• RUB:
    6.33
  • USD:
    513.74
  • EUR:
    569.17
Басты сайтқа өту
Өндіріс Бүгін, 08:55

Ел ырысын еселеген еңбек ұжымы

10 рет
көрсетілді

«Бурабай» вагон жөндеу депосы» 1935 жылдан бері жұмыс істейді. Әуелде жүк ва­­гон­­дарын жөндеген. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде же­­ңіс­­ті жақындатуға қомақты үлес қосыпты. Қазір бір жылда 2 400 вагонды күрделі жөндеуден өткізетін қуатқа ие.

Жалпы, кәсіпорын елдегі бірегей қызмет көрсететін орын екенін тыңғылықты ісімен және мінсіз сапасымен дәлелдеп келеді. Кәсіпорын жүк және тоңазытқыш вагондарға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізумен айналысады. Материалдық-техникалық базасы заман талабына толық жауап береді. Бір­неше цех компьютерлік техника, диагностикалық құрылғылармен қамтамасыз етілген. Жөндеу базасында вагондардың ақауын анықтау, тетіктерін жаңарту үшін алдымен диагностикадан өткізіп, анықтап алады. Одан соң вагон құрастыру цехында тежегіш, вагон қабырғалары мен біліктер, қақпағы жөнделеді.

 

Еңбек – ауыр, еңбекақы – жоғары

– Механикалық цехта вагондарды жөндеуге қажетті қосалқы бөлшектер дайындалады, – дейді серіктестіктің бас инженері Дархан Балтабай, – біздегі станоктардың дені Ресейден әкелінген. Әрине, ондай құрылғылар Қытайда да бар. Бұл арада айта кететін бір жай – Қытайдан жеткізілген құрылғылар істен шықса, мамандарды шақыру ұзақ уақыт алады. Ал өндіріс қарап тұрмауға тиісті. Тапсырыс алғаннан кейін уақытында аяқтауға жауаптымыз.

Бір жақсысы, мамандар жеткі­лікті. Ор­та­ша айлық 400 мың теңге көлемінде.

– Цехта жұмыс біршама ауыр, есесіне табыс көп. Цехтың іші айнадай жарқырап тұр. Қыста жылы, жазда салқын. Еңбек қауіпсіздігіне ерекше мән беріледі, – дейді цехтың аға шебері Юрий Агафонов, – тоқсан жылдық тарихы бар кәсіпорында өзіндік еңбек дәстүрі қалыптасқан. Аға буын жұмысқа ынталы жастарды баулып, бар білгенін үйретіп, қатарға қосуға тырысады. Жас талапкерлер алдындағы үлгі болар озаттар қатарына қосылуға талпынады.

 

Әке жолын жалғаған ұлан

Бесінші разрядты слесарь Бақыт­жан Өміртаев озаттар қатарында. Әкесі де осы депода жұмыс істепті.

– Жоғары оқу орнының заң факультетін бітіргеніммен, әке жолын жалғастырғым келді. Кәсіпорын басшылары әлеуметтік-тұрмыстық жағдайымызға қарасып тұрады. Еңбекақы жеткілікті. Кәсіпорынның асханасы, медициналық пункті, спорт залы көңілден шығады. Жұмыс киімдерін жуатын орын да бар.

Ұста-шаруашылық цехында негізінен вагонның еденіне қажетті жабдықтар дайындалады екен. Жабық вагондарды қаптайтын тақ­тайшалар да сүргіленіп жатыр. Цех кәсіпорынның өзге де қа­жеттілігіне орай ағаш бұйымдарды оймақтай етіп өңдеп шығарады.

 

Мекеме мерзімге мән береді...

Кәсіпорынның бас инженері Дархан Игілікұлының айтуынша, депода жөнделген вагондар бірден жол бойына шығып кетпейді, мұқият сынақтан өткізіледі. Та­лап өте күшті. 2005 жылы депо халықаралық және мемлекеттік стандарттарға сай келетін жұмыс жүйесі үшін халықаралық сер­тификатқа ие болыпты. Бүгінде серіктестікте 323 адам жұмыс істейді. Ұжымда жастар көп. Се­ріктестіктің бас директоры Жеңіс Мұхаммедғалиев кәсіпорындағы жұмысшылардың кәсіби шеберлігін арттыруға ерекше мән береді. Жыл сайын озат жұмысшыларды ынталандыру дәстүрге айналған. «Құр­метті теміржолшы» белгісімен ма­рапатталғандар да аз емес.

Сапаға қол жеткізгендіктен де бәсекелестік сынына төтеп беріп, береке үйіріліп тұр-ау.

 

Ақмола облысы