Саяси қайраткер, әдебиетші, ағартушы Смағұл Садуақасұлының дүниетанымы мен парасаты оның атқарған қызметі мен жазған еңбектерінде тұнып тұр. Енді алдымыздағы міндет – оны ұрпаққа тағылымды ету.
Ең бірінші, С.Садуақасұлы – саяси қайраткер. Бұл бағытта ол большевиктік саяси платформада жүріп-ақ жаңа елшілдік, әлеуметтік-экономикалық, мәдени ізденістерді, жобаларды жүзеге асыруға болатынын дәлелдей алды. Смағұл Садуақасұлының саяси тұлға, мемлекет және қоғам қайраткері деңгейіндегі еңбегін әлемдік саяси реформаторлармен параллель жүргізіп қарауға болады.
Мысалы, С.Садуақасұлы «Қазақ кооперациясы, шаруашылығы қандай болу қажет?» деген сұраққа тұшымды жауап қайырады. Қаламгер тұстастары қолданған «көшпелі өмір – малшылық – егіншілік – капитализм – социализм» деген қасаң схеманы сынап, қазақта мал шаруашылығын Оңтүстік Америка, Аустралия, Дания елдеріндегідей өндірістік жолға қоюға мүмкіндік барын дәлелдейді. Кооперация мәселесін айтқанда, оны сол шақта жүргізіп отырған қазақ бөлімдерінің (киротдел) шарасыздығын, бұл істі жүзеге асыратын арнайы аппарат болмайынша, шаруа қожырай беретінін тілге тиек етеді. Смағұл кооперация ұйымдарын құруда қазақтың әр өлкесінің талап-тілегін, негізгі кәсібін, көші-қон ретін ескеруді ұсынып, соны орындау кезінде басшылыққа алатын сегіз жаднаманы көрсетеді.
Автономия болып жатқан халық тұрмысын түзеуге қатысты пайымы да нақты әрі жүйелі. Смағұл қазақ тұрмысы құлдырауының объективті себептерін көрсетіп, оны түзеу жөніндегі ойларын ортаға салады. Қайраткердің пікірінше, алғаш шаруаны оңдау қажет. Ол үшін шикізатты сыртқа шығармай, қазақ жерінде өңдеген абзал. Бұл мақсатқа тезірек фабрик-зауыт, шойын жол салып қана жетуге болады. Екіншіден, оқуды дұрыс жолға қоймайынша шаруа жақсармайды. «Оқусыз адам уықсыз тігілген үй секілді», – дейді ол. Автордың пайымынша: қазақ ұлты түгел еңсесін көтермесе, онда оның теңдікке жетпегені. Бұл ойын ол: «Қазақтың теңдігі бес-алты жігіттің төре болғанымен табылмайды, жұрттың тіршілігін көркейтетін жұмыстармен табылады» деп тұжырымдайды.
Смағұл шаруашылықтың әртүрлі салалары туралы мақала-зерттеулер де жазып, өрелі пікір айтты. «Трудовая Сибирь» журналына жариялаған, кеңес тұсындағы баспасөзге қазақ, орыс тілінде жазған жүздеген мақалалары осыны айғақтайды. «Кооперация һәм қазақ шаруасы» атты арнайы еңбек әзірлеуі, тіпті кооперацияны насихаттап көркем туынды шығаруы қайраткердің шаруашылық ісін дамытуға қосқан үлесін көрсетеді. 1920 жылы ол «Жұмыскер қара халықтың ұйым дүкендерінің Ережесі» атты көлемді құжат жазды. 1923 жылы қазақ жерін аудандау ісін басқаруды өкімет С.Садуақасұлына маман ретінде арнайы тапсырды. Сол жылдары жазған «Основные проблемы, возникшие при районировании Киргизии», «Итоги проделанной работы в области земельной политики», «Орта Азия өміріндегі жаңа дәуір», т.б. еңбектері, біріншіден, Смағұлды өз заманына сай сауатты, сындарлы экономист екенін де көрсетті.
