Бүгін Түркістан қаласында «Заман мен мәдениет диалогындағы Ясауи мұрасы: гуманистік бағыт-бағдар мен заманауи сын-қатерлер» атты халықаралық симпозиум өз жұмысын бастады. Іс-шараның ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Симпозиум Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ұйымдастырылып отыр. Президент бұл жөнінде Ұлттық құрылтайдың Атырауда өткен үшінші отырысында айтып, Қожа Ахмет Ясауи мұрасын терең зерттеп, халықаралық деңгейде насихаттау қажеттігін атап өткен болатын.
Жиында Ерлан Қарин Мемлекет басшысының симпозиум қатысушыларына арнаған құттықтау хатын оқып, симпозиумның Ясауи идеяларының заманауи мәні мен рухани мұрасын жаңаша тануға жол ашатынын айтты.
Халықаралық шараға Қазақстанмен қатар Әзербайжан, Германия, Үндістан, Иран, Италия, Қырғызстан, Ресей, АҚШ, Тәжікстан, Түрікменстан, Түркия, Өзбекстан және Жапония елдерінен келген жүзге жуық ғалым қатысып жатыр. Олар симпозиум аясында Ясауи мұрасының түрлі аспектілеріне арналған баяндамалар жасап, өзара тәжірибе алмасады.
Тақырыптық секциялар барысында Ясауи дүниетанымының қазіргі заманмен байланысы, оның гуманистік ұстанымдары мен жаһандық рухани кеңістікке ықпалы терең талқыланады.