• RUB:
    6.32
  • USD:
    510.06
  • EUR:
    566.32
Басты сайтқа өту
Заң Бүгін, 14:59

Азаматтық қорғанысты жетілдіруге бағытталған заң жобасы мақұлданды

20 рет
көрсетілді

Мәжіліс «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтық қорғау, электр энергетикасы және мемлекеттік мүлікті басқару мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасын екінші оқылымда мақұлдап, Сенаттың қарауына жолдады, деп жазады Egemen.kz.

Аталған заң жобасы азаматтық қорғау саласындағы өзекті мәселелерді кешенді түрде шешуге, құқықтық нормаларды жетілдіруге және жауапты органдардың тиімділігін арттыруға бағытталған.

Заң жобасының негізгі жаңалығы — азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің мәртебесін бекіту және әлеуметтік жағдайын арттыру. Бұл қадам ел қауіпсіздігін қамтамасыз ететін мамандардың қызметін қадірлеудің нақты көрінісі.

Сондай-ақ, мемлекеттік материалдық резерв жүйесін орталықсыздандыру, өртке қарсы бақылауды қалпына келтіру, сейсмикалық қауіпсіздік жүйесін жаңғырту, қорғаныш құрылымдарын құқықтық кадастрда тіркеу және қауіпті аймақтарда жүрген туристер үшін хабарлау тәртібін бекіту сынды нормалар енгізілді.

Жұмыс тобының талқылаулары барысында заң жобасына депутаттар тарапынан 600-ден астам түзету ұсынылып, олардың басым бөлігі нақтылаудан өтіп, заңнамалық техниканың талаптарына сай жетілдірілді.

Атап айтқанда:

қызметтік тұрғын үйді жекешелендіру мүмкіндігі және тұрғын үй төлемдері арқылы азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің тұрғын үй мәселесін шешу;

өрт кезінде үшінші тұлғаларға келтірілген зиян үшін жауапкершілікті міндетті сақтандыруды енгізу;

ерiктi өрт сөндірушілерге еңбек кепілдігі мен өтемақы төлеу құқығын белгілеу;

инвестициялық тартымдылықты арттыру үшін инфляциялық тәуекелдерді ескеретін электр қуатына жеке тарифтер енгізу;

мемлекеттік мүлікті жекешелендірудің ашықтығын арттыру мақсатында үлестес тұлғалардың аукционға қатысуына тыйым салу секілді түзетулер заң жобасының әлеуетін арттыра түсті.

Сонымен қатар, корпоративтік басқару, өнеркәсіптік қауіпсіздік, авариялық-құтқару қызметтерінің инфрақұрылымдық мүмкіндіктері, жекешелендіру тетіктерін жетілдіру сынды салааралық мәселелер де қамтылды.

Заң жобасын дайындау барысында мүдделі мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйымдар, кәсіби қауымдастықтар және сарапшылар қатысқан 36 жұмыс тобының отырысы және 2 кеңейтілген талқылау өткізілді. Бұл – заңнамалық жұмыстың ашық әрі инклюзивті жүргізілгенін көрсетеді.

Парламент Мәжілісінің бейінді комитеттері оң қорытынды берген заң жобасы енді Сенат қарауына ұсынылды.