Екіншіден, Смағұлды көркемсөздің білгірі, әдебиетші ретінде ой толғауы мен қағидатты пікірі де айрықша. Ол ХХ ғасырдың бас ширегіндегі ояну мен түрлі қайшылықтың бәрін суреттеп те, сипаттап та кетті.
Төңкеріс заманындағы елдің хал-ахуалы «Өртең» әңгімесінде әдемі бейнеленген. Бұл – жаңару ойы, алға көз тігу пайымы десек болады.
Төңкерістің қатыгездігі, тұрпайлылығы әңгімеде төмендегіше парықталыпты: «Өрт шалмаған жер қалмады. Бұрынғының бәрі күйді. Бәрі жанып кетті. Ішіндегі биттерімен ескі күпі де кетті. Қарайып тұрған жыртық киіз үй де кетті...».
Жазушы «ескі күпі» мен «жыртық киіз үйдің» өртенгеніне емес, бәрінің өртенгеніне налып отыр. Ескі-құсқы өртсіз де жойылады. Ал қажет нәрселердің өртенгені қалай болмақ? Оларды қалпына келтіру үшін талай уақыт керек пе? Бірақ қолдан келер амал бар ма? Болар іс болды, бояуы сіңді. Бұған еріксіз көнесің. Әйтсе де енді қол қусырып отырған жараспайды. Әлгі өртте «ұйпаланған қаудан шөп лапылдап жанды» ғой. Шірік қаудың өртеңгені жақсы. Оның орнына өртең шығады. Бұл – ұлттың өлмегені деген сөз. Тағы талпыну керек. Ез болып езілмеу қажет.
«Жел басылды. Жадырап жаздың күні шықты. Ұйпаланған қаудан шөптің орнына желкілдеген өртең өсті. Көкпеңбек, жұп-жұмсақ, тап-таза, пәк, кіршіксіз жас өртең! Қалай сары дала енді көгермес екен?.. Қалай қазақ оянбас екен!» – дейді жазушы елшіл жастарға үміт пен сенім артып. Суреткердің өртеңді көргені – ертеңге сенгені. Өртең – қайраткердің сенімі мен үміті. Буынының мойнына алған жауапкершілігі.
Смағұл 1922 жылдан бастап жазған «Сәрсенбек» романында әдеби-мәдени қауымға мифтен гөрі шынайы өмірден дәйек алуды ұсынды. Басқа да повесть, әңгімелерінде де халық тағдырын қиялданбай «жерге түсіп» ойлау, елшілдік сипат пен табиғи қуат басым.
Сыни ойларына келсек, 20-жылдары кейбір әдебиетшілер «бізде үлгі алатын әдебиет жоқ» деп жүргенде, Смағұл үлгіні ескі әдебиеттен, жөн-жосықты өткенді қорыту арқылы аламыз, «қазақ әдебиеті (еуропалық пішінмен қарағандағы жазба әдебиеті – Д.Қ.) балалық күйінен асып, есеюге бет қойды» деуі – сол кезең үшін парасатты пайым еді. Қайраткердің «Әдебиет әңгімелері» атты мақаласы – осы есеюге қадам басқан әдебиетке бағыт-бағдар берген дүние. Десек те бұл еңбектің күллі мағынасын осы тұстағы жас әдебиеттану мен сын өз бойына сіңіре алды дей алмаймыз. С.Садуақасұлының «Сынағаннан әдебиет ақсамайды, қайта сынның жоқтығынан тот басады» деп айтқан сөзінің мәнін түсінбеген едәуір замандастарының осы жанрды саясат ұртоқпағына айналдыруы сөзімізді растайды. Әдебиеттің, жалпы рухани дүниенің мақсат-міндеті – адамды жетілдіру, сана-сезімді дұрыс бағытта қалыптау, имандылық пен адамгершілікке шақыру, парасатты іргерілету. Смағұл Садуақасұлы: «Қазақстанның еңбекші табының тілегі мен қазақ елінің ұлттық тілегі бір жерден шығады» деп тұжырымдайды.
