Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, саяси ғылымдар докторы, профессор Қуаныш Сұлтанов 80-нің сеңгіріне шықты. Таяуда ол кісінің «Қазақтың Қонаевы» атты эссе-кітабын халық жылы қабылдады. Қалың оқырманның сұрауы бойынша аталған еңбектен үзінді ұсынып отырмыз.
Жылдар өтіп, есейген сайын адам өз өмірін ой елегінен өткізіп, алды-артын сабырмен саралап, мынау жарық дүниенің қадірін біле түскенін сезінері хақ. Әрине, алдымен ойландыратын – адамдар, адамның адаммен қарымқатынасы. Ата-анаң, отбасың, одан кейін бала кезіңнен қандай ортада өстің, кіммен дос, жолдас болдың, қандай ұстаздардан тәлім алып, еңбекке араласқанда кімдермен тіл табысып, кімдермен түсінісе алмай, кімнен қандай қолдау, шапағат көрдің – осының бәрі көз алдыңда, көкірек сарайыңда.
Ойтолғауыңда, санаң мен жүрегіңде нұрланып тұратын тұлғалар болуы ерекше байлығың, асыл қазынаң екенін де түсінесің.
Ел басқару ісі де – ерекше өнерді, білімді, төзімді, қайратжігерді, даналықты, бай мінезді, қабілетті, әділеттілікті, адалдықты, ар-намысты талап ететін танылуы күрделі әлем. Нақты тұлға туралы ой қозғағанда, алдымен оның атқарған іс-әрекеті немесе халық сұранысы мен тұрмысына сай атқарылған шаралар сарапталады. Кез келген басшының қызметіне, еңбегіне пікір айтып, баға беруде әлдекімдердің жаңсақ, ұшқары сөзіне ілесе кеткеннен гөрі істің анық-қанығына көз жеткізіп, әділіне жүгінген абзал.
ХХ ғасырдың алпыс жылдан астам бөлігі Бірінші дүниежүзілік соғыс, төңкеріс, дүрбелең, үркіншілік, тап күресі, азамат соғысы, ашаршылық, ұжымдастыру, кәмпеске, тағы да ашаршылық, саяси қуғын-сүргін, екінші дүниежүзілік соғыс, оның зардаптарын еңсеру, тың көтеру, идеологиялық «қырғиқабақ соғыс», текетірестер сияқты аласапыран қасіретке толы кезеңдерде билік басына Дінмұхамед Қонаевтай білімді, парасатты, ұстамды, әділ, адал, өндірісте, ғылымда, басқару ісінде тәжірибесі мол, сабырлы, ұлтжанды, отаншыл тұлғаның келуі – елді дағдарыстан шығарудың айшықты белгісіндей болып еді. Елу жылға жуық республикамыздың басшылығында лауазымды қызметтер атқарған Дінмұхамед Ахметұлының елдің өркендеуіне, халқымыздың өсіп-өнуіне қосқан үлесі өлшеусіз. Оның бәрі республика тарихы мен шежіресінде сақталған. Қысқаша ғана кейбір мәліметке ой жүгіртсек те жеткілікті. Қазақстан әлеуметтікэкономикалық жағдайы жөнінен бұрынғы одақ көлемінде 15 республика ішінде Ресей, Украинадан кейінгі үшінші орынға көтеріліп, нық орнықты. Өнеркәсіп дамыды. Қырықтан астам жаңа қалалар салынып, жүзге жуық ірі кәсіпорындарда сан алуан мамандар еңбек етіп, халықтың тұрмыс деңгейі көтерілді. Ғылымның дамуына айрықша мән беріліп, көпсалалы ғылыми зерттеу институттар, Қарағандыда екінші университет, республика Ғылым академиясының Орталық Қазақстандағы филиалы, облыс орталықтарында әр салада жоғары оқу орындары ашылды. Әрбір азаматтың орта білім алу құқығы іс жүзінде жүзеге асып, жаңа жоғары оқу орындары, 300-ден астам арнайы орта кәсіби оқу орындары нәтижелі жұмыс жасап, жыл сайын мыңдаған білікті мамандар жұмыс орындарын толықтырып жүрді. Барлық облыс орталықтарында кәсіби театрлар, филармония ұжымдары ашылып, полиграфиялық мекемелер жұмысқа қосылды. Жеті мыңнан астам ауылда алғашқы медициналық көмек қызметі жолға қойылды. 1978 жылы осы көрсеткіш бойынша Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Алматыда өткізген халықаралық конференциясына 140-тан астам мемлекеттің дәрігерлік делегациясы қатысты.
