Қазақстан Орталық Азияда өмір сүру сапасы жөнінен жетекші орында тұр. Бұл туралы беделді CEOWORLD Magazine басылымында жарияланған Human Progress Index (HPI) – Адам даму индексі бойынша зерттеу нәтижелерінде айтылды, деп жазады Egemen.kz.
Аталған рейтинг 250 мыңнан астам респонденттің пікіріне және әлеуметтік-экономикалық деректерге сүйене отырып жасалған. Нәтижесінде Қазақстан әлемдік деңгейде 70-орыннан көрініп, бірқатар елдерді артта қалдырды.
Швейцария, Норвегия және Исландия секілді Еуропаның алдыңғы қатарлы мемлекеттері тізімнің басынан орын алса, Қазақстан Балтық елдері мен Ресейден кейінгі позицияда орналасқанымен, бұрынғы Кеңес Одағы құрамындағы көптеген елдерден озық тұр. Мәселен, Туркменстан – 96, Өзбекстан – 108, Қырғызстан – 119, Тәжікстан – 128-орындарда тұр. Бұл — Қазақстанның өңірлік көшбасшы ретіндегі орнын айқындай түседі.
HPI индексі үш негізгі өлшемге негізделген: тұрақтылық, өмірге қанағаттанушылық және еркіндік. Бұл көрсеткіштер қоғамдағы әлеуметтік көңіл-күйді, мемлекеттің даму деңгейін және азаматтардың өз болашағына деген сенімін сипаттайды.