ХХ ғасырдың соңы мен ХХІ ғасырдың басындағы қазақ прозасында айрықша із қалдырған танымал жазушы Мархабат Байғұттың көсемсөздік мұрасын сөз етерде ойымызда «қалам қазанаты» деген тіркес тұрды. Өйткені осы тұлғаның көркем сөзі мен публицистикасын байланыста қарасақ, дана Мұхтар Әуезов әдебиеттануға көп тер төккен әріптес інісін «еңбекторы» деп бағалағандай, қайталанбас қадір-қасиеті айқындала түседі. Көзі қарақты адам «торы», «боз», «кер», «қазанат» ұғымы тұрған жерде жылқы сапасы меңзелетінін жақсы біледі.
Алаш кезеңінен жеткен «Жазудың жүйрігі – Жақаң (М.Дулатұлы), сөйлеудің жүйрігі – Жақанша» (Ж.Досмұхамедұлы) деген мәтел бар. Сол секілді, Махаң (М.Байғұт) 70-жылдары өңірлік журналистикаға әдебиеттен келіп, оны байытып, байсалдандырып, оза шапқан шағы аз болмаған.
«Журналистикаға әдебиеттен келу» дегенді қалай түсінеміз? Ол – оқырманға ақпараттан гөрі адам тағдырын, сезімі мен көңіл күйін, қуанышы мен қайғысын жеткізуге жұмылу. Ол – телеграфтық қасаң тілден гөрі жұртшылықтың зердесін, санасын, қабілетін ашатын, толықтыратын, жетілдіретін көркем тілге, классикалық әдебиеттің әуезіне, халықтың құлағына жағатын шұрайлы сөзге құштарлық. Ол – қыздырмалы қызыл тіл немесе еліктеп-солықтаған теңеу мен бояуға емес, әр сөзге, ұғымға мағына беру, әр сөз бен ұғымды бейнелеп жеткізуге тырысу.
Түркістанның Майлыкентінде туып, ауылда ұлт дәстүрінің уызына жарыған, Алматыда оқып-жетіліп, қазақ әдебиеті классиктерінің ізбасары деңгейіне көтерілген Мархабат Байғұтты сол себепті де «қалам еңбекторысы», «қалам қазанаты» дейміз.
Жалпы, бізде әлімсақтан тек жазушылықпен (немесе ақындықпен) күн көрген адам аз. Бәрі бір жерде жұмыс істеген. Жүсіпбек пен Мағжан баспасөзде, баспаларда, оқу орындарында нәпақа тапты. Айтқандай, екеуі де ептеп билік саласында қызмет етті. Аты өшкір репрессия кезікпесе, олар да сол пәледен әупірімдеп аман қалған М.Әуезовтей университет профессоры, әйгілі академик болатынына шәк келтірмейміз.
Енді осы «нан мен ән» немесе тіршілік өлшемін Мархабат Байғұтқа салсақ, айна-қатесіз қайталанады. Араларын жарты ғасыр бөліп тұрса да, Махаңа тура Алаш заманындай дұрыс мектепте беймарал оқу да бұйырмаған. Кеңестік жоқшылық, арқа сүйер нағашыдан, туған әкеден айырылудың соңы «кісі қолында оқуға» алып келген. Ер жеткенде «қойшы болу» ұранына елітпей, ҚазМУ-ға талаптанып оқуға түссе де, баяғы 1916 жылдың «июнь жарлығындай», «майданның қара жұмысына» тартылғандай үш жылдық әскерге кете барған. Одан кейін «Азамат соғысы», аштық-жоқшылық білім жолын үзген Алаш арыстары басындағыдай қиындықтар – анасының ауру-сырқауы, інісінің қабырғасы қатпағандығы, басқа да әлеуметтік таршылық Алматыда күндіз (бөлім) оқып, келешекте не белді жазушы, не беделді ғалым болғалы тұрған жас Мархабатты аңсаған астанасынан 700 шақырым жердегі аудан газетіне алып келген. Бірақ, өзі жазғандай, ол солай отарланған заманның оқтықтағы қамытын (арбаның арысын оңтүстікте «оқтық» дейді) киюге мәжбүр болған.
Қазақ кеңес журналистикасы тарихында көп айтылмай жүрген «оқтықтағы қамыт» не? Мұны Махаңның жазбаларынан оқимыз. Ол – аудандық қазақтілді газетті орыс тілді түпнұсқадан аудару. Бүгінгінің «қағанағы қарқ, сағанағы сарқ» журналисі осындайды естіді ме екен? Махаң естелігінде: «Аудандық «Шамшырақ» газеті орысша «Маяк» газетінің аудармасы болып есептеледі екен... Тәржіман тірліктен құтылмадық» деп жазады. Бір жолы «Праздник русской зимы» дегенді «Қыс мерекесі» деп аударып, пәлеге қалғанын да айтады.