Республикамызда көптеген адам Димекеңнің басқаруымен қызметтес, әріптес болды. Одан да көп азамат осы тұлғаның шешімімен, келісімімен түрлі деңгейдегі жауапты қызметтерге өсіп, белгілі қоғам, мемлекет қайраткері деңгейіне көтерілді. Ол кісі ел аралап жүргенде батасын алып, шапағатын көрдім дейтін адамдар қаншама. Солардың әрқайсысының Димекең туралы өз сөзі, өз ойы болуы да заңды. Мен де кезінде Дінмұхамед Ахметұлының қолдауымен, қамқорлығымен 10 жылдай ең жауапты лауазымды, атап айтқанда, республика комсомолы орталық комитетінің бірінші хатшысы, Қазақстан компартиясы орталық комитетінің мәдениет, ұйымдастыру партия жұмысы сияқты екі үлкен бөлімінің меңгерушісі қызметін атқардым. Сол жылдары өткен мектебім мен мемлекет ісіне жауапкершілігім, тәжірибем өмірлік ұстанымым болды әрі одан кейінгі жылдарда да мемлекет ісіне адалдықпен еңбек етуге мол бағыт берді.
Мемлекеттік, партиялық жұмыстар – ең алдымен адамгершіліктің жұмысы болуы керектігін Димекеңдей ірі тұлғадан көрдім, үлгі еттім. Ол кісіні жақыннан біліп, түсіне алған көптеген азаматтың көкейінде жүрген, айтқан, айтам дегендердің сөзі де осы тектес екеніне сенімдімін.
Мемлекет басқарған, ел тағдырына қатысты шешім қабылдауға жауапты адам, әрине, періште емес. Пенде болған соң, әртүрлі қайшылықты, күрделі жағдайларда оның кейбір сөздері, пайымдары мен келіспеушіліктің болуы да – табиғи қалып. Сондай-ақ бірінші басшы шешім қабылдарда басқа лауазымды адамдардың ой-пікірлері, қоғамдағы ақпарат көздері де ықпал етпей қоймайтынын да ескерген жөн. Тіпті кейде ең дұрыс шешімдердің жүз пайыз елдің көңілінен шығуы да қиын. Одан бері де талай уақыт – қырық жылға жуық мерзім өтті. Заман өзгерді. Қоғам түледі. Әлем жаңарды. Ұрпақ ауысты. Әлі қандай ғаламдық, түбегейлі өзгерістер боларын кім болжай алған? Болған жайларды еске алып, олардың қайшылықтарынан, қателіктерінен сабақ алып, қорытынды шығара алсақ, болашағымыздың жақсаруына себі тиер.
Өткенді есте сақтау, ұмытпай еске алу – өткенді аңсау емес, алдымен өткеннен сабақ алу. Ол әр адамның өсу жолдары сияқты отбасының, қоғамның өсуі, өзгеруі – табиғи құбылыс. Өткен өміріміздің жақсысы да, жаманы да – біздің тарихымыз. Оның шындығын, әділін білу, жақсысын лайықты ескеріп, құрметтеп, жаманынан сабақ алу, қайталамау – әр ұрпақтың парызы. Біздің ұлтымыз үшін 74 жыл социализм дәуірінің әлеуметтік-тұрмыстық жетістігімен қатар, қасіреті мен қуғын-сүргіні, кәдімгі өмір салтымызда қасаңдығы мен тежеулері де қатар жүрді. Ұжымдастыру миллиондаған адамның аштықтан қырылып, билік күштерінің қоқанлоқысынан бас сауғалап, басқа елдерге жөңкіліп көшкендерін, бір жарым миллионға жуық тепсе темір үзетін ер азаматтарымыздың екінші дүниежүзілік соғыс майданына қатысып, жартысы құрбан болғанын, аналар мен балаларға орасан зор салмақ түскенін қалай ұмытпақпыз?