Үшіншіден, С.Садуақасұлының 1916–1918 жылдардағы «Бірлік», «Жас азамат» ұйымдарындағы қызметі мен Алаш зиялыларын қолдайтын, қорғайтын қайраткерлігі, 1928 жылдан 1933 жылға дейінгі ұстанған бағыты арасында терең елшілдік дүниетаным бар. Көп зерттеуші қазақ мәтіндерін зерделеуге шорқақ және ой астары дегенді айналып өтеді. Сондықтан ақиқат нәрсе: біз қаншалықты С.Садуақасұлын қайраткер ретінде елдік таным-парасат тұрғысынан тани алсақ, Алаштың һәм тұтас қазақтың тарихын соншалықты шынайы зерделеген боламыз.
Смағұл 1922 жылы ел өңірін аралап, «Қостанай – Торғай» атты жолжазба жариялайды. Архив қойнауында бұл еңбектің Қостанайға қатысты бөлігі ғана сақталған. Ол Қостанай мысалында кеңестік билікке мойынұсынған қазақ жұртының ауыр халін, көнбістігін, аласарған рухын сөз етеді. Қой терісін жамылған отаршылдардың зымиян іс-әрекетін әшкерлейді. «Қостанай үйезінің қазағы орыспен сан жағынан теңбе-тең, хұқық жағынан, бостаншылық жағынан Қостанай қазағының халі ескі замандағыдан төмен. Іс басында бір қазақ жоқ деуге болады. Бәрі – жат жұрттан. ...Істегендері – зорлық-зомбылық, қиянат, қырып кету, жойып кету. Ел ішіне жақсылық сөзбен, таза пікірмен барған біреу жоқ», – дейді көсемсөзші. Қаламгер бұл еңбегінде сондай-ақ Тобыл қазағының арасында ашаршылықты қасақана ұйымдастырып отырған кімдер екенін нақты деректермен көрсетіп, өкімет, ел назарын берекесіздік қайдан туындап жатқанын және оны қайтіп тиюға болатынын өзекті мәселе етіп көтереді.
Қоғам сұранысы мен саяси іс-әрекеттің, шешімінің үйлесімі адамзаттық сапаға жол бастайды. Қайраткердің «Қазіргі дәуір – іс дәуірі» атты мақаласы – бірер кезеңнің емес, тұтас дәуірдің, тіпті мәңгіліктің көкейкесті зәрулігін жүйелі реттеуге үн қосқан еңбек. Бұл мақалада көсемсөзші жаңа мен ескі арасындағы қарым-қатынасқа төңкеріс тигізген кері әсер туралы ой қозғап, қазақты ілгері ел етер іс-шараларға тоқталады. Қаламгердің: «Жаңа пікір деп нені айтамыз? Біреудің ойына келгенді айтқанды жаңа пікір тапты дей аламыз ба? ...Ескі де бір кезде жаңа болған. ...Қыс пен жаздың арасында жазғытұрым бар», – деген тұжырымы бір кезеңге ғана қатысты еместігі талас тудырмайды. Смағұл ескі мен жаңаның сабақтастығын сөз еткенде, ақын Абайды, ақынның терең өмірлік пәлсапасын мысалға алады.