Жазушы кейін облыстық газетке ауысқанда тағы да алдынан шыққан «оқтық қамытының» жай-жапсарын да қаттап кетіпті. Бұл дерек журналистика тарихы үшін қажет. «Күндіз-түні тыным таппаймыз. Жоспар жасайтынбыз. Орыс тілінде. Айлық. Тоқсандық. Обкомға тапсыратынбыз. Орысша».
Дәл осы тұста тақырыпқа орай М.Байғұт үшін журналистиканың, атқарушы билік хат-хабарының, жазбаларының өзіндік мектеп болғанын да айта кеткіміз келеді. Оның үстіне күні кешеге дейін бізде (Қазақстанда) ақын-жазушылар көбіне журфакта оқып, жазу машығын газет-журналдарда қалыптастырды.
Махаңның әлеуметшіл қаламгерлік жолының бастауы 1956 жылы 5-сыныпта көрініпті. Ол мектепте қыз баласына қол көтерген бұзық қатарласы туралы «Қазақстан пионері» газетіне мақала жариялапты. Бұл – білім жүйесінде оқушы тәртібі мен педагогикалық тәжірибе қағидаттарының парықталып жатқан кезі. Жазушы Б.Соқпақбаевтың «Менің атым – Қожа» повесінің баспаға тапсырылған шағы.
Осыдан соң мектеп пен университеттегі қабырға газеті, әскердегі жауынгер парақшасы («Боевой листок»), аудандық «Шамшырақ», облыстық «Оңтүстік Қазақстан», «Жібек жолы» басылымдары, кейінгі «Егемен Қазақстан» газеті мен «Қазығұрт kz» альманағы – жазушы, қаламгер Мархабат Байғұттың бел-белестері. Түрлі жанрдағы жүздеген жазба, мыңдаған мақала. Ағыл-тегіл ақпарат, салиқалы сұхбат, оқшау ой-толғам, әлеуетті әдеби сын. Жылдар алға озған сайын парасатты прозасының парқы – пайымды повестері, әсерлі әңгімелері. Көсемсөзінен көркем сөзінің тегеуріні, көркем сөзінен көсемсөзінің тиянақ-тілектестігі аңғарылды. Қаламгер жаңа прозаға табиғилық пен түсініктілікті қалай әкелсе, көсемсөзге де адами таза қалыпты, ауылдың аңғалдығы мен адалдығын, зиялылыққа ұмтылғанның зейіні мен зердесін ендіріп бақты.
Дәл Мархабат Байғұттың шығармашыл тұлға ретінде қалыптасуында әдебиет пен публицистика бір-біріне қайшы келмеген секілді. Өйткені екі жанрда да байланыс (коммуникация) ұғымы, түсінігі, тәжірибесі бар. Әдетте жазушы қалың әлеумет ішінен кейіпкер, қилы мінез, ой, сезім іздейді. Өз айналасынан қарастырады. Табады, толықтырады, тұтастандырады. Сөз, бейне, ырғақ, қимыл-қозғалыс нақтыланады. Санамен, түйсікпен, қиялмен байланыстырылады. Әлеуметтік коммуникация нысанаға әр тұрғыдан қарағанда толыса түседі. Әр жанр өз мүмкіндігін жүзеге асыруға талаптанып бағады. Қаламгердің білім-білігімен. Жазушы, көсемсөзші жанр шеңберін жеке шеберлігімен кеңітеді. Мысалы, публицистика элементін фольклордан да, тастағы жазулардан да (жазба ескерткіштері) табуға болады. Оқиға мен жеткізуші арасындағы қисын (логика), көңіл күй (эмоция), талғам-түсінік, көркемдік немесе нақтылық ұстаным өзіндік жүйеге бағынады. Әдебиет нысанасы – адам өміріндегі, қоғамдағы, санадағы шындық. Оны жазушы өз дүниетанымына сай қалыптайды. Көсемсөз – бүгінгі қоғамдық-саяси өмір мен жұрттың ақпарат сұранысының айнасы. Дерек пен дәйек, көзқарас пен ұсыныс, топшылау мен қорытынды.
Екеуінің үндесетін, үйлесетін жері – адам өмірі мен ой-пайымын әр жанр аясында, жүйесінде жеткізуі. Әдебиетте мұрат пен көркемдік басым, көсемсөзде қоғам жүгі мен көкейкестілік айқын.
Қаламгер М.Байғұттың «Шамшырақ», «Оңтүстік Қазақстан» мектептеріндегі публицистикасын аласартпай, «Егемен Қазақстан» газетіндегі байыпты тәжірибесін, ізденісін алқалағымыз келеді. Оның себебі де бар.
Бірінші себеп – Махаң «Егеменге» ақшаңқан алпыстан асып, «аса таяғын» ұстап, қаламгерлік адалдығына, айбарына сеніп келгені.