Ел ішінде жүріп, өз халқының қамын ойлаған білімділеріміздің бетке ұстар бөлігін «халық жауы» деп қаралап, қарапайым халық, қоғам арасында тәуелділік үрей орнату арқылы адамдардың бостандығын, құқын шектеу шаралары да – тарихымыздың қаралы беттері. Осындай қайшылықты жағдайларда шашылып қалмай, елдің бірлігі мен еңбегіне жұмылып, ұрпақтың, ұлтымыздың өсіп-өнуіне өлшеусіз қайраткерлік көрсете алған аталарымыз, әкелеріміз бен аналарымыздың жасампаздығын ешқашан жоққа шығара алмаймыз. Оларды есімізде сақтап, орасан еңбегін, ерлігін құрметтемесек, адамшылығымызға сын. Ондайды тарих та кешірмес. Тарихымыздың тұтастығына да нұқсан. Болашақ ұрпаққа да «ақты – ақ, қараны – қара, барды – бар, жоқты – жоқ» деп анығын айтып кету – парызымыз.
Дәл сол социализм дәуірінде біздің халқымыз жаппай орта білім иеленгені – тарихи шындық. Бүгінгі заманда да осы құндылығымыз Конституцияда бекітілген. Орта білім алу – тегін. Тәуелсіздікке қол жеткізіп, әлем елдерімен тереземіз тең дәрежеде дипломатиялық, сауда-экономикалық қарымқатынасымыз орнығып, әсіресе Еуропа елдері біздің кешегі, бүгінгі шындығымызды тани бастағанда Швециядан келген бір депутат Астана қаласында жастармен кездескен соң, олардың білімділігіне таңданып: «Қазақ қыздары бәрі мектепке бара ма?» деп сұрады. Мен оған: «Бұл мәселе бізде 100 жыл бұрын шешілген. Қазақстанда ұл, қыз деместен әрбір азамат тегін орта білім алуы – біздің ұлттық жетістігіміз. Мұндай құқық Конституциямызда жазылған. Сондай-ақ қазақ әйелдері, қыздары ерте заманнан бері ешқашан бетін бүркемеген. Білім, қоғам, мемлекет қайраткерлері болған әйел адамдар – тарихи мақтанышымыз», деп біраз мағлұмат бердім. Ол: «Біз шын мәнінде Қазақстанды білмейді екенбіз», деп сөзін түйіндеді.
Тоталитарлық биліктің үстемдігі дәуірінде елімізде жоғары және орта білім жүйесі, ғылым академиясы бәсекелес деңгейге көтерілді. Біздің ғылымымыз, ғалымдарымыз дүниежүзінде танылып, мойындалды. Опера және балет театры ұйымдастырылып, көпсалалы үлкен өнерімізге жол ашылды.
Тегін денсаулық жүйесі құрылып, саламатты өмір салты қалыптасты.
Мұнай, газ, электр энергиясы, көмір, темір, күміс, алтын шығару, өңдеу – жалпы өнеркәсіп дамып, бәсекелестік жағдайында ұлттық мамандарымыз өсіп, қалыптасты. Ұлт мамандары жеткілікті болды. Алайда жоғарыда айтқанымдай, әсіресе одақтық мекемелерде, кәсіпорындарда лауазымды басшылық қызметтерде қазақ ұлтының өкілдерін өсіру мәселесі үнемі күн тәртібінде, қазақтың көкейінде тұратын. Өйткені қандай да лауазымды басшылық қызметтерге кадр таңдауда міндетті түрде оның кәсіби лайықтылығымен қатар ұлты да ескерілетін.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруде бұрынғы одақтың алдыңғы орындарына шықтық. Еліміздің кең-байтақ жерінде автокөлік, темір жолдар салынып, жаңа жолдар да жобаланды.
Жүздеген, мыңдаған инженер мамандар Қазақстанның көпсалалы экономикасын көтеруге білек сыбана еңбек етіп, жаңа жақсылықтарға қол жеткізе алды. Олардың көпшілігі Одақ көлеміндегі бәсекелестікке лайық болды.
Тарихи дамуымыздың жетістіктері мен жоғарыдағыдай жақсы жағымды көрсеткіштерін саяси жүйенің залалдығынан жоққа шығарғанымыз өз ұлтымыздың өсуінен бас тартумен бір есеп.
