Жезқазғанда Ұлытау облысының Төтенше жағдайлар департаменті (ТЖД) бөлімшелеріне жаңа арнайы техниканың кілттері салтанатты түрде табысталды. Іс-шараға жергілікті әкімдік, ТЖ қызметінің өкілдері, ардагерлер, жеке құрам және өңір тұрғындары қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Ұлытау облысы ТЖД бастығы полковник Есен Байыров бұл жаңартудың ҚР Төтенше жағдайлар министрі, генерал-майор Шыңғыс Әріновтың тікелей қолдауының нәтижесі екенін атап өтті.
Оның айтуынша, қазіргі таңда республика бойынша қалалық және ауылдық бөлімшелер үшін бірыңғай жарақтандыру және дайындық стандарттары енгізіліп жатыр.
«Бұл – еліміздің қай түкпірінде орналасқанына қарамастан, барлық бөлімшелердің заманауи техникамен қамтамасыз етілуін және халықты қорғау бойынша өз міндеттерін толыққанды атқаруын қамтамасыз ететін маңызды қадам», деді ол.
Жаңадан берілген техника төтенше жағдайларға дер кезінде әрекет етуге, әсіресе шалғай ауылдарда жедел көмек көрсетуге зор мүмкіндік береді. Бұл өңірлердегі инфрақұрылым мен қызмет сапасын теңестіруге бағытталған нақты іс-шараларының бірі.
Салтанатты рәсім барысында қызметтік міндетін адал атқарған, кәсібилігімен және ерлігімен ерекшеленген қызметкерлерге ҚР ТЖМ, облыс әкімдігі мен облыстық мәслихаттың атынан құрмет грамоталары мен алғыс хаттар табыс етілді.
Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков құттықтау сөзінде азаматтық қорғау қызметінің әлеуетін арттыру тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің басты тетігі екенін атап өтті. Ол төтенше жағдайлар қызметкерлеріне табыс пен жаңа кәсіби жетістіктер тіледі.