Былтырғы шілдеден бастап елімізде барлық дәрілік препарат міндетті цифрлық таңбалауға жатады. Бақылау механизмі зауыттан дәріханаға дейін дәрі-дәрмектің бүкіл қозғалысын қамтиды. Тәжірибе көрсеткендей, таңбалау жүйесі фармацевтикалық нарыққа қатысушыларға айтарлықтай артықшылық береді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Tanba тауарларды таңбалау мен қадағалаудың бірыңғай операторы нарықтағы өнімнің заңдылығын толық қадағалауды қамтамасыз етеді. Яғни таңбаланбаған тауарларды сату ықтималдығын, нарықта есепке алынбаған немесе контрафактілік препараттардың түсу қаупін жояды. Бірыңғай оператордың дерегінше, бүгінгі таңда 320 миллионнан астам дәрілік заттардың қаптамасы таңбаланған. Міндетті таңбалау мен қадағалауды енгізу нәтижелерімен бөліскен Atamiras.S ірі дәрілік дистрибьюторы директорының орынбасары Халима Айтілеуова:
«Бізге таңбаланбаған тауар келіп түскен жағдайлар болды. Егер таңбалау коды болмаса немесе оқылмаса, онда препарат автоматты түрде карантинге жіберіледі және мәселе шешілгенге дейін сатуға жол берілмейді», деп атап өтті.
Таңбалауды енгізу сандық есепке алудың дәлдігін арттыруға мүмкіндік берді. Мысалы, қазір жүз қаптаманың ішінде бір данасы жетіспесе де жүйеде бірден тіркеледі. Бұл дәріханалар мен медициналық ұйымдардың тәуекелдері мен шағымдарының санын айтарлықтай азайтады. Дистрибьютордың нақтылауынша, егер бұрын өнімді құрастыру кезінде сериясын шатастыру, қаптаманы дұрыс санамау сияқты адам қателіктері туындауы мүмкін болса, енді жүйе әр бірлік сәйкес келгенше шот-фактураны жүргізбейді. Қатенің қай жерде орын алғанын бірден көруге, тез түзетуге болады.
Сандық таңбалау сұр айналым мен сапасыз препараттарды ығыстыра отырып, нарықты өзгерте бастады. Сала қатысушыларының пікірінше, бұл нарықтың ашықтығын, тұтынушылардың сенімін арттырды.
«Өзім де дәріханадан дәрі-дәрмек сатып алғанда қарапайым тұтынушы ретінде қолданба арқылы таңбалауды тексеремін. Бұл препараттың заңды екендігіне және бақылаудың барлық кезеңдерінен өткеніне сенімділік береді», дейді Х.Айтілеуова.
Дәрілік заттардан басқа темекі бұйымдары мен аяқ киім міндетті таңбалауға жатады. Зергерлік бұйымдарды, тоқыма өнеркәсібі тауарларын, мотор майларын және сыра қайнату өнімдерін таңбалау бойынша пилоттық жобалар аяқталды. Жақында биологиялық белсенді қоспаларды таңбалау сынақтан өте бастады. Іске қосу сатысында тұрмыстық химия және медициналық бұйымдар бойынша жобалар тұр.