• RUB:
    6.3
  • USD:
    509.51
  • EUR:
    570.6
Басты сайтқа өту
Ғылым Бүгін, 15:12

Baitursynuly University болашақ инженерлерін даярлау стратегиялары талқыланды

20 рет
көрсетілді

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің базасында инженерлік білім беру саласындағы оқу-әдістемелік бірлестіктің кеңейтілген көшпелі отырысы өтті. Іс-шара тақырыбы – «Инжиниринг 4.0: стратегиялар, өзекті мәселелер және серіктестік».

Жиынға Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің өкілдері, ЖОО-ның мамандары, индустриялық және шетелдік серіктестер, сондай-ақ оқу-әдістемелік бірлестіктің мүшелері қатысты.

Іс-шара аралас форматта өтті: 80-нен астам қатысушы университет базасындағы өңірлік Smart-орталықта және индустриялық серіктестердің (Allur, Kia Qazaqstan, KamLIT KZ және АгромашХолдинг) алаңдарында офлайн қатысты. Сонымен қатар 70-тен астам қатысушы онлайн қосылды, бұл формат шетелдік өкілдердің қатысуын қамтамасыз етті.

Кеңейтілген отырыстың басты мақсаты – инженерлік білім беру саласындағы жаңа стратегияларды талқылау, Инжиниринг 4.0 дәуірінің өзекті мәселелеріне ден қою және әріптестік қатынастарды нығайту.

Алғы сөз сөйлегендер: Ахмет Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ ректоры Сейтбек Қуанышбаев, ҚР Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Гүлжан Жарасова, Әбілқас Сағынов атындағы ҚТУ ректоры Сәуле Сағынтаева және Қостанай облысы әкімдігінің қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Қазез.

Пленарлық отырыс аясында инженерлік кадрларды даярлау мәселелері, университет пен өнеркәсіптік кәсіпорындар арасындағы тиімді ынтымақтастық формалары, сондай-ақ Қазақстандағы инженерлік білім берудің ұлттық моделін іске асыру мәселелері қаралды.

Университеттердің индустриялық серіктестермен өзара әрекеттестігі, дуалды білім беруді дамыту және университеттер базасында озық инженерлік мектептерді (BES) құру мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді. Allur компаниясы тобының өкілі Айгүл Ахметова индустриялық өзекті мәселелерге қарсы тұру тәжірибесімен бөлісіп, университеттермен бірлескен білім беру бағдарламаларының маңыздылығына, дуалды оқытуды енгізуге және кадрлық стратегияларды әзірлеуге жоғары оқу орындарының қатысуына назар аударды.

Kia Qazaqstan және KamLIT KZ компанияларының өкілдері өз баяндамаларында инженерлік білім беруді дамытудың негізгі бағыттарына тоқталып, соның ішінде цифрлық технологияларды белсенді енгізу, халықаралық ынтымақтастықты кеңейту және түлектердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселелерін атап өтті.

Студенттерге трансұлттық корпорацияларда сұранысқа ие өзекті инженерлік құзыреттерді қалыптастыруға ерекше мән берілді. Шетелдік жоғары оқу орындарымен академиялық ынтымақтастықты кеңейту және жоғары технологиялық салалардың талаптарына барынша бейімделген білім беру бағдарламаларын әзірлеу бастамалары таныстырылды. Бұл ретте теориялық білімді өндірістік тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндік беретін тиімді құрал ретінде дуалды оқытуға басымдық берілді.

Күннің екінші жартысында «BES Connect: технологиялық диалог күні» коммуникациялық алаңы өтті. Қатысушылар зауыттарды аралап, өндірістік озық технологиялармен танысты. Allur, KamLIT KZ және АгромашХолдинг компаниялары заманауи материалдарды енгізу, өндірістік процестерді оңтайландыру және инженерлік мамандардың біліктілігін арттырудың маңыздылығына назар аудара отырып, өздерінің ең жаңа әзірлемелері мен шешімдерін ұсынды.

Іс-шара қорытындысы бойынша технологиялық бағыттағы салаларға арналған жоғары білікті инженер мамандарын даярлауға бағытталған бірлескен бастамаларды одан әрі дамыту туралы келісімдерге қол жеткізілді.