• RUB:
    6.35
  • USD:
    510.78
  • EUR:
    576.06
Басты сайтқа өту
Құрылыс Бүгін, 17:29

Алматыда заңсыз құрылысқа бақылау күшейтілді

20 рет
көрсетілді

Соңғы үш жылда қалада рұқсатсыз салынған 88 нысан толығымен немесе жартылай бұзылған. Бұл туралы Алматының қала құрылысын бақылау басқармасы мәлім етті. Ал, биыл заңсыз салынған 18 ғимарат сүрілді, деп хабарлайды Egemen.kz. 

Сүрілген нысандардың ішінде тұрғын үй кешендері, әкімшілік ғимараттар, жапсаржайлар, дәмханалар, көлік жуу орындары және басқа да құрылыстар бар. Ең ірі нысандар қатарында «Мечта» таунхаусы, «KHAN» ТҮК және Достық даңғылындағы 7 қабатты әкімшілік ғимаратты атауға болады.

Сейсмикалық талаптарды ескермей, тау бөктеріне заңсыз құрылыс салатындарға да талап күшейе түсті. Осындай 38 нысанға қатысты сот шешімі шығып, олардың 12-сі толық немесе жартылай бұзылған. Тағы 3 нысанда құрылыс жұмыстары бастапқы кезеңде тоқтатылған.

Жауаптылар, бұзу жұмыстары тек сот шешімі мен тиісті құжаттар негізінде, сот орындаушыларының қатысуымен жүргізілетінін айтады.

«Заңсыз құрылысқа бақылауды күшейту – қазіргі күннің талабы. Қала инфрақұрылымына, көлік және әлеуметтік жүйеге жүктеме артып барады. Рұқсатсыз, бейберекет құрылыс тек қаланың дамуына емес, тұрғындардың қауіпсіздігіне де тікелей қауіп төндіреді. Әсіресе, таулы аймақтағы құрылысқа ерекше назар аудару қажет. Бұл аумақтар сейсмикалық тұрғыдан әлсіз әрі қауіпті аймақтар. Осындай жерлердегі заң бұзушылықтар өте ауыр салдарға әкелуі мүмкін. Ең бастысы, барлық сүру жұмысы заң аясында сот шешімімен ғана жүзеге асырылып жатыр. Бұл баршаға ортақ ереже мен әділеттілік кепілі. Алматыда атқарылып жатқан бұл шаралар басқа қалалар үшін де үлгі бола алады»,  дейді урбанист және қоғам қайраткері Гүлмира Байғабұлова.