігін көріп, арба берді. Қы­зы­мыз арбаға отырғалы басын ұстайтын болды. Емдік жаттығу тәсілдерін қолдану­дың арқасында оты­ру­ға да бейімделіп келеді. Қаладағы ерекше баласы бар ата-аналар ара-тұра маман­дарды шақыртып, осы техника­­­лық құралдарды қалай қол­дану қажеттігін үйретті», дейді М.Әбілхан.

Қанатқақты жобаның тиімді­лігі өте жоғары. Марал Әбілхан бес жылға жуық тек жататын қызының отыруға талпынып, арқасын тіктей бастағанына «Мүгедектігі бар балаларды үй жағ­дайында оңалту» жобасы орасан септігін тигізгенін айтты.

«Сафураның отырсам деген талпынысы қуантады. Оты­руға ыңғайлы арба­ның артық­шылығы мол. 4 ай­дан астам уақыт арбада отырып, мойны қатайып, арқасын тіктеуге дағдыланып қал­ды. Енді біз арбаны өткізіп, орнына вертикализатор аппара­тын алсақ дейміз. Бұл құ­рылғы арқа омырт­қа­сы­ның түзелуіне, баланың өз аяғымен қадам басуына септігін тигізеді. Вертикализатор аппаратын шешкеннен кейін жүріс тірегін (ходунки) береді. Осылайша, кезең-кезеңімен жүргізілетін кешенді емдік шараның нәтижесінде сал болып жатып қалған бала­ның он екі мүшесіне жан бітеді. Бұл жобаны жүзеге асырушыларға, қар­жылай қолдау көрсеткен жан­дарға зор алғыс айтамыз», дейді М.Әбілхан.

Шымкенттік 11 жастағы Аян Қасымбекұлы да осы үй жағдайында оңалтудың шарапатын көріп келеді. Аян­ның өмірге келгеніне 35 күн болғанда миына қан құйылып, дамуы, өсіп-жетілуі тежелген. Анасы Гүлбану Төлепбергенова ұлы­ның иммунитеті тым төмен екенін, тұмауратса да ем-домға кері әсер ететінін мәлім етті.

«Біз былтыр осы жоба арқы­лы алты айға жуық мерзімге орындық-арба алдық. Шетелдік мамандар баламыздың диаг­но­­зымен танысқан соң, құрыл­ғы­ның бағдарламасын бізге икемді етіп берді. Арқа омырт­қа­сы қисайған еді, түзелуіне айтарлықтай септігін тигізді. Аянға осы арбада отырып тамақ­та­нуға, мұға­лімдер үйге келіп сабақ өткенде отырып оқуына өте ыңғайлы болды. Жақында қадам басуға талпынсын деп орындық-арбаны өткізіп, вертикализатор құрыл­ғы­сын алдық. Оның да септігі тиіп келеді. «Оңал­ту бағытында қабылдаған емдік шараның оң нәтижесі бай­қа­лып, көңіліміз жайланды», деген ана тұңғыш баласының қаз басып аяққа тұрып кетуі үшін әлі ұзақ мерзім ем алатынын айт­ты.

Әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық ғылыми орталығы келешекте ілкімді жобаны өзге облыстарда да жүзеге асыруды жоспарлап отыр. 

Соңғы жаңалықтар