• RUB:
    6.3
  • USD:
    506.21
  • EUR:
    568.42
Басты сайтқа өту
Аймақтар Бүгін, 09:50

Тағы бір индустриялық аймақ ашылады

40 рет
көрсетілді

Алматы облысының Талғар ауданында еліміздегі ең ауқымды индустриялық жобалардың бірі – «Қайрат» индустриялық аймағының кеңейтілген құрылысы басталды. Жоба Мемлекет басшысының жедел индустрияландыру, өңірлік өндірістік кластерлерді дамыту және тікелей инвестиция тарту жөніндегі тапсырмалары аясында іске асырылып жатыр.

Жоба әлемдегі ең ірі құры­лыс кор­порацияларының бірі — China State Construction Engineering Corporation (CSCEC) компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылуда. 177 гектар аумақта 20-дан астам жаңа өндіріс орындарын орналастыру жоспарланған. Жалпы, инвестиция көлемі 1 млрд долларды құрайды. Бұл «Қайратты» елімізде ең ірі көлемдегі қаржы мен кәсіпорынды бір мезгілде тартуға қол жеткізген бірегей индустриялық аймаққа айналдырып отыр.

Бір айта кетерлігі, жобаның ішкі инженерлік инфрақұрылымы толық­тай инвесторлар есебінен салынады. Ал сыртқы желілерді тарту облыс әкімдігінің міндетіне жатады. Бұл тәсіл мемлекеттік бюджетті айтарлықтай үнемдеуге мүмкіндік береді. Мұндағы мақсат – Geely автоконцернінің қатысуымен машина жасау кластерін құру. Автомобиль компоненттері мен тораптарын жергілікті жерде өндіру жоспарланған.

«Қайрат» жобасы – Мемлекет бас­шысы айқындаған стратегиялық мақсаттарға толық сәйкес келеді. Біз заманауи индустриялық платформа қалыптастырып, жаңа жұмыс орын­дарын ашып, экспортты арттырып, тұрақты экономикалық өсімді қам­тама­сыз етудеміз. 1 миллиард дол­лар­лық инвестиция – жүйелі жұмыстың және халықаралық әріптестердің се­ні­мінің нәтижесі. Бүгін 20 компанияның алғашқысы өз жұмысын бастады. Бұ­дан әрі олардың әрқайсысының жұ­мы­­сын бақылап, әкімдік тарапынан құжаттамалық көмек керек болса қолдау көрсетеміз», деп атап өтті Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев.

Бүгінде «Қайрат» индустриялық аймағында бірнеше кәсіпорын, атап айтсақ, жылу оқшаулағыш материал өндіретін «ТехноНИКОЛЬ Орталық Азия», құйма өнімдер шығаратын «Safa Industrial», метиз өнімдерін өнді­ретін «QazMetProduct», тау-кен саласына арналған компоненттер жасайтын «Sunlong» және сұйық шыны шы­ғаратын «Hong Shun»  компаниялары жұмыс істейді. Жалпы, инвестиция көле­мі 146,7 млрд теңгеден асып, 3600-ден ас­там жаңа жұмыс орны ашылды.

Индустриялық аймақтың басшысы Ербол Шоқаев өз сөзінде: «Қайрат» – бұл жай ғана өндірістік алаң емес, толыққанды индустриялық экожүйе. Біз инвесторлар үшін жобаларды жедел іске асыруға барынша қолайлы жағдай жасап отырмыз. Әкімшілік кедергілерді азайтып, жан-жақты қолдау көрсетеміз», деді.

Жоба Алматы облысындағы жалпы көлемі 1786,7 гектарды құрайтын алты индустриялық аймақты дамыту бағдарламасы аясында іске асып жатыр. Сонымен қатар 96,6 мың гектар аумақта орналасқан «Алатау» арнайы экономикалық аймағын дамыту жалғасуда. Мұнда 3,7 трлн теңге инвес­тиция тартылып, 34 мың жұмыс орны ашылады деп жоспарланған.

 

Алматы облысы