• RUB:
    6.3
  • USD:
    506.21
  • EUR:
    568.42
Басты сайтқа өту
Қазақстан Бүгін, 09:55

Барды бағалаған ел – бақытты

60 рет
көрсетілді

Бақыт туралы пікір сан алуан. Соның ішінде Конфуцийдің: «Жақсы атаулының бәріне ие адам – бақытты емес, қолында барын қадірлей білетін адам – бақытты» деген сөзі ақиқатқа жақынырақ сияқты. Осы тұрғыдан қарағанда, Бақыт туралы биылғы дүниежүзілік баяндамада 136 елдің ішінде елімізге 43-орын берілгендігіне қайран қалуға болмайды. Аталған құжатты Оксфорд университетінің Әл-ауқатты зерттеу орталығы «Gallup» компания­сымен, Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму шешімдері желісімен және тәуелсіз редакция алқасымен бірлесіп әзірлеген.

Қазақстан – Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінің ішінде бақытты «елулікке» енген бірден-бір мемлекет . Көршілес Өзбекстан – 54, Қырғыз­стан – 62, Қытай – 63, Ресей – 70-орынды еншілеген. Туыстас Түркия – 105-орында. Бір таңғаларлық жайт – экономикасы дамыған үздік 5 елдің қатарындағы Жапония – 48, «Азия жолбарысы» атанған Оңтүстік Корея 57-орынды місе тұтыпты.

Ал ең бақытты 10 елдің көшін Финлян­дия бастап, оның өкшесін Дания, Исландия, Израиль, Швеция, Ни­дер­ланд, Норвегия, Швейцария, Люк­сембург және Жаңа Зеландия басып тұр. Тұрғындарының бақыттылық деңгейі ең төмен 10 елдің ішінде Ауғанстан, Ливан, Сьерра-Леоне, Зимбабве, Конго, Ботсвана, Малави, Комор аралдары, Танзания және Замбия бар.

Бақыт рейтингі дүниежүзі елдері халықтарының әртүрлі топтарының өмір сапасына берген бағасының үшжылдық орташа көрсеткішіне негізделеді. Одан кейін экономика, психология, әлеуметтану және басқа да салалардың сарапшылары әр елдегі жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнімі (ІЖӨ), денсаулықты сақтай отырып өмір сүру ұзақтығы, сенім артуға болатын адамның болуы, еркіндік сезімі, жомарттық, сыбайлас жемқорлықты қабылдау деңгейі сияқты маңызды факторларды талдайды. Осы факторлар мемлекеттер арасындағы айырмашылықтарды түсіндіруге көмектеседі. Бірақ рейтинг тек адамдардың өз өмірін бағалауына негізделген жауаптарына сүйеніп жасалады. Бұл ретте «Gallup» компаниясының бас директоры Джон Клифтон: «Бақыт – тек байлық пен экономикалық өсім емес, ол – сенім, байланыс және өзіңді адамдардың қолдайтындығын білу. Биылғы баяндама біздің мына әлемнің іс жүзінде қаншалықты мейірімді екенін жете бағаламайтынымызды дәлелдеп берді. Егер біз әлдеқайда мықты қоғамдастықтар мен экономикалар құруды қаласақ, онда шын мәнінде маңызды құндылыққа – бір-бірімізге инвестиция салуымыз қажет», деген екен.

Еліміздің ие болған жетістігінің себебі жайында Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының бас ғылыми қызметкері, әлеуметтану ғылымдарының докторы Айгүл Забированың пікірі назар аударарлықтай. «Бақыт көптеген ғасыр бойы жеке адамның өз мәселесі болып саналып келді, ал ХХІ ғасырда кенеттен үкіметтердің мәселесіне айналды. Белгілі бір елдің әл-ауқатының көрсеткішін ұлттық ІЖӨ-ден ұлттық бақыт индексіне өзгертуді ұсынған жетекші экономистер шықты. Соған қарамастан, әрқайсымыздың бақыт туралы түсінігіміз әртүрлі екендігі секілді, әр елдің, ұлттың да өз түсінігі бар. Бақыт пен материалдық, қаржылық жетістіктердің өзара байланысы – адамдар мен мәдениеттердің бақыт туралы түсініктерін жақындастырған және әлі де жақындастырып отырған фактор болуы мүмкін. Бірақ 2025 жылғы Бақыт туралы баяндамаға сәйкес басқа адамдардың мейірімділігіне сену бақыттан бұрын біз ойлаған түсініктен гөрі тығызырақ байланысты болып отыр. Осы жолы зерттеушілер денсаулық пен байлық сияқты дәстүрлі детерминанттармен шектелмей, басқа адамдармен бірге тамақтану және оларға сеніммен қарау әл-ауқаттың әлдеқайда күшті предик­торлары екендігін анықтады», дейді ғалым.

