Ауғанстанда билікке келген «Талибан» қозғалысы шахмат ойынына ресми түрде тыйым салды, деп хабарлайды Egemen.kz Бұл туралы AFP агенттігіне сілтеме жасап.
Тәліптердің Спорт департаментінің өкілі Атала Машвани шахматты «құмар ойындардың қатарына жататын» әрекет ретінде сипаттап, оған тыйым салу шешімі 2024 жылы қабылданған «Ізгілікті насихаттау және бұзақылықтың алдын алу туралы» заң аясында жүзеге асқанын мәлімдеді.
«Шахмат – уақытты зая кетіреді, адамдарды алдайды және құмар ойынға ұқсас. Сол себепті бұл ойынға тыйым салынады», делінген билік өкілдерінің түсініктемесінде.
Бұл шешім Ауғанстанда соңғы жылдары енгізілген шектеулер легінің жалғасы. Бұған дейін тәліптер музыка тыңдау, кино көру, әйелдердің білім алуы мен қоғамдық өмірге қатысуына тыйым салған болатын.
Халықаралық қауымдастық аталған шектеулерді адамның негізгі құқықтарына қол сұғу деп бағалап отыр. Ал шахмат ойыны бүкіл әлемде зияткерлік спорт түрі ретінде мойындалған. Тіпті кейбір мұсылман елдерінде оны ақыл-ой жаттығуы, стратегиялық ойлау қабілетін дамытатын құрал ретінде дәріптейді.