Екінші себеп – мерзімді басылымның бағы мен бағасы сынға түскен кезеңде алысты болжайтын санаткер, газет президенті Сауытбек Абдрахмановтың «Мархабат Байғұт – Оңтүстік өңір (ОҚО, Жамбыл, Қызылорда) бойынша «Егемен Қазақстанның» арнаулы тілшісі» деген тың жобасы. Бұл – байырғы Түркістан аймағындағы кемі 5 миллион отандастың рухани-мәдени, әдеби-көсемсөздік талғамын түзеу деген сөз. Біздіңше, бұл жоба 2008–2012 жылдары сәтімен жүзеге асты.
«Өріктердің бастары қызыл жалқын...», «Кеңсай күнгейдегі көршілер», «Сәуірдің самалы», «Кәсіпкер келіншектер», «Жуалының жусаны», «Ай астындағы арқарлар», «Қазығұрттың қымызы», «Қызылқұмның қымыраны», «Сайрам-Өгем дегенде, Сайрам-Өгем...», «Ақсуым – арымдай, Жабағылым – жанымдай», «Тасқынға – тосқын», «Арал. Арал. Аралым...», «Кітаптың да, кітапханашының да қабағында кірбің көп...», «Бәрекелді, би болдың...» т.б. мақалаларын ұмытпаған шығарсыздар.
Бәрі де – көркем әңгіме желісіндей, әлеумет аңсарындай, жұртшылық арманындай оқылатын еңбектер. Сыны сындарлы, ұсынысы ұғымды, талқысы тиянақты, бағасы байыпты. Реніші де, уәжі де оқырманға ой салады. Бірақ осының баршасын бір мұратқа бағындыратын автордың қаламгерлік сипаты бар. Ол – терең де табиғи мәдениеті. Махаңның есімінің өзі – мәдениет ұғымының баламасы болса, ісі де осы мазмұнды аша түседі. Тақырыпты таңдау мәдениеті, мазмұнды ашу мәдениеті, дәлел-дәйекті көрсету мәдениеті, кейіпкер яки сұхбатшы табу мәдениеті, сұрақ қою, жауап алу мәдениеті, нысананы айқындау мен өзектілігін жеткізу мәдениеті, мәселені шешу мәдениеті, ұсыныс беру мәдениеті, қорытынды жасау мәдениеті.
Көсемсөзші Мархабат Байғұт шығармашылығының нәзік те талғамды қыры – қайталанбас юморы, кейде ащы сарказм. Автордың сөзінде, сөз тіркесінде, ұғымында, бейнесінде елең еткізетін әжуа, әзіл жетіп артылады. Мәселен, келмеске кеткен бұрынғы одақтың аббревиатурсын тура қайталамай, «Сы-Сы-Сырыңыз» дей салады. Бұған бір жымиясыз. «Совхоз-кеңшарыңыз» қазақша саптама етік киіп, «сапқоз» болып тұрады. Кешегі күнге дейін 700 ақын-жазушының басын қосқан ұйым «Қазжазодақ» қалпында біраз нәрсені меңзеп жібереді. Махаң суреткер ретінде ғана емес, көсемсөзші ретінде сөйлемін «мәнзелдес», «құмбылсың» деп аяқтағанда, дәстүр мен жаңашылдық төс қағыстырып амандасқандай көрінеді. Қаламгер дәл осылай бүгінгі тіл ғылымы көнерген жұрнақ санайтын «-тұғын» (баратұғын), «-дайын» (Байдулладайын, Дулатыңыздайын) қосымшалары Махаңда жергілікті ерекшелік пен кісі сипатын ашатын реңкке айналады. Бүгінгі қилы неологизм ішіндегі «sms»-ті (хабарлама) «Бұл – «эсэмэс» емес. Емес-емес-емес» деп әжуалап та қояды. Автор мен оқырманды тең құрметтеп, байырғы ұғымдағы дерексіз зат есімдерді сыпайы, кейде сыни қимыл-қозғалысқа – ерекше етістікке түрлендіреді. Мысалы: тәнтіленесіз, қағидалайды, мәністелді, мағұлымдады, оқырыңқырайды т.б. Көсемсөзші өңірдің бүгінін айтып, бағзы дәуірін тұспалдап, облысты – «уалаят», тарихты – «тауарих» деп саналы түрде жазғанда, ұстанымын қадірлейсіз. Ал мәтін мен стильге келсек, М.Байғұтта ешкімге ұқсамайтын мық шеге атаулы сөйлем, интонациялық қайырым бар. Мәселен, «Бұл аз жазады екен дә. Дейтінбіз» т.б.
