• RUB:
    6.35
  • USD:
    510.78
  • EUR:
    576.06
Басты сайтқа өту
Өндіріс Бүгін, 09:30

Алматының әлеуетін арттыратын жобалар

20 рет
көрсетілді

Биыл Алматының индустриалды аймағында құны 135,5 млрд теңгені құрайтын 11 жоба жұмысын бастауы керек. Қазірдің өзінде 2 662 адамға тұрақты табыс көзін тауып берген жобалардың ішінде алты ірі кәсіпорын, оның ішінде жеңіл автомобиль, биологиялық жем, шыны ыдыс, арматуралық торлар мен резеңке бұйымдар шығаратын зауыттарға қоса, қаланың өндірістік секторының одан әрі дамуына ықпал ететін бес шағын өнеркәсіптік өндіріс бар.

Сонымен бұл күндері Алматының индустриалды аймағында үш бірдей жаңа зауыт пайдалануға беріл­гендіктен, осынау ілкімді оқиға­ға орай мегаполистегі БАҚ өкіл­дері жұмысы қыза баста­ған жаңа өндіріс орындарына барып, радиатор, кабель, косметикалық өнімдер шығаратын компаниялардың тыныс-тіршілігімен танысты.

Талай адамға табыс көзін тауып берген зауыттардың іске қосылуы – Алматының индус­трияландыру мен өндірістік әлеуетін дамыту бағдарламасын іске асырудың кезекті қадамы.

Мәселен, БАҚ өкілдері­нің жолы түскен «Valtherm» ЖШС алюминий және биметалл жылыту радиаторларын шығаратын зауытқа салынған ин­вестиция көлемі 10 млрд теңгеден аса­ды. Зауытта күніне 10 мыңға дейін радиатор бөліктерін шығаратын бес құю машинасы орнатылған. Алдағы уақытта компания құю машиналарының санын 12-ге дейін жеткізіп, өндіріс көлемін жылына 15 миллион секцияға дейін ұлғайтуды көздеп отыр.

«Біз Қытайда 20 жылдан астам радиатор өндірумен айналысып келеміз. Қазір барлық кешенді тәжірибені Қазақстанға көшіріп, толыққанды өндірісті іске қостық. Біз темір сынықтарын жинап, қайта өңдеп, дайын өнім – радиа­торлар жасаймыз. Қазіргі таңда күніне 10 000 секция шығарамыз және одан әрі кеңейтуді жоспарлап отырмыз», деді «Valtherm» ЖШС инвесторы Юэн Си.

Бұл кәсіпорында автомобиль­­дер­дегідей анафорезді бояу техноло­гия­­­сы қолданылады, ол берік әрі тот басу­дан қорғайды. Бұл технология радиа­торлар­дың сыртқы түрі мен сапасын ­20 жыл бойы сақтауға мүмкіндік береді.

Қазірдің өзінде «Valtherm» зауыты­ның Ресей, Әзербайжан, Украина елдерінде клиенттер базалары болса, келешекте құрастыру өндірісін Алма­­тыға орналастыруды қарасты­рып отыр. Өндірістің жаңа түрлері – газ қазан­дықтарын, панельдік радиаторлар, профильдер сынды басқа да өн­діріс орындарын құру үшін 3 гектарға қосымша цех салу жоспарланған.

Сол сияқты 2024 жылдың аяғында, желтоқсан айында ин­дустриялық аймақ­та кәбіл-сым желілерін шығаруға ма­манданған «Harmony Cable» ЖШС кә­сіпорны жұмысын бастаған болатын. Жобаға салынған инвестиция көлемі шамамен 2 млрд теңгені құрады. Осы зауытты іске қосудың арқасында 50 адам жұмыс тапқан. Өндіріс қуаттылығы ­айына 100 тоннаға дейін мыс өңдеп, ­жылына 8 млрд теңгеден астам сомаға 21 600 млн метрге дейін кәбіл мен сым шығаруға мүмкіндік береді.

