Германияның ең ірі компаниялары нацистік режімді қолдағаны үшін жауапкершілік алатындарын мәлімдеді.
Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 80 жыл толуына орай, «Bayer», «Bosch», «Volkswagen», «Lufthansa» және тағы басқа шамамен 50 жетекші неміс корпорациясы ортақ мәлімдемеге қол қойып, 1933 жылы ұлттық-социалистердің билікке келуінде бизнестің маңызды рөл атқарғанын мойындады. Бұл туралы «Frankfurter Allgemeine Zeitung» басылымы хабарлады.
Құжатта 1933 жылы ұлттық-социалистік қозғалыстың билікке келуі – сол уақыттағы саяси, әскери, сот және экономикалық құрылымдардағы жауапты тұлғалардың қателіктері мен әрекетсіздігінің салдары екені жазылған. Сонымен қатар өз мүддесін көздеген көптеген компания бұл жүйенің қалыптасуына тікелей не жанама түрде қолдау көрсеткені де аталып өтеді.
«Бүгінде біз – Германияның заманауи компаниялары – өткеннің ауыр сабақтарынан нәтиже шығарып, нацистік дәуірдің қылмыстарын ұмытпауға және тарихи әділетті сақтау жолында жауапкершілік алуға дайынбыз. Біз адам құқықтары мен демократиялық құндылықтарды қорғау жолында бірлесіп әрекет етеміз», делінген ашық хатта.
Бұл мәлімдемеге қол қойғандар қатарында «Adidas», «Hugo Boss», «Rhein-metall», «REWE», «Allianz», «Commerzbank», «Daimler Truck», «Deutsche Börse», «Deutsche Telekom», «Deutsche Bank», «E.ON», «Henkel», «Bayer», «Bosch», «Deutsche Bahn», «BMW», «DHL», «Mercedes-Benz», «Lufthansa», «Volkswagen» және тағы басқа ірі корпорациялар бар.
Нацистік диктатура кезінде көптеген ірі неміс компаниялары Үшінші рейх басшылығымен ашық әріптестік орнатып, оңтайлы әскери келісімшарттар жасаған. Кейін соғыс аяқталған соң, кей неміс кәсіпкерлері нацистік режімге қолдау көрсетіп, құлдық еңбек күшін пайдаланғаны, Рейхтің әскери қуатын нығайтуға үлес қосқаны және әскери қылмыстарға қатысқаны үшін трибуналда жауап берген еді.