Қазақстан Ресеймен республика аумағы бойынша жаңа газ құбырын салу мәселесін талқылады. Энергетика министрлігі хабарлағандай Ресейден Қытайға көгілдір шикізат транзиті үшін жаңа құбыр салу жөнінде «Газпроммен» келіссөздер жүргізіліп жатыр, деп жазады Egemen.kz
Бұған дейін Қытай Қазақстан аумағы арқылы ресейлік газ жеткізу маршрутын экономикалық тұрғыдан тиімсіз екенін айтқан болатын. Апта ортасында РФ вице-премьері Александр Новак Қазақстан аумағы арқылы Қытайға мұнай транзитін 10 млн тоннадан 12,5 млн тоннаға дейін арттыру жоспары туралы хабарлады.
Бұдан басқа, жоба Қазақстанның солтүстік-шығыс өңірлерін қызметпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ ресейлік компаниямен 10 млрд текше метрге дейінгі көлемде тауарлық газ жеткізу мүмкіндігі талқылануда. Осының есебінен аталған облыстар мен астананың әлеуметтік және өнеркәсіптік жобалары табиғи шикізатқа қол жеткізе алады.
Энергетика министрлігінің болжамынша, бұл инвесторлар үшін өңірлердің тартымдылығын арттырады. Бұдан басқа, еліміздің газ желілерінің транзиттік әлеуеті артады. Ведомствода нақтылағандай, бүгінгі таңда ұзақмерзімді келісімшарт жасау мәселесі мен тауарлық газдың бағасы ашық күйінде қалып отыр. Қаржыландыру көздері, инвестициялар көлемі және жобаларды іске асыру мерзімдері де түпкілікті уағдаластықтарға қол жеткізілгеннен және жобалау-сметалық құжаттама әзірленгеннен кейін айқындалатын болады.
Сарапшылардың айтуынша, бұл әзірге жоба.
Халықты көгілдір отынмен қамтамасыз ету стратегиялық бағыт. Сарапшылар газбен байланысты кез-келген жобадан бас тарту бізге әлі ерте екенін айтады.
2024 жылдың 1 қаңтарында газдандыру деңгейі 60%-ға жеткен еді.
20 млн адамдың 12 млн-ы газға қол жеткізіп отыр.
2025 жылы газдандыру деңгейін 62,1%-ға жеткізу жоспарланып отыр.
2024 жылдың 15 наурызында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай отырысында Үкіметке жылдың аяғына дейін 300 мың адамды газбен қамсыздандырып, 1 700 шақырым газ құбырын жаңарту туралы тапсырма берді.