2025 жылы ең көп білім гранты техникалық мамандықтарға бөлінеді. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Сөз басында вице-министр елде атом электр станциясын (АЭС) салу жоспарына байланысты ядролық физика саласындағы кадрларды даярлау қажеттілігі туындап отырғанын атап өтті.
- Қазіргі таңда АЭС-ке қатысты грант мәселесін қалыптастырып жатырмыз. Техникалық университеттердің оқу бағдарламалары мен мүмкіндіктері ескеріледі. Алдағы уақытта қанша мамандыққа қажеттілік туындайтынын толық бағамдай келе, гранттар саны белгіленеді, – деді Талғат Ешенқұлов.
Оның мәліметінше, АЭС үшін арнайы жаңа оқу орны ашылмайды. Себебі елімізде техникалық бағытта білім беретін 122 жоғары оқу орны бар. Олардың ішінде ядролық физика мамандығы бойынша білім беретін ірі университеттер де бар.
- Олардың әрқайсысының оқу бағдарламасы әртүрлі. Оқу орындарының білім сапасына және инфрақұрылымына байланысты шешім қабылданады, – дейді вице-министр.
Ал қай мамандыққа көп грант бөлінеді деген сауалға:
Биыл техникалық мамандықтарға сұраныстың жоғары болуына байланысты грант саны көбірек болады, – деп жауап берді вице-министр.