• RUB:
    6.39
  • USD:
    510.84
  • EUR:
    579.7
Басты сайтқа өту
Балалар Кеше

Бала рұқсат етілмеген аумақта шомылса, ата-ана айыпты

30 рет
көрсетілді

Шымкентте шомылу науқаны басталды. Күн ыстықта жұрт өзен-көл жағалап кететіні белгілі. Үлкендермен қалыспай балалар да суда шомылғысы келеді. Бірақ бір өкініштісі қауіпсіздік ережелерін сақтауға келгенде көпшілік немқұрайлы қарайды. Соның салдарынан кейде қайғылы жағдайлар орын алып жатады.

Оқыс оқиғаның алдын алу үшін мегаполисте ерекше акция өтіп жатыр. Қалалық жастар орталығының мамандары төтенше жағдайлар қызметінің өкілдерімен бірлесіп су айдындарында қауіпсіздік ережелерін сақтау керектігін халыққа түсіндіріп жүр.

Насихат тобы өзен-көл тоғандарға барып, сол жерде шомылып жатқан балалар, жасөспірімдер мен үлкен жастағы  азаматтарға үнпарақтар таратып, сақтық шараларын естеріне салды. Одан бөлек су айдындарының жағасына ескерту тақтайшаларын орнