2025 жылдың басынан бастап Астана мен Алматы қалаларында ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға инватакси қызметін көрсету бойынша пилоттық жоба іске қосылды. Бұл бастама ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ұсынысымен жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.
Аталған жоба шеңберінде жыл басынан бері елорда мен Алматыда инватакси қызметі 138,1 мың рет көрсетілген. Ал 2024 жылдың қорытындысы бойынша республика көлемінде мүгедектігі бар жандарға бұл қызмет 207,2 мың рет ұсынылған.
Министрліктің хабарлауынша, Инватакси қызметінің жылдамдығы мен сапасын арттыру мақсатында жергілікті әкімдіктермен бірлесіп, қызмет көрсету тетігіне бірқатар өзгеріс енгізу туралы шешім қабылдаған. Бұрын азаматтар сапарға бір күн бұрын телефон арқылы жазылып, көлік құралдарының жетіспеушілігіне байланысты ұзақ күтуге мәжбүр болатын. Бұл факторлар ерекше қажеттілігі бар адамдар үшін қолайсыздық туғызатын.
«Осы мәселелерді шешу және қызметті жеңілдету үшін Еңбекмині инватакси қызметіне такси агрегаторларын тарту жөніндегі пилоттық жобаны қолға алды. Бұл жобаның басты шарты – такси агрегаторлары тарапынан сапар ақысынан комиссиялық пайыз алмау. Бұл талапты қолдаған Яндекс компаниясы пилоттық жобаға өтеусіз негізде қатысуға ниет білдірді», делінген хабарламада.
Нәтижесінде, азаматтар енді Яндекс Go мобильді қосымшасы арқылы Инватакси қызметін қолдана алады. Қосымша арқылы көлікті жедел таңдап, тапсырыстың мәртебесін онлайн бақылап, сапарлар бойынша толық мониторинг жүргізуге мүмкіндік бар. Сонымен қатар, қосымшада арнайы мүмкіндіктер экраны іске қосылған. Ол арқылы мүгедектігі бар азаматтар сапар барысында жүргізушіге өздерінің ерекше қажеттіліктері жайлы ескерте алады. Ал жүргізушілерге жолаушыны көлікке отырғызу және түсіру кезінде көмек көрсетуге арналған арнайы нұсқаулықтар берілген.
Айта кетейік, биыл Астана мен Алматы қалаларында жоба пилоттық режимде жүзеге асып жатыр. Бұл жұмысқа ерекше қажеттіліктері бар азаматтар қатарынан құрылған фокус-топтар да белсенді атсалысуда. Алдағы уақытта жобаны еліміздің өзге өңірлеріне де кезең-кезеңімен енгізу жоспарланып отыр.