Алматы облысы Талғар ауданына қарасты Бесағаш ауылында өңірдегі алғашқы қос функциялы тірек іске қосылды.
Бұл – базалық станция мен көше шамының қызметін біріктіретін заманауи инженерлік шешім. Болашақта мұндай құрылымдар бейнебақылау жүйесімен де жабдықталуы мүмкін. Жоба Huawei компаниясының бастамасымен, Алматы облысының цифрлық технологиялар басқармасы мен «КаР-Тел» ЖШС (Beeline сауда белгісі) арасындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандум аясында жүзеге асырылды.
Дәстүрлі антенналардан айырмашылығы — көлемді әрі көзге ұрмайтын бұл тірек ықшам әрі функционалды дизайнмен ерекшеленеді. Ол елді мекеннің келбетіне үйлесімді еніп, бірнеше функцияны қатар атқарады: байланыс операторларының жабдықтарын орналастыруға мүмкіндік беріп, көше жарығымен қамтамасыз етеді. Бұл – ауылдық және қалалық инфрақұрылым үшін тиімді шешім.
Қос функциялы тіректің басты артықшылықтарының бірі – орнату мерзімінің қысқалығы. Егер стандартты байланыс мұнарасын салу алты айдан астам уақытты алса, бұл құрылым небәрі бір ай ішінде орнатылады. Бұл, әсіресе, мобильді байланысты жақсарту мен бейнебақылау жүйесін енгізу аса қажет өңірлер үшін маңызды.
«КаР-Тел» ЖШС-нің техникалық директоры Олег Снимщиковтың айтуынша, бұл жобаның болашағы зор: «Мұндай тіректерді бүкіл Алматы облысына енгізуді жоспарлап отырмыз. Бұл, әсіресе, ауылдық жерлерде байланыс сапасын арттырып, өңірдің цифрлық инфрақұрылымының маңызды бөлігіне айналады», — деді ол.
Қос функциялы тірек тек байланыс үшін емес, қоғамдық кеңістіктерді жарықтандыру арқылы түнгі қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Алдағы уақытта мұндай құрылымдарға бейнебақылау камераларын орнату арқылы жергілікті билік көшелердегі жағдайды бақылап, қоғамдық қауіпсіздікті арттыра алады. Осылайша, тірек — ақылды әрі көпфункционалды қоғамдық кеңістіктің бір бөлігіне айналады.
Ауылдық жерлерде жеке инфрақұрылым тартуға мүмкіндік бола бермейтін жағдайда мұндай шешімдер аса өзекті. Кешенді тәсіл ресурстарды үнемдеуге және заманауи технологияларды ең қажет жерлерге енгізуге септігін тигізеді.
Huawei Technologies Kazakhstan компаниясы атап өтті: «Біз әрқашан технологияларды адамдарға жақындатуға тырысамыз. Көшені жарықтандырып, байланыс сигналын күшейтетін тірек – бұл футуризм емес, жайлы әрі заманауи өмір сүру салтына жасалған нақты қадам. Ең бастысы – бұл қадам Бесағаш секілді ауылдардан басталуы біз үшін маңызды».
Қазіргі таңда осындай тірек Алматы қаласында да орнатылып жатыр — іске қосу мамыр айына жоспарланған. Бұл жоба тек ауылдық емес, мегаполис жағдайында да қолдануға болатынын көрсетеді.
Сонымен қатар, бұл пилоттық жоба мемлекет пен бизнес арасындағы жаңа форматтағы серіктестікке жол ашады. Мұндай бастамалар технологиялық дамуға ғана емес, сонымен қатар жаңа жұмыс орындарын құруға, халықтың цифрлық сауаттылығын арттыруға және жергілікті қауымдастықтарды дамытуға ықпал етеді.
Бесағаш ауылындағы жоба – заманауи технологиялық шешімдерді жылдам, сапалы және қоршаған ортаның эстетикасын ескере отырып іске асыруға болатындығын дәлелдейтін мемлекеттік және жеке сектордың бірлескен жұмысының жарқын мысалы.
Алматы облысы.