Мәселен, Америка Құрама Штаттарында кейінгі жиырма жылда жалғыз тамақтанатын адамдар саны 53 пайызға көбейген. Соның салдарынан болар, биыл АҚШ сегіз жылдан бері жүргізіліп келе жатқан зерттеу тарихында ең төменгі көрсеткішке ие болып, 2017 жылғы 14-орыннан 24-орынға төмендеген. Бұл ретте А.Забированың айтуынша, ежелден «Ағайын тату болса – ат көп, абысын тату болса – ас көп» деген қағиданы ұстанған халқымыздың жөні бөлек.

Биылғы баяндамада адамдардың бір-біріне сенімі де бақыттылыққа әсер ететін маңызды көрсеткіш ретінде сипатталған. Мысалы, ең бақытты елдер көшін бастаған скандинавиялық ел тұрғындарының әмияны жоғал­ған жағдайда оны иесіне қайтара­тын адам табылатынына сенімі­нің деңгейі өзгелермен салыстырғанда жоғары болып шықты. Канаданың Британдық Колумбия университетінің экономисі, Бақыт туралы дүниежүзілік баяндаманың негізін қалаушы және редакторы Джон Ф.Хелливелл: «Әмиянға қатысты деректер аса сенімді, өйткені олар өзара қамқорлық танытатын ортада өмір сүретін адамдардың әлдеқайда бақытты екенін айғақтайды», дейді.

Осы орайда Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдың Атырауда өткен үшінші отырысында сөйлеген сөзін­де ұлттың жаңа келбетін айқын­дай­тын негізгі құндылықтарға тоқ­тала келіп: «Халқымыздың қанына сіңген жанашырлық, қамқорлық, бауырмалдық сияқты асыл қасиеттер біздің ұлттық ерекшелігіміз болып қала береді», деген сөзі ойға оралады. Бұл мәселеге Экономикалық зерттеулер институты әзірлейтін «Өңірлік әл-ауқат индексі» зерттеуінде ерекше мән беріліп келеді. Бұрнағы жылы аталған зерттеу аясында жүргізілген әлеуметтік сауалнамада «Жақындардан көмек алу ықтималдылығы» және «Жақындармен қарым-қатынас жиілігі» деген сұрақтар болды. Оларға оң жауап берген респонденттер, негізінен, экономикасы дамып, тұрғындарының қаржылық жағдайы жақсарған өңірлерде едәуір көбейген.

Мысалы, әл-ауқат деңгейі 10 балдық көрсеткіш бойынша 5,42 балдан 6,97 балға дейін жоғарылаған Қызылорда облысында адамдардың өз жақындарынан көмек алу ықтималдылығы 87 пайыздан 95,6 пайызға дейін, ал туыстарымен жиі қарым-қатынас жасайтындар қатары 78,2 пайыздан 81,5 пайызға дейін қалыңдаған. Әл-ауқат деңгейі артқан Астана және Алматы қалаларында, Павлодар және Жамбыл облыстарында да жақындардан көмек алу ықтималдылығы және туыстарымен ұдайы байланыста болатын адамдар саны көбейген. Алайда тұрғындарының қаржылық жағдайы жақсарғанымен, жақындарынан көмек алу ықтималдылығы төмендеген, туыстардың арасындағы қарым-қатынас сиреген өңірлер де бар. Олар – Маңғыстау және Атырау облыстары.

Батыс Қазақстан облысы тұрғын­дарының қаржылық әл-ауқаты арт­қанымен, Жайық өңірінде жақын­дарынан көмек алуы мүмкін адамдар үлесі кеміген. Есесіне туыстарымен жиі қарым-қатынас жасап жүрген батыс­қазақстандықтар үлесі біршама көбейген. Абай облысында тұрғындардың қаржылық әл-ауқаты жақсарғанымен, жақындарынан көмек ала алатындар саны азайған. Соған қарамастан жақындарымен тұрақты байланыс орнатқандар саны ұлғайған. Ұлытау облысы тұрғындарының әл-ауқат көрсеткіші төмендегенімен, жақындарынан жәрдем алу мүмкіндігі артып, туыстық байланыстары нығая түскен. Қаржылық жағдайы нашарлаған Ақтөбе облысында жақындарынан жәрдем алу мүмкіндігі бар және туыстарымен жиі және үзбей байланыс жасайтын адамдар саны күрт азайған.

Ақмола, Жетісу, Қостанай облыстарында тұрғындардың әл-ауқат деңгейі біршама төмендеп, жақындарынан жәрдем ала алатын адамдар саны сәл азайғанымен, туыстарымен үзбей байланыс жасайтындар қатары қалыңдаған. Мегаполистердің ішінде тек Шымкент қаласы тұрғындарының әл-ауқат деңгейі төмендеп, жақындарынан жәрдем алу мүмкіндігі барлар саны да, туыстарымен жиі байланыс жасайтын адамдар қатары да селдіреген.

«Барыңа шүкір ет, жоғыңа сабыр ет» дейтін қанағатшыл да қонақжай қазекем – басындағы бақытын бағалай білетін дана халық.