Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Болат Сәмбетов мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Сымды интернет нарығындағы бәсекелестіктің жай-күйіне жоспарлы талдау жүргізу барысында «Қазақтелеком» АҚ тарапынан үй интернетіне монополиялық жоғары баға белгілеу анықталды. Қазіргі таңда осы факті бойынша тергеу жүріп жатыр», деді Болат Сәмбетов. Айтуынша, агенттікке ұялы байланыс пен интернет қызметі бағасының өсуіне байланысты азаматтардан көп шағым түскен. Осы мәселені ескере отырып, бірнеше бағыт бойынша тергеу жұмыстары жүргізіліп келеді. «Былтырғы жылы жүргізілген мониторинг қорытындысы бойынша ұялы байланыс операторларының тарифтерінде де монополиялық баға белгілеу белгілері байқалды. Қазір заң талаптарына сәйкес нарыққа талдау жүріп жатыр. Егер бұл талдау бағаның негізсіз екенін дәлелдесе, тергеу қайта басталады», деді агенттік төрағасының орынбасары.