Екінші дүниежүзілік соғыста өшпес ерлік жасаған от жүректі ақын Абдолла Жұмағалиевтің туғанына 110 жыл толуына орай Батыс Қазақстан облысының Сырым ауданында ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Конференцияға облыстың барлық ауданынан 65 мақала-баяндама ұсынылса, 31 ұстаз-ғалым жиынға қатысуға арнайы келген екен. Одан бөлек, конференцияға Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Ғайсағали Сейтақ, балалар жазушысы Бауыржан Ғұбайдуллин, ақындар Махмет Қажиахметов, Сағынтай Бисенғалиев, Дариға Нұрашева, ақын-жұбантанушы Үзілдік Елеубаева, өлкетанушы, музей ардагері Нұржан Төлепов, жымпитылық қаламгер, бүгінде Жазушылар одағының Ақтөбе облыстық филиалы жетекшісі Бауыржан Құрманқұлов секілді белгілі тұлғалар қатысты.
Бұл күні Сырым ауданы орталығы Жымпиты ауылының орталық бағында Абдолла аллеясы ашылып, жас көшеттер егілді.
Аудандық мәдениет үйінде ашылған «Жеңісті жақындатқандар және ескерілмеген ерліктер» атты облыстық ғылыми-тәжірибелік конференцияда ақын әрі батыр Абдолла Жұмағалиевтің өмірі туралы түрлі дерек айтылды. Сол кездегі Қажым Жұмалиев басқарған әдебиет үйірмесінің белсенді мүшесі, оқу үздігі бола тұра 1935 жылы байшыл-ұлтшыл «Сұрпақбайлар» тобының мүшесі ретінде Абдолланың оқудан шығарылғаны, осы топтың алты мүшесі «халық жауы» ретінде түрлі мерзімге сотталғаны хабарланды.
Жақында аудан әкімінің қолдауымен «Жымпиты - Мәскеу: Абдолла ізімен!» атты тарихи-танымдық экспедиция ұйымдастырылып, бір топ өлкетанушы, музей қызметкері Мәскеу түбіне, ақынның соңғы шайқасы өткен жерге барып қайтқан болатын. Осы топтың мүшесі, «Үздік өлкетанушы» Нұржан Төлепов Волоколамскілік іздеуші Сергей Бобиновтің көмегімен Абдолла Жұмағалиев өртеніп кеткен үйдің орны анықталғанын айтты. Осы сапардың нәтижесінде Волоколамскідегі музейге Абдолланың өмірбаяны мен суреті қойылатын болды. Бұған қоса Ресей Қорғаныс министрлігінің Подольскідегі орталық архивіне сұрау салынған. «Тың дерек табылып қала ма деп үмітіміз бар» дейді осы экспедицияның жетекшісі, Сырым Датұлы атындағы өлкетану музейінің меңгерушісі Айнагүл Ойшыбай.
Конференция барысында барлық аудан мектептерінен келген тарихшы мұғалімдер ақын өмірі мен шығармашылығы жайында зерттеу баяндамаларын ортаға салды. Соғыс шежіресі, архив деректері, Абдолланың әдеби мұрасы терең талданған бұл жұмыстар топтастырылып, кітап болып жарық көретіні айтылды. Сырым ауданы әкімінің орынбасары Серік Тоқмамбетов конференцияға белсене қатысқан тұлғаларға арнайы сертификат табыс етті.
Абдолла Жұмағалиевке арналған шаралар шоғыры сырымдық ақын, драматург Бауыржан Ширмединұлының қаламынан шыққан «Күлден шыққан гүл» атты поэтикалық трагедиясымен қорытыланды. Қойылымды көруге халық көп жиналды. Абдолла рөлін сомдаған жас актер, Сырым ауданының тумасы Абылай Максимнің өнері көрермен көңілінен шықты. Шығармада ақынның достары Қасым Аманжолов, Қалижан Бекхожин, батыр қыз Мәншүк Мәметова бейнелері шынайы бейнеленген. Қойылымды аудандық халық театрының таланттарымен бірге Орал қаласынан Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының артистері де сахнада әдемі сомдап шықты. Аудан әкімінің орынбасары Серік Тоқмамбетов жаңа қойылымды Сырым ауданының барлық он екі ауылдық округінде және өзге аудандарда, тіпті Қарағанды қаласында көрермендермен қауыштыруды жоспарлап отырғанын хабарлады.