• RUB:
    6.37
  • USD:
    510.59
  • EUR:
    578.91
Басты сайтқа өту
Өнер Бүгін, 08:05

Сыбызғы жасап, саз үрлейді

20 рет
көрсетілді

Шымкент қаласының тұрғыны Вячеслав Овчаренко йогадан жаттық­тырушы болып жұмыс істейді. Бос уақытында үрмелі аспаптар жасаумен айналысады. Өзінің айтуынша, қолы қалт еткендегі ермегі әрі қосымша табыс көзі.

Қолөнерші туындылары арасында сыбызғыдан бас­тап армяндардың дудук, орыстардың свирель, украиндардың сапель, жапондардың сякухати, ежелгі Солтүстік Америка үндістерінің пимак, үнділердің бансури үрмелі аспаптарына шейін бар. Қолөнершінің осы іспен айналысып келе жатқанына сегіз жылдың жүзі болыпты. Музыкалық аспаптар жасауды өзі ізденіп, интернеттен қарап үйренген. Сыбызғыларды негізінен қайың, қарағаш, бамбуктан жасайтынын айтады. Бұл ағаштар музыкалық дыбысты жақсы шығарады екен. Жалпы, алма, шие, шабдалы секілді жеміс ағаш­та­рының бәрі де музыкалық аспап жасауға жарайды. Себебі олар өте қатты болып келеді.

«Өзіме бұл іс өте қатты ұнайды. Ағаш­­тан ою ойып, үрмелі аспаптар жасасам рахаттанамын. Алайда бұған да машық пен тәжірибе, білім керек. Ағашты ойып тесік салумен сыбызғы болмайды. Ойылған ағаш дыбыс шығару үшін кесудің дұрыс тәсілін білу керек. Сыбызғыдан шыққан дыбыс әуезді әуенге айналу үшін мажорлық, минорлық пентатоника секілді технологияларды сақтау қажет. Бастапқы кезде көп қателестім. Сыбызғының түрі әдемі болғанымен, дыбысы көңілден шықпайтын. Амал жоқ, қайтадан жаңасын жасайтынмын», деді В.Овчаренко.

Аңыз бойынша, ілініп тұрған сүйекті жел тербеткенде одан дыбыс шығатынын адамдар байқап, содан сыбызғы жасауды үйренген. В.Овчаренко музыкалық аспапта да жақ­сы ойнай біледі. Ынта болса үрмелі аспапта ойнауды бір айда мең­геріп алуға болатынын ай­тады. Оның сөзінше үр­мелі аспаптарда әр халықтың ұлттық коды жасырынған. Оларды ойнау арқылы ата-баба рухымен сырласқандай боласыз.

«Үрмелі аспаптардың өзіндік құді­реті бар. Олардан шыққан әуен жү­рекке жетеді. Жалпы, сыбызғы атаулы Жаратушыға ең жақын аспап саналады. Көне грек мифологиясындағы құдайлар да, үндінің Кришна құдайы да үрмелі аспапта ойнаған. Сыбызғының түрі көп. Мәселен, көңіл көтергім келсе қазақтың сыбызғысын тартамын. Өйткені ол адам жанын жадыратады. Терең ойға шомғым келсе, Солтүсік Америка үндістерінің махаббат сыбызғысы – пимакты қолыма аламын. Осылайша, үрмелі аспаптармен адам жанын да емдеуге болады», деді кейіпкеріміз В.Овчаренко.

 

ШЫМКЕНТ