Алматы қаласы Түрксіб ауданының прокуратурасы «Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті» КЕАҚ-ның мүлкіне қатысты заң бұзушылықты анықтады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Атап айтқанда, университеттің бұрынғы басшылығы жалпы ауданы 2500 шаршы метрден астам жатақхана ғимаратын тиісті конкурс өткізбестен жеке жоғары оқу орнына жалға берген. Бұл әрекет тұрғын үй алаңы тапшылығы жағдайында жүзеге асқан.
«Кейіннен мәміле жасасу кезінде қолданыстағы заңнама талаптарын бұза отырып ЖОО осы үй-жайды сатып алған. Бүгінгі таңда әкімшілік корпустың жатақханасы мақсатына қарай пайдаланылмай, бизнестің түрлі салаларының қызмет көрсетуіне жалға беріліп отыр», делінген сот хабарламасында.
Түрксіб ауданы прокуратурасының араласуымен және соттың заңды күшіне енген шешімдері негізінде даулы әкімшілік ғимарат ұлттық университетке қайтарылған.