Төртіншіден, Смағұл ұлттың білім, білік деңгейін көтерген ағартушы есебінде де салаға қажетті жөн-жоба көрсетті. Қайраткер оқу, білім, тәрбие мәселесіне ерте назар аударды. Мұның себебі де бар. Ол алғашқы еңбек жолын (1915 жылы) мұғалімдіктен бастады. 1918–1919 жылдары қазақ курстарында кооперация қисыны, табиғаттану, жаратылыстану, физика пәндерінен сабақ береді. 20-жылдары баспасөз бетінде оқу мәселесіне арнап талай мақала жазды. «Қазақстанның экономикалық географиясы» атты оқу құралын әзірледі деген де мәлімет бар. Мұның сыртынды оқулық жазған авторларды бар жағынан ынталандырып отырады. Ал Халық ағарту комиссары (министрі) болып тұрғанда ол есепсіз игі іс атқарды. Ірілерін айтсақ: тұңғыш университет (Ташкетте 1926 жылы ашылған «Казпедвуз» алғаш осылай аталған) ұйымдастыруға, «Жаңа мектеп» журналын шығаруға мұрындық болады. 20 жасынан Қазақстан (Орынбор) жастар қозғалысы жетекшілерінің бірі ретінде «Жастарға – жаңа жол» атты бағдарламалық кітап жазды, қатарластарын серпілтетін «Өртең» газетін өмірге әкелді. Әуесқой һәм халықтық театрланған көріністі – кәсіби театрға айналдырып, табиғи өнер таланттарына оқулық іспеттес «Ұлт театры туралы» еңбегін ұсынды. Түйіндеп айтқанда, ағартушылығы мен қайраткерлігі ұлт деңгейін көтеруге бағытталды.
«Халық ағарту мәселелері» атты мақаласында С.Садуақасұлы Халық ағарту комиссариаты алдында тұрған міндеттер мен оларды шешудің жолдарын қарастырған. Ағарту басшысының пікірінше, күн тәртібінде мектеп үйін әзірлеу, оқу құралдарын даярлау, оқу орындарындағы дәрістің қай тілде жүруін анықтау мәселесі тұр. Қаламгер бірінші мәселені шешу үшін өкіметпен бірге жергілікті жерлердің, тіпті мұғалімдердің жұмылуы қажеттігін, екінші мәселені орындау үшін алғаш сұраным мен мүмкіндікті зерттеу керектігін айтады. Үшінші мәселеде, яғни дәріс тілін таңдауда Смағұл ғылым-білімі жүйеленгенше ағылшын тілін пайдаланған Жапония тәжірибесінен үлгі алуды ұсынады. Бұл ретте ол: «Бояушы атанам деп сақалға дейін боямай, істің өнетін жағын қарастыру керек», – деген салиқалы тоқтамға келеді.
Смағұл 1927 жылғы «Қазақстанда халық ағарту мәселелері» атты іргелі еңбегінде елді ағарту ісі алдында тұрған үш мәселені былайша түйіндейді: «Бірінші мәселе – жалпы еңбекшілерге хат танытып мәдениетке жетіскен шаруа қылып шығару. Екінші мәселе – өндіріс кәсібі, ауыл шаруашылығы, үкімет мекемелеріне керекті ысылған жұмыскер, қызметкерлерді дайындау. Үшінші мәселе – қазақтың ұлт мәдениетінің көтерілуіне керекті мәдениет-білім күштерін әзірлеу». Қайраткер жаңа заманның әлеуметтік ұстанымы мен ұранын туған халқының, ұлтының еркіндігіне, теңдігіне, әділетке жетуіне қарай бұрып, лайықты әрі қолайлы бағдарды анықтап, ұсынғаны осы ойынан аңғарылады.
Еңбекте сауатты оқулық жазу жайы да көтеріледі: «Оқу құралдарын жазатын адамдардың саны бізде шағын. Ылғи оқу кітаптарын жазуға – жалғыз Байтұрсынұлы. Басқа адамымыз жоқ. ...Оқу кітаптарын жазу үшін құр хат танитын болу жетпейді. Жазушы оқыту ғылымына жетік болуы керек. Балалардың психологиясын білу керек, жалпы алғанда оқымысты адам болу керек». Ағартушы пайымының астарында «жоқтан бар жасау кезеңінің» ақиқаты айтылған. Әдетте оқулыққа тәжірибеде шыңдалып барып, жүйеленген білім қорытындысы енсе, Смағұл осы үдерістің тез және үйлесімді жүруін қалайды. Әрине, оның бәрін реттейтін ғылыми орталық пен ғалымдар жоқ шақта ағартушы жауапты миссияны авторлардың ізденісіне, білігіне жүктейді. Сонымен қатар озық әдістеме мен психологияның маңызына мән береді.
