Жеңістің 80 жылдығы және Кеңес Одағының батыры Бауыржан Момышұлының 115 жылдығына орай «Астана Арена» стадионында батырдың алып портреті жасалды, деп хабарлайды Egemen.kz.
2 736 шаршы метр болатын туынды «Әлемдегі ең үлкен портрет» ретінде Дүниежүзілік рекордтар кітабына енгізілді.
Іс-шараны ұйымдастырған Астана әкімдігінің Мәдениет басқармасы өкілдерінің айтуынша портретті жасауға елорданың шығармашылық ұжымдары, педагогтер мен оқушылар қатысқан. Биіктігі 70 метр, ені 32 метр болатын портрет фотомозайка форматында құрастырылған және әрбір пиксельдің өлшемі 1 шаршы метрді құраған. Оны дайындауға 700 келі ақ бояу мен 320 келі қара бояу жұмсалған.
Қытай және Үндістаннан арнайы шақырылған өкілдермен бірге рекордты тіркеу жасалып, ұйымдастырушыларға сертификат пен медаль табыс етілген.