Бүгін Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтында алғаш рет Қытай Халық Республикасындағы Бейжің университетінің №1 ауруханасымен бірлесіп, Sagebot SR–2000 роботтандырылған хирургиялық жүйесі арқылы Қазақстанда бұрын-соңды болмаған қашықтан операция сәтті жүргізілді.
Шамамен екі сағатқа созылған операция барысында бүйректің органды сақтап қалатын парциалды резекциясы жасалды. Бұл — қатерлі ісікті алып тастай отырып, ағзаның қызметін сақтап қалуға және отадан кейінгі асқыну қаупін азайтуға бағытталған ота.
Операцияны доктор Ли Сюэ Сун (M.D., Ph.D.) Пекин қаласынан қашықтан басқарды. Ол заманауи телекоммуникациялық технологияларды пайдалана отырып, хирургиялық процесті толық бақылауда ұстады. Ал Алматыда орналасқан ҚазОжРҒЗИ-дің хирургі, PhD Хусан Талипбаевич Умурзаков отаның орындалуын қадағалады.
Роботтандырылған хирургия — урология, гинекология және жалпы хирургия салаларында кеңінен қолданылатын заманауи және тиімді әдістердің бірі. Бұл тәсіл лапароскопияның аз инвазивтілігі мен тіндерге минималды зақым келтіру артықшылықтарын жоғары дәлдік, 3D визуализация және интеллектуалды басқару жүйелерімен ұштастырады. Нәтижесінде науқастың оңалу мерзімі қысқарып, ауруханада жату уақыты азаяды, асқыну қаупі төмендейді.
Алдағы айларда осы жүйе арқылы 50 жоғары технологиялы операция жасау жоспарланып отыр. Олар урология, гинекология және абдоминалды хирургия салаларын қамтиды.
Бүгінгі таңда Қытай мен Түркияның жетекші онкологиялық орталықтарымен жасалған келісімдер аясында ісіктерді емдеудің инновациялық әдістерін, оның ішінде роботтандырылған хирургияны қолданатын бірлескен жобалар іске асырылмақ.