Қайраткердің мына тұжырымдары да мәнді: «Қалай болған күнде де жұмыстың қазақ тұрмысына үйлесімді түрін, әдісін табу керек», «Мақсат: жалпыадамзат мәдениетінің бір жұрнағы – ұлт мәдениетін гүлдендірерлік білімпаздар даярлау». Смағұлдың пайымынша, жаңаруға бағыт алған ел немесе елді өзгертуді ойлаған буын өзінен кейін халқына жеткілікті білім, қанағаттанатын бақ-береке қалдыруы міндетті. Бұрынғыны жақсарту мен еселендіру – маңдай терді ақтайтын жол. Қайраткер көп жазбасында (көркем шығармасында да) ұлт мүддесіне байланған еңбек қана ақын Абай сынаған «өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақтан» құтқарады деп санайды.
Сонымен қатар Алаш тұлғаларына ізбасар бола білген С.Садуақасұлы теңдік пен дамуға жат төңкеріс зардаптарын мәдениет, білім күшімен жеткен ағару ғана бәсеңдетеді немесе жояды деп есептейді. Қоғам ұлттың және әлемнің тәжірибесіндегі табиғи даму заңдылықтарын бойына сіңіріп, соған сай ілгерлемейінше дүлей күштің (ол кезде большевизм), қаймана түсініктің шырмауында қалады. Смағұлдың «Барлық ақиқат (айналадағы, қоғамдағы) – мәдениет емес, ал мәдениет атаулы – ақиқат» дегенге саятын тұжырымы қайраткерлігінің, большевизм мен сындарлы ағартушылық арасынан дұрыс жол табуының, дүрбелең шақта адаспауының сырын аңғартады.
Үлкен саясат туралы ұғымы әлі қалыптаспаған шақта жақсы мен жаманды, ақ пен қараны әкесі молда Садуақастан, ауыл мен қауым даналығынан біліп өскен Смағұл бастауыш орыс-қазақ училищесінде оқып жүріп әдебиет пәні шығармасына «Әр жыл мезгілінің өз артықшылығы бар» атты еркін тақырыпты таңдапты... Қайраткерлік баспалдақтардан көтерілген кезінде де ол сан қилы қиындықтан да, жаулары ұйымдастырған түрлі қауіп-қатерден де қаймықпады. Бәрін табиғи қалыпта қабылдады. Өмірдің қақаған аязы мен аптап ыстығы оны жетілдіре түсті. Бұл азаматтың жауынгерлік, қаһармандық рухы күшті еді... Тұлпарды сүріндірген ор – «қызыл террор». Әлемдік, адамзаттық апаттың большевиктік қарадүрсін амалы.
Алаш жұрты қашанда Смағұл Садуақасұлындай тұлғаны қажетсінеді. Білімі мен білігі, қайраткерлігі мен қағидатшылдығы, елшілдігі мен ерендігі тең тұлғаны! Мұндай сапа болған және бола да береді. Бірақ сол сапаны білу мен меңгеру үшін де Смағұл еңбектерін оқу керек.
P.S. Бүгін «Қазақ газеттері» серіктестігінің ұйытқы болуымен Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-да С.Садуақасұлының 125 жылдық мерейтойы мен «қазақ» атауының қалпына келтірілгеніне 100 жыл толуына орай «1925 жыл: ұлт мұраты шыңдаған қайраткерлік» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді.