«Ұлы тұлғалар» ғылыми-ғұмырнамалық сериясымен жарық көрген «Бауыржан Момышұлы» жинағында ерлігі елге аңыз болған батырдың Қызыл Армия қатарына алынып взвод, рота командирі, полк штабы басшысының көмекшісі, Қазақ әскери комиссариаты нұсқаушысы қызметтерін атқарып ысылғанын баяндайды. Ал Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда қолбасшы Бауыржан сол жиған тәжірибесіне сүйеніп 316 атқыштар дивизиясының (кейінірек Панфилов атындағы 8 гвардиялык дивизия) жасақталуына белсене атсалысып, осы бөлім құрамында батальон, полк командирі, кейін дивизия командирі ретінде Мәскеу тубінде, Калинин майданында ерлігімен даңқы шығады. Батыр бабамыз соғыстан кейін де он жылдай әскери қызметте болып, Ворошилов атындағы академияны, Кеңес Армиясы Бас Штабының жанындағы Жоғары әскери академияны аяқтап, осы әскери оқу орындарында генералдарға сабақ беріп, ұстаздық етеді.
Бар ғұмырын Отанға арнаған батырға ресми «Халық қаһарманы» атағы берілмеген. Көзі тірісінде «Кеңес Одағының Батыры» даңқы бұйырмаған. Бұл атақ 1990 жылдың 12 желтоқсанында Бауыржан Момышұлы дүние салғаннан кейін 8 жылдан кейін ғана беріледі.
«Халық қаһарманы» атағы Тәуелсіз еліміздің жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі. Осы ерекшелік белгісінің сипаттамасында:
«Халық қаһарманы» атағы Қазақстан Республикасына сiңiрген аса үздiк еңбегi, оның бостандығы мен тәуелсiздiгi жолындағы жауынгерлiк ерлiктерi үшiн берiледi», деп түсіндіріледі. Сипаттамаға толық сай болмыс иесіне қатысты осы жайт жиі-жиі сөз болғанмен, оң шешім әлі де шықпаған. Бұл мәселемен батырдың ұрпақтары да бетпе- бет келіп жүр. Батырдың келіні Зейнеп Ахметова тұңғыш Президенттің «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабында Бауыржан Момышұлына осы атақтың берілгені туралы айтылғанда отбасы атынан жауапты органдарға сауал жолданғанын «Жас Алаш» газетінде жарияланған материалда егжей-тегжейлі тарқатады.
«2018 жылдың ақпан айында отбасымызға қадірлі бір кісі хабарласты. Аман-саулықтан соң: «Сендер ылғи Бәукеңді Халық қаһарманы атағын алған жоқ деуші едіңдер, ал елбасының «Тәуелсіздік дәуірі» деген кітабында Бәукең бұл атақпен марапатталғандардың басын бастап тұр ғой», деді. Таңырқаған отбасы анық-қанығын білмекке түсіндерме хат сұратады. Сауалға сол кездегі Мәдениет және спорт министрлігі былай жауап береді:
«Құрметті Ержан Бахытжанұлы!
…Бауыржан Момышұлының ел тарихында ерліктің ерен үлгісін көрсеткен даңқты тұлға ретінде алар орны ерекше. Бұл тұрғыда Б.Момышұлына мемлекет және жұртшылық тарапынан бірқатар марапаттар мен атақтар берілген. Елбасының 2017 жылы шыққан «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабында еліміздің жаңа тарихы, егемен мемлекетіміздің негізі қаланған күннен бастап, оның қалыптасу кезеңдерінің ерекшеліктері мен тәуелсіздік дәуіріндегі ішкі және сыртқы сын-қатерлерді еңсеруге байланысты қабылданған шешімдердің мән-мазмұны мен тетіктері егжей-тегжейлі жазылған. Аталған кітапта Қазақстан Республикасы алдындағы көрнекті еңбегі, оның тәуелсіздігі мен азаттығы жолында өшпес ерлік көрсеткені үшін марапатталған тұлғалар туралы да кең түрде баяндалған. Осы орайда халық арасында Бауыржан Момышұлы елдің батыры, халық қаһарманы деп аталып кеткендіктен, кітапта жазылған аталған марапат даңқты тұлғаның ресми емес жалпы тарихи болмысын жан-жақты айшықтау үшін көрсетілген деп санаймыз», деген жауап келеді.
Иә, жауапта тайға таңба басқандай баяндалған - ресми емес. Тұңғыш Президент кітабында нақты берілгені айтылған. Қате деректерді ақиқатқа айналдыру үшін «Халық қаһарманы» атағын беру сұралғанда, Момышұлына «Кеңес Одағының Батыры» атағы берілгені алға тартылған.
Асылында халқы қаһарман деп білгеннен болар тұлғаның атымен «Халық қаһарманы» тіркесі қоса айтылады. Бұл - қарапайым жұртшылықтың батырға деген құрметінен туған ізгі ойы. Десе де ресми дәйегі жоқ - «Халық қаһарманы» атағын мемлекет тарапынан беру болашаққа қағаз болып жететін тарих үшін, ұрпақ үшін маңызды мәнде қала бермек.