Бүгінгі таңда кәсіпорын отан­дық құрылыс компаниялары­мен, электр тауарларын жеткі­зетін бөлшек сауда орындарымен белсенді жұмыс істейді. Тауарлардың негізгі бөлігі ел ішінде сатылады, алайда компания Қырғызстан мен Тәжікстанға экспортқа шығып, Еуропа елдеріне тауар тасымалдауды кеңейтуді жоспарлап отыр.

«Біз Балқаштан сатып алынатын отандық мыстан кәбіл шығарамыз. Қай­та өңдеу көлемі жылына 1200 тоннаға жетеді. Қазір катанкадан сым өндіру желісін іске қосып, сондай-ақ кәбіл­дерге арналған пластикат – оқшаула­ғыш материал өндіру қуатын кеңейтіп жатырмыз», деді «Harmony Cable» ЖШС коммерциялық директоры Мәди Мұханұлы.

Бүгінде Қазақстан мысы көбінесе Түркияға, сол жерден Еу­ропаға экспортталады. Ком­па­нияның ендігі мақсаты – ара­лық тізбектерді айналып өтіп, еуро­палық нарыққа шығу.

Ал енді журналистердің жолы түскен кезекті косметикалық өнімдер мен тұрмыстық химия өндірісіне маман­данған «Telli Ondiris» ЖШС зауыты 2024 жылы қаңтардан бастап жұмыс істейді. Жобаның құны 3 млрд теңге болса, оның 465 млн теңгесін «Алматы қаржы» ЖШС несиеге қаржыландырып отыр. Кәсіпорын аумағында өндірістік және қойма үй-жайлары, сондай-ақ аккредиттелген зертхана орналасқан.

Косметикалық өндіріс орны да 49 маманды жұмыспен қамтып отыр. Зауыт жұмысы жылына 30 млн бірлікке дейін өнім өндіруге мүмкіндік береді. Кәсіпорын қызметіне кіріскен алғашқы 10 айында 380 мыңнан астам өнім шығарылса, оның ішінде сусабын, шаш бальзамдары, жуынуға арналған гель, сұйық сабындар, лосьон, бет сергітетін сұйықтықтар мен мицеллярлық су бар. Косметикалық заттар «Asiya», «Telli», «Asia Professional» атты брендтерге қоса, ірі отандық сатушылар үшін келісімшарт бойынша өндіріледі. Зауыт жаңа экспорттық нарықтарға шығуға мүмкіндік беретін GMP стандартының фармацевтикалық талаптарына сәйкес салынған.

«Біз келісімшарттық өндіріс ретінде өнімді клиенттің өз брендімен шыға­рамыз. Сонымен қатар брендтерімізді дамыта бастадық, олардың құрамында 95% табиғи компонент бар. Кос­метикалық өнімдер шығару барысында жергілікті шөптерді қолданамыз, сығындыларды да өз экстракторымызда дайындаймыз және жуырда автор­лық шикізатқа патенттерді рәсім­деуді жоспарлап отырмыз»,  дейді «Telli Ondiris» ЖШС ди­ректорының орынбасары Жанна Баймағамбетова.

Қорыта келгенде, жұмысы қыз-қыз қайнаған жаңа өндіріс орындарына бастаған баспасөз сапары – Алматы индустрия­лық аймағы – республикалық деңгейдегі маңызды жетекші өндірістік алаңдар қатарында екенін айғақтады. Қазірдің өзінде оның аумағында жалпы сомасы 142,1 млрд теңгеге жеткен 41 жоба іске қосылып, 4 430 жұмыс орны құрылды. Іске асыру сатысында 411,2 млрд теңге сомасына 66 жоба бар, онда 7 453 жұмыс орны құрылады.

«Алматының индустриялық ай­мағы» ЖШС бас маманы Дана Қалықова журналистерге берген сұхбатында: «Біз тұрақты даму ырғағы мен инвесторлар тарапынан жоғары қызығушылықты байқап отырмыз. Индустриялық аймақта мемлекеттік қаражат есебінен толық инженерлік инфрақұрылым, сондай-ақ ыңғайлы көлік логистикасы мен өзінің теміржол стансасы бар», деді.

 

АЛМАТЫ