• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Шахмат Кеше

Шахмат үздіктері марапатталды

20 рет
көрсетілді

Астанада KazChess Awards 2026 ұлттық сыйлығын табыстау рәсімі өтті. Бұл тек жылдың үздіктерін марапаттау рәсімі ғана емес,  жұмыстың нәтижесі сараланатын шара. Шахматшыларымыз 2023 жылы халықаралық жарыстарда 126 медаль, 2024 жылы – 160, ал 2025 жылы 162 медаль жеңіп алды, деп жазады Egemen.kz.

Кейінгі үш жылда халықаралық турнирлерде жүздеген медаль жеңіп алған таланттарымыз командалық әлем чемпионатында топ жарды. Жасөспірімдер санатында жаһандық додаларда олжа бұйырды. Балалар мен жасөспірімдер ұлттық шахматтың басты қозғаушы күшіне айналды.

Жас шахматшылар әлем чемпионатында көш бастады

Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов KazChess Awards шахматты дамыту жолында орасан еңбек етіп жүрген жандардың жұмысына берілер лайықты марапат екенін атап өтті.

«Біз мұнда тек жаңалық алмасу үшін емес,  шахматты алға жылжытып жүрген адамдарды марапаттау үшін жиналамыз. Олар – спортшылар мен бапкерлерден бастап, төрешілерге, менеджерлерге және өңірлердегі балаларға шахмат үйретіп жүрген педагогтерге дейінгі мамандар. Әрқайсының өз міндеті, өз жауапкершілігі, өз сынағы бар. Бірақ барлығымыздың мақсатымыз ортақ – Қазақстанды шахматта да, одан тыс салаларда да күшейту», деді Т. Турлов.

Чемпиондардың қалай қалыптасатынын түсіну үшін екі бағытты нақты ажыратып қарау қажет – спорттық және білім беру бағыты. Бұлар мақсаттары да, аудиториясы да әртүрлі салалар, алайда бір-бірін өзара толықтырып, күшейтіп отырады.

Бірінші бағыт – 16 жасқа дейінгі спортшыларға арналған Жас таланттарды қолдау бағдарламасы. Бұл – гранттар, оқу-жаттығу жиындары, халықаралық турнирлерге қатысу және бапкерлермен жүйелі жұмысты күшейтеді. Болашақ гроссмейстерлер мен чемпиондар дәл осы ортада қалыптасады. 2024 жылы ұлттық құрама сапындағы 18 спортшыға 454 миллион теңге көлемінде қолдау көрсетілсе, 2025 жылы 21 спортшыға 425 миллион теңге бөлінді. Нәтиже де қуантарлық. Бибісара Асаубаева – блиц шахматынан үш дүркін әлем чемпионы атанды. Әйелдер құрамасы 2024 жылы Будапештте өткен Олимпиадада күміс жүлдеге ие болып, Қазақстан тарихындағы тұңғыш осындай нәтижеге қол жеткізді. Қазыбек Нөгербек – U20 санатында  әлем чемпионы атағын алды. Алиша Бисалиева бірнеше жас санатында әлем чемпионы атанды. Эдгар Мамедов пен Марк Смирнов 2025 жылы жастар арасындағы әлем чемпиондары болды. Федерацияның қолдауымен 5 жаңа гроссмейстер мен 15 халықаралық шебер шықты.

Екінші бағыт – «Білім берудегі шахмат» бағдарламасы. Оны спорттық дайындықпен шатастырмаған жөн. Мұндағы мақсат мүлде басқа: чемпион тәрбиелеу емес, елдегі әрбір балаға шахматты ойлау қабілетін дамытатын құрал ретінде қолжетімді ету.

Мемлекеттің 2023-2027 жылдарға арналған Шахматты дамытудың кешенді жоспары бойынша 1400 мектепті қамту межесі мерзімінен бұрын орындалды. Бүгінде бағдарламаға елдің барлық өңірінен 1500-ден астам мектеп пен 60 000-нан астам бала қатысуда. 2800 бастауыш сынып мұғалімі арнайы оқытудан өтті. 2025-2026 оқу жылында бес педагогикалық жоғары оқу орнының 204 студенті арнайы Minor бағдарламасы бойынша білім ала бастады. Университеттермен 14 меморандумға қол қойылды. Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп алты студенттік турнир ұйымдастырылды.

Кеш барысында ерекше эмоцияға толы сәттер аз болған жоқ. Сегіз жастағы Алиша Бисалиеваға тұңғыш ғарышкер, Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіров «Жыл үміті» арнайы сыйлығымен марапаттады. «Жыл юниорлары» номинациясын бокстан Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев пен Қазақстан гимнастика федерациясының президенті Әлия Юсупова Эдгар Мамедов пен Елназ Қалиахметке табыстады. «Ерекше спортшылар» санаты бойынша бірден үш номинация ұсынылды. Көру қабілеті бойынша шектеуі бар Ерлан Нұрхаев және қозғалыс мүмкіндігі шектеулі Айғаным Камбарова, есту қаблітетіне зақым келген Нина Жуковская үздік деп танылды. Айғаным 2025 жылы мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған II шахмат Олимпиадасында алтын медаль жеңіп алып, Азия чемпионатының да жеңімпазы атанды.

Қазақстан шахматының жаңа жұлдыздары: Сауат пен Зарина ел біріншілігінде үздік атанды

«Үздік ардагер» аталымы Марат Примбетов, Инна Матвеева-Попрукайло берілсе,  «ҚШФ-ның үздік филиалы» номинациясы Қазақстан шахмат федерациясының Алматы қалалық филиалына бұйырды.   «Үздік жас төреші» – Ақжан Шопанов, «Жылдың шахмат амбассадоры» – Әлия Әшім және Данил Ли, «Медиа саласындағы жылдың серіктесі» –Евуразия бірінші арнасының тілшісі  Альмира Кульмухамедова, «Білім берудегі шахмат» бағдарламасының үздік функционері – Айтимова Гүлнұр Ерсайынқызы, «Білім берудегі шахмат» бағдарламасының үздік жоғары оқу орны – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті, «Білім берудегі шахмат» бағдарламасының үздік мұғалімі» – Меруерт Темирова (Астана) және Саркытбекова Орынтай (Семей), «Жыл командасы» (Олжас Сүлейменов атындағы сыйлық) – KazChess командасы, рапид және блиц бойынша командалық әлем чемпионатының жеңімпаздары: Дармен Садвакасов, Алдияр Ансат, Меруерт Камалиденова, Елназ Қалиахмет, Ислам Айтен; команда капитаны – Гүлмира Дәулетова, «Жыл үміті» (Тоқтар Әубәкіров атындағы сыйлық) – Алиша Бисалиева, «Жыл қызметкері» – Раушан Құлахметова, «Жылдың үздік спортшысы» (Анатолий Уфимцев атындағы сыйлық, әйелдер арасында) – Бибісара Асаубаева, «Жылдың үздік спортшысы» (Анатолий Уфимцев атындағы сыйлық, ерлер арасында) – Алдияр Аңсатқа берілді.

Соңғы жаңалықтар