• RUB:
    6.33
  • USD:
    511.59
  • EUR:
    575.28
Басты сайтқа өту
Басылым Бүгін, 09:45

Бала көңілдің бағбаны

40 рет
көрсетілді

Балалар мен жасөспірім­­дер­ге арналған республика­лық «Ұлан» газетінің бала көңілдің бағбанына айнал­ған айтулы басылым­ның жарық көргеніне биыл 95 жыл толып отыр. Атау­лы дата аясында еліміз­дің бас кітапханасында өт­кен салтанатты іс-шара – ұлттық баспасөздің өске­лең ұрпақ тәрбиесіндегі орны мен маңызын тағы бір мәрте дәлелдеген тағы­лымды кешке ұласты.

Бала арманына қанат біті­ріп, балғын ойға бағыт берген басылымның мерейлі белесі – жалғыз газеттің ғана емес, қазақ руханиятының да мерекесі. Жасөспірімдердің ой-санасын тәрбиелеп, дүниетанымын кеңейтіп, арманын айқындауға ықпал еткен рухани ұстаз-газет­тің осы межеге жетуі – тұтас қазақ журналистикасының бала тәрбиесіне бағытталған ағарту­шылық қызметінің жемісі деп атауға болар. Іс-шараны ашқан «Қазақ газеттері» серіктестігінің бас директоры Дихан Қамзабекұлы «ұландықтарды» іргелі ұжым атынан газеттің мерейлі белесімен құттықтап, ғасырға бет алған басы­лымның парақтарында ұлт тарихы тұнып тұрғанына тоқталды.

«Үлкен классиктерімізден бас­тап, кешегі-бүгінгі қазақ ой-парасатының, педагогика, психология, әлеуметтік ғылымдар салаларының жетегінде жүрген шығармашыл азаматтар осы «Ұланның» шекпенінен шықты. Бұл – біз үшін мәртебе. 1930 жылдары газет алғаш шығып жатқан кезде Ахмет Байтұрсынұлы бастаған Алаш зиялылары түрмеде отырды. Олардың ішінде Мағжан да, Жүсіпбек те бар еді. Олар өздері қызмет еткен жердің бәрінде де балаларға байланыс­ты, оларды ағартуға бағыттайтын ауқымды міндеттерді ойға алды. Басылым сол арыстардың арманын жалғады. Ақаңның соңғы тілегі, бата беріңізші деп алдына барғандағы соңғы батасы да: «Айналайындар, мұғалім болыңдар» деген бата еді. Онысы осы «Ұлан» секілді газеттердің оқырманы, тілекшісі бол деген сөз деп қабылдаймын. Басылым тарихтың талай тар жол, тайғақ кешуінен сүрінбей өтіп, бүгінгі биігіне жетті. Кеңестік идеологияның қыспағында жүрсе де, ұлттық құндылықтың шырағын сөндірмеді. Алаш арыс­тары арман еткен тәуелсіз ой, еркін пікір, ұлттық таным – басылымның өне бойынан орын тапты», деді Дихан Қамзабекұлы.

Серіктестік басшысы атап өткендей, «Ұлан» – қаншама қаламгердің қанатын қатайтқан алтын ұя. Салтанатты іс-шараға әр жылдары газетке мақала жазған, шығармашылық жолын осы басылымнан бастаған журналистер, ақын-жазушылар қатысты.

Газет тарихында Сансызбай Сарғасқаев, Кемел Тоқаев, Әбіл­файыз Ыдырысов, Фариза Оңғар­сынова, Сейдахмет Берді­құлов, Уәлихан Қалижанов, Бейбіт Қойшыбаев, Ғалым Доскен, Бейсенбай Сүлейменов, Сұлтан Қалиұлы сынды қазақ руханиятының көрнекті өкілдері бас редактор болған. Ал Асқар Жұмаділдаев, Смағұл Елубай, Көпен Әмірбек, Өркен Кенжебек, Руслан Меделбек, Данияр Жігітбек, Мирас Кесебай, Асхат Еркімбай, Думан Смақов, Елдос Тоқтарбай, Мейіржан Жылқыбай, Алпамыс Файзолла, Ысқақ Егемберді, Мадина Омар, Қанат Махамбет, Мейрамбек Беспаев, Еркін Нұржанов сынды т.б елге танымал тұлғалар жас кезінде «Ұланның» жас тілшісі, белсенді авторы болып, өзінің алғашқы материалдарын осы басылымда жариялаған.

Іс-шараға жиналған зиялы қауым «Ұлан» жай ғана газет емес екенін, бұл бала жүрекпен тілдесе білетін, баланың ішкі әлеміне үңіліп, терең таныммен бағыт беретін рухани жолбасшы екенін атады. Басылым бетінде жарық көрген өлеңдер мен әңгімелер, эсселер мен сұхбаттар оқырманын тек оқытуға емес, тәрбиелеуге, ойландыруға, армандауға жетелеп келе жатқаны айтылды.

«Біздің мақсатымыз – бал­дырғандарды тазалыққа, адал­дыққа, білімге, еңбекқорлыққа баулу. Осы ұлы мұрат жолында «Ұлан» әр санында ұлттық құндылықтарды дәріптейтін, баланың ой-өрісін кеңейтетін, жүрегіне иман мен ізгіліктің дәнін себетін мазмұнды материалдар жариялап келеді. Кіш­кентай оқырмандардың жан дүниесіне сәуле құятын рухани тәрбие мектебі заманауи трендтерге сай түрленіп, жаңа леппен жарық көріп жатыр. Ұжымдағы жастардың шығармашылық ізденісінің арқасында газетте жарияланған материалдар «Тик-ток», «Инстаграм» желілері арқылы да кішкентай көрерменді қуантып жүр», деді «Ұлан» газетінің бас редакторы Жадыра Нармаханова.

Мерейтой аясында «Ұлан» газеті мен Зейнолла Сәнік қоры­ның қолдауымен мектеп оқу­шылары арасында биыл екінші рет ұйымдастырылған «Тастүлек» шығармашылық бай­қауының қоры­тындысы жарияланды. Тала­бымен танылған жас оқыр­мандар арнайы ақшалай сыйлықпен марапатталады.

Мереке қонақтары басылым тарихынан сыр шертетін «Ұлан» – ұлағатты үнпарақ» фотокөрмесін, роботтехникасы көрмесін тамашалап, арнайы ұйымдастырылған фотоүйшікте суретке түсті. Тағылымды іс-шара Жұбанов, Абай және т.б мектеп оқушыларының концертіне ұласып, талапты ұл-қыздар ән мен жырдан шашу шашты.

«Ұланның» әр санынан – бо­лашаққа сенім, ұлтқа сүйіспен­ші­лік, білімге құштарлық көрі­ніс береді. Бұл – редакция ұжы­мының ұзақ жылдар бойғы үздік­сіз еңбегінің, шығармашылық ізде­нісінің жемісі. Онда жарияла­натын тартымды материалдар шәкірттерімізді туған тіл мен әдебиеттің қадірін ұғынуға, ғылым мен техникаға, өнер мен спортқа баулып келеді. Бір сөзбен айтқанда, «Ұлан» – бала мен қоғам арасын жалғайтын алтын көпір», дейді №31 орта мектептің бас­тауыш сынып мұғалімі Сәуле Райымқұлова.

 

Алматы