Халқымыз ынтымақшыл, ұйымшыл болды. Яғни біз – бүгінгі ұрпақ та, келер ұрпақ та өз ұлтының тарихына, ұлттың өткен ғасырлар жолына салмақты сабырлылықпен қарауды үйренуіміз керек. Көп жағдайда өткен ғасырдың 20-30 жылдарында большевиктерден қалған жойымпаздық пен науқаншылдық көзқарастан, санадан арыла алмай келеміз. Қоғам дамуын әлі «ақтар», «қызылдар» деп қарама-қарсы қоюға бейімбіз. Билік ауыса ма, бітті – бұрынғы биліктің тұсында жасалған дүниені түгел сыпырып, жоққа шығара саламыз. Жаңа қадам, ескірген әдіс-тәсілдерді, жарамай жатқан заңдарды, қарым-қатынастарды өзгерту – әр биліктің де жұмысы, бірақ өзіне дейін жасалған жақсы істерді дамытып, жаманынан арылса ғана ел өседі. Ұрпақтар жалғастығы арқылы тарихымыздың жалғастығы, тұтастығы сақталады.
Өркениетті мемлекет жолы мыңжылдықтармен саналатын елдер үлгісі осындай. Қандай қиын заманда да бәрібір жеңетін әділет пен адамның ары екені – ежелден келе жатқан асыл қасиетқұндылығымыз. Сонымен бірге халқымызда «Әділет түбі жеңеді, бірақ кешігіп жүреді» деген де сөз бар. Рухыңды шиыршық аттырып, жаманнан түңілтіп, жақсыдан үміттендіретін, үйрететін – осы сана, осы күй.
Дінмұхамед Қонаевтың бүкіл өмірі – әрбір болсам, болам деген адамға үлгі-өнеге. Өзінің ғибратты кітабында кімнен қалай, қандай білім алғанын, не үйренгенін, осыдан жүз жылға жуық уақыт бұрын білімді ағалардың ақылкеңесіне құлақ асып, қазақ баласы оқи қоймаған түсті металдар және алтын институтын бітірген соң, Қоңырат руднигінде, тікелей өндірісте тау-кен шебері, инженері сияқты қатардағы маман мектебінен өтіп, жап-жас 26 жасында Лениногор кен басқармасы директоры қызметін абыроймен атқарған білікті инженерді сол кездегі Қазақстан компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы Н.Скворцовтың қолдауымен екінші дүниежүзілік соғыстың үдеп тұрған тұсында 30 жасында республика үкіметі төрағасының қорғаныс өнеркәсібі саласына жауапты орынбасары лауазымына бекітілуі – өте сирек шешім екенін бүгінгі ұрпақ түсінсе, бұл біртуар тұлғаларды қадірлеп, қастерлеп, сондай біліктілікке, білімге ұмтылтатын жігерлендіру, ынталандыру болары сөзсіз.
Дінмұхамед Ахметұлы естеліктерінде ең алдымен ұстаздарын, өзіне оқуда, еңбекте, өмірдің қилы жолдарында шапағатын тигізген, дер кезінде ақыл-кеңес бере алған адамдарды ерекше құрметтеп, олардың адамгершілік, парасаттылық қасиеттерін көтеріп, айтып отырады. Өзі талай адамға ұстаз, ақылгөй болған, ақылы асып, ел басқарған шағында да өзінің бала, жасөспірім кезінде, азамат болып, оқу, білімнің қадірін білгенде, қызметтің абырой, дәрежесін түсінген қайраткер кезінде де шынайы білгірдің сөзіне, пікіріне құлақ асып жүруі – ол кісінің ғұламалығы әрі аса терең мәдениеті.
Өз дәуірінде ұлттың ұстазы болғаны да – тарихи ақиқат. ОК-нің шешімдерін қабылдарда жобаны дайындаған жауапты қызметкерден «жобаға қатысты, оны орындайтын құзырлы орындар, мамандардың пікірлері қалай?» деп сұрастырып «жеті рет өлшеп, бір рет кесетін» байыпты, тыңғылықты шешім қабылдау – Димекеңнің ел басқару ұстанымы. «Бәрін білгіш» өркөкірек, мақтанпаз қызметкерлердің екпінін дәлелмен, білікпен баса алатын. Ретіне қарай халық даналығына – мақалмәтелге жүгініп, оларды орынды қолдануға мән беретін.