«Теңіз тамшысынан танылады» деген, бәрімізді ширек ғасыр толғандырып, ойландырып, әбіржітіп барып, Президенттің Ұлттық құрылтайдағы ұсынысымен «Ұлттық кітап күні» болып жаңғырған құндылық туралы яки кітапхана жөніндегі мақаласына оралайықшы. Ол не кірбің? Материалдың көсемсөздігі, көсемдігі қай жерінде? Мархабат Байғұттың осы материалын қайта оқып, қайталап тоқып көрейік. Жазушы Шымкентте өткен «Кітап және оқу» атты аймақтық фестивальға қатысқан. Әлеуметтік жағдай еңсесін түсірген кітапханашыны, шараға бейжай, әупірімдеп жинала қалған қаймана қауымды көрген. Қаламгер осы жағдайдан, суреттен, бейнеден қоғамдық ой түйеді. Жауапты зиялы тән мінез көрсетеді. Әрине, Махаңның өзіне тән мәдениетті, бірақ тегеурінді мінез. Көсемсөздің әлеуметтік көтерген жүгі, ой-пайым қисыны, көңіл күй ауаны, бағалауы мен қортытындылауы, оятуы мен серпілтуі, түйдек-түйдек дерек-дәйегі – қалам қазанатының қайталанбас қолтаңбасы.
Автор оқырман мен кәсіп иелерін: «Бүгінгі кітапханашыңыз ағартушы, санаткер болмаққа парыздар. Күрескерлік танытуға тиіс» деп бір ойландырса, әлеумет ішіндегі әлеует пен әлеуетсізге қарап: «Төрт жүз әйелден төрт келіншек кітапқа жақындаса да жаман емес-ау деп жұбандық» дейді. Рас, бұл «жүзден – бір» – трагедия. Көсемсөзшіге осынау ащы сөз, эмоция жұртты, оқырманды қамшылау үшін қажет болып тұр. Арғы жағында мамандарға сөз беріп, мәселенің мәнісін түсіндіріп, жанкүйерлік жобаларды ортаға салып, облыс әкімдігіне жаңадан келіп жатқан басшы мен қосшыларға сындарлы ұсыныс айтады.
Әкім дегеннен шығады, Махаң – өмірінің едәуір бөлігін мемлекеттік қызметке арнаған жан. Оңтүстік Қазақстан облысының жеті әкімі тұсында жұмыс істеп, мемуарлық «Ақтолайғай» туындысында «Кімдерге сөз жазбадық? Кімдерге баяндама әзірлемедік?» деп сұрақ қоятыны бар. Нені болса да беріліп, жауапты орындайтын «шенеунік қаламгер» Мархабат Байғұттың ол мұрасын болашақ зерттеушілер билік сарайына ерте барып, кеш қайтқан әйгілі Жүсіп Баласағұнидың «Құтты билігіндей» тірнектеп жинап, архивіндегі қолжазбасымен салыстырып дәлелдеп жатса, алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Өйткені ол да – қалам қазанатының көсемсөздік мұрасы.
Айтқандайын, ілгері жолда Мархабат Байғұттың ғылыми қабілетін аңғарғанымызды жеткіздік. Иә, жазушының жастай тағдыр соқпағымен (әскери кезең) Новосібірге аялдауы, «айналайын Акулич» көкесінің ғылым қаласы кітапханасы мен мәдени орындарын аралатуы, басқа да бұйырған жол, несібе – Махаңның тәржімешілдік қабілетін ашып, сөз атаулыны зерттеуге жұмылдырған секілді. Оның прозасынан да, публицистикасынан да әрдайым ғылымға жүгінгені байқалады. Бұл – бір. Екіншіден, көп жыл облыстық тіл басқармасына жетекшілік етуі мен Шымкент пединститутындағы оқытушылық «0,3 ставкасы» әлгі аңлаудың алғаусыз екенін айқындайды. Қаламгердің зерттеушілік қасиеті – көсемсөзін де, көркем сөзін де толықтыратын сипат.
Жалпы, шынайы ақын-жазушының мақаласы, жазбалары да шынайы. Мысалы, біз классикалық әдебиетіміздің қыршындары Жүсіпбек пен Мағжанның әдеби эсселерін, саяси публицистикасын оқығанды ұнатамыз. Неге? Өздері жуан ортасында жүрген үдеріске, қаламдастарына берген ақ-адал бағасы үшін!
Бір ақын замандасы Махаңның кіршіксіздігін көріп, «Тым тазасың. Қатарға қосыламын десең, саған бір уыс арамдық керек!» деп кеңес беріпті. Сірә, жазушыға ондайдың бір тозаңы да қажет болмаған. Осы тұрғыдан да ол Жүсіпбек пен Мағжанға жақындай түседі. Жарықтық өзі: «Тазалығы тұнып тұрмаса, қалам иесі ағынан жарылып, адалын алға тартпайды» деп жазып та кетіпті. Күмән келтірмедік.
Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ,
ҰҒА академигі