Алматы облысында Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған халықаралық «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі салтанатты түрде басталды. Таңғы шапақпен бірге Бақанас бағытындағы кең далада Ұлы даланың рухын, ұрпақтар сабақтастығы мен ұлттық бірегейлікті дәріптейтін ауқымды этноспорттық шара өз жалауын көтерді.
Ашылу рәсімі тақырыптық көрмені аралаудан және қатысушы командалардың салтанатты шеруінен басталды. Мемлекеттік Гимн орындалып, қатысушылар Ұлы Отан соғысында қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Ерекше рухани әсер қалдырған сәт – Қазақстанның халық әртісі Досхан Жолжақсыновтың берген батасы болды.
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев өз құттықтау сөзінде марафонның мән-маңызын атап өтті:
«Ұлы дала жорығы – бұл жай ғана спорттық жарыс емес. Бұл – ұрпақтар арасындағы рухани сабақтастықты жалғап, тарихи жадымыз бен ұлттық рухты жаңғыртатын маңызды алаң. Біз осы марафон арқылы ата-бабаларымыздың бай мәдениетін дәріптеп, өңіраралық және халықаралық ынтымақтастықты нығайтамыз».
«Amanat» партиясының атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек жобаның Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамаларына сай келетінін атап өтті:
«Ұлттық спорт түрлері мен мәдени мұраны дамыту – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. “Ұлы дала жорығы” – қазақ өркениетінің байлығы мен қонақжай дәстүрін әлемге паш ететін бірегей жоба».
Сенатор, «JORYQ» федерациясының құрметті президенті Дархан Қыдырәлі жобаның терең тарихи маңызын айрықша атап өтті:
«Ұлы дала жорығы – бұл жай ғана бәйге емес, ата-бабалар жүріп өткен жолмен қайта сапар шегетін тарихи экспедиция. Бұл – көшпелі өркениеттің рухын сезіну, уақыттар арасындағы байланысты нығайту және ұлттық мұраны келер ұрпаққа аманаттау».
«JORYQ» федерациясының президенті Бақытжан Тұрлыбеков қатысушыларға сәттілік тіледі.
Биылғы марафонға 19 команда қатысуда: оның 13-і – Қазақстан өңірлерінен, ал 6 команда шетелдерден келген. Олар – Оңтүстік Африка Республикасы, Венгрия, Иран, Қырғызстан және Татарстан (РФ). Қатысушыларға бес күн ішінде 500 шақырымдық дала жолын еңсеру міндеті тұр.