Абай облысының бұрынғы әкімі Нұрлан Ұранхаев Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің кеңесшісі болып тағайындалды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Нұрлан Ұранхаев өнеркәсіп және құрылыс салаларына жетекшілік ететін болады.
Нұрлан Ұранхаев 1987 жылы В.И. Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын «инженер-механик» мамандығы бойынша тәмамдаған. 2001 жылы Қазақ қаржы-экономикалық институтында «экономист-менеджер» біліктілігін алған. 2006 жылы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінде «инженер-құрылысшы» мамандығы бойынша білім алған.
Еңбек жолын 1987 жылы слесарь-монтажшы ретінде бастап, кейін «Казпромтехмонтаж» тресінің Семей монтаж басқармасында шебер және учаске прорабы болып жұмыс істеді.
1990–2001 жылдар аралығында бірқатар коммерциялық құрылымдарда басшылық қызмет атқарды: «Зергер» корпорациясы, «Аккус» АҚ, «Сұңқар» ЖШС, «Казиркутсклес» бірлескен кәсіпорны.
2003 жылдан бастап мемлекеттік қызметке ауысты. ШҚО-да энергетика, ТКШ, құрылыс және көлік басқармаларын басқарды, кейін Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болды.
Бұдан бөлек, ол ҚР ТЖМ Мемлекеттік материалдық резервтер комитеті төрағасының орынбасары; ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы; ҚР Премьер-министрі Кеңсесінің индустриялық-инновациялық даму бөлімінде меңгеруші орынбасары; Қызылорда облысы әкімінің орынбасары; Тұтынушылар құқықтарын қорғау агенттігі төрағасының орынбасары; «ҚазҚСҒЗИ» АҚ бас директоры; Алматы және Астана қалаларында сәулет және қала құрылысы басқармаларының басшысы қызметтерін атқарды.
2022 жылғы маусымнан 2025 жылғы ақпанға дейін Абай облысының әкімі қызметін атқарды.