Темірханмен қатар өстік, бірге қаламдас, армандас, қызметтес болдық. Жасымыз да, басымыз да бөлінген жоқ, ойнап күлдік, еркін жүрдік. Оның керемет күлкісі болатын, ол күлгенде бәрін ұмытып кететінбіз.
Ақынның бір жырында «Аспанның шаңын шығарып» деген образ бар, мұны қатарымызда ешкім айтқан жоқ. Сондай-сондай образды өлеңдер Темірханда көп болды. Сонымен ол ерекшеленіп, ортамызда дараланып тұрды.
Бір уақыттарда біршама жыл Маңғыстау сапарына барып, сол жақтан қайта түлеп, мүлде басқа Темірхан болып оралды. Алматыда жүре бергенде бір қалпында, бір арнада бұрнағыдай жүре берер ме еді, батыс сапары оған ерекше әсер етті. Онан соң Әбіш пен Фаризалар Темірханның шығармашылық жолын қадағалап отырып, қолынан келген көмекті аяған жоқ. Өзі Түркістанда туса да, оны көбі батыста туды деп шатастыратын. Өйткені өзі де Атыраудай шалқып, қалқып ерекше өмір сүрді.
Атың Темір,
Қатты тисе есінен тандыратын еді,
Сөзің көмір – Жүректі жандыратын еді.
Атақ-даңқтың шаппай бер иесі болған,
Саған баяғы көк түріктің киесі қонған:..
Сен өлген жоқсың, Темірхан! Барған сайын даңқың ғасырларға озып, абыройың арта береді. Өзің де, сөзің де ірі болды. Аяғың жерде, төбең көк тіреген көк түріктің бірі ретінде танылдың. Тәңір сені төбесіне тұтсын, Темірхан! Жаның жәннатта, топырағың торқа болсын!
Серік Тұрғынбекұлы,
ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты