• RUB:
    6.35
  • USD:
    510.78
  • EUR:
    576.06
Басты сайтқа өту
Тарих Бүгін, 08:50

Данағайып Димекең

30 рет
көрсетілді

Шығармашылық адамына шабыт беретін, қаламгерлерді қанат­тан­дыратын тосын деректер кейде алдыңнан өзі шығады. Мені қуантып, сондай бір әсерге бөлеген «Egemen Qazaqstan» газетінде жақында жарияланған «Тау тұлғаға тағзым» атты мақала болды. Авторы – белгілі тұлға Махмұт Қасымбеков. Белгілі мемлекет қайраткері Қуаныш Сұлтановтың «Қазақтың Қонаевы» атты кітабы жөнінде толғанады, ой өрбітеді. Шығарма Димекеңнің кемеңгерлігі, даналығы, данышпандық қасиеті туралы болғандықтан, автор ағынан жарылып, тіпті құпия нәрселерді де жазады. Әсіресе дүние салған Димекеңмен халықтың қош­тасу кезінде Қуаныш ағаның шешімталдығын үлгі етеді.

Сол беттегі тағы бір тартымды мақала­ның авторы Қанат Бірлікұлы Алаш көсемі Әлім­хан Ермеков пен ол кезде студент Қонаевтың пойызда кез­дейсоқ кездесетін тосын оқиға жө­нінде әңгімелейді. Димекең өмірінде таңғажайып тылсым оқиға жетіп артылады. Қаламгер, журналист ретінде айтарым, жаңа шыққан кітаппен осы қызықты деректі үйлестіріп, Димекеңе арнайы бет берген «Егеменге» ризамын. Әлеуметтік желіден жұрт жабыла оқып, Димекең дәуірінің ардагерлері бір-біріне айтып жатыр.

Димекең туралы жазылған кітап жөнінде ой толғаған, кемеңгердің көзін көрген, өзіне шапағаты тиген Махаңа өте көп хат жазған адаммын. Шындығы сол, әріптес замандасымнан авторды қанаттандыратын, тілектес екенін сездіретін ақжолтай жауап хат келетін. Кейде кітап шығаруыма байла­нысты кімге шығу керек екенін нұсқайтын.

2013 жылы 9 желтоқсанда Махаң­ның маған жолдаған хатында мынадай жолдар бар. «Құрметті Ораз Дөнен­байұлы! Жолдаған хатыңыз Мем­лекет басшысына таныстырылды. Пре­зидент халқымыздың біртуар ұлы пер­зенттерінің бірі Д.Қонаевтың есімін ардақтап, өмірі мен атқарған істерін насихаттап жүрген еңбегіңіз үшін Сізге өзінің ризашылығын жеткізуді тапсырды. М.Қасымбеков».

Бұл өз алдына, Махаңның тікелей өзіне жолдаған хаттарым да бар. Бәрі данағайып Димекеңді дәріптеуді, рухани қазынаны ұрпақ үшін меңгеруді меңзейді.

Бір нәрсені айта кетейін. Кейде кейбіреулер тұңғыш президент Қонаев­ты құрметтемеді деп кінә тағады. Бұл – артық кеткендік. Астананың қақ ортасындағы Қонаев көшесі Елбасының кезінде ашылды ғой. Мен қазір осы көше бойында тұрамын.

Димекеңді 1972 жылы Алма­ты­да құрылыста істеп жүрген кезімде бригадирмен сөйлесіп тұрғанда көр­дім. Арада көп өтпей бұрынғы «Со­циалистік Қазақстан», қазіргі «Егемен­нің» бірінші бетінде алғаш Еңбек Ері ата­ғын алғандағы суреті көз алдымда тұр.Туған күні 12 қаңтар болатын. Оның бойындағы он екі қасиетті жазуы­ма сандардың тылсым әлемі себеп болды.

«Егеменге» шыққан Димекеңнің парасаттылығы жөнінде ой-толғау өз алдына, енді оқырмандар өтінішін айтудың реті келді. Өткенде Алматыдағы Димекең музейіндегі кездесуде «Қонаевтың он екі қасиеті» атты кітапшамды бел­гілі ұстаз қалтасына салып, студент жас­тарға көрсетіп, Димекеңнің кемең­герлігі жөнінде әңгімелейтінін айтты. Студенттер осы еңбектің әлеуметтік желіде бар екенін айтып, енді таралымы көп белгілі басылымдарда жария­ланса жақсы болар еді, кітап, газет оқуға деген қызығушылық артар еді деді. Аталған еңбек кезінде біраз басылымға жарияланды. Бұл – Қонаевқа деген құрмет, аруаққа деген тағзым. Бұл еңбек желісі бойынша бейнебаян түсірілді. Естеліктерге сілтеме жасалады. Олай болса ақылманның 12 қасиетін үлгі еткен ұрпақ ата жолынан таймайды.

 

Ораз Қауғабай