Еліміздің мақтанышы, әнші Димаш Құдайбергеннің туған күніне орай бразилиялық фан-клуб «Dimash on the Road» акциясын жалғастыруда, деп хабарлайды Egemen.kz.
Жоба аясында екінші жыл қатарынан қалалық автобустардың бірі толығымен қазақстандық әншінің суреттерімен безендіріліп, елдегі Сеара штатының орталығы, Бразилиядағы ең үлкен бес қаланың бірі Форталеза қаласының көшелерімен жүріп өтеді.
Форталеза — 300 жылдық тарихы бар және шамамен 2,7 миллион халқы бар қала. Ол өзінің көркем жағажайларымен, жылы климатымен, белсенді мәдени өмірімен және қонақжай атмосферасымен танымал. Қазір бұл қаланың көшелерінде Димаштың суреті бейнеленген автобустар жүйткуде.
Автобуста, сондай-ақ, «Әлемдегі ең ерекше дауыс!» деген жазу жазылған әрі Димаштың 2024 жылы концерттері өткен Барселона, Берлин және Лондон сияқты қалалар көрсетілген. Сондай-ақ, автобустың артқы жағында Димаштың 2021 жылғы Digital Show-да «Sos d’un terrien en détress» әні бар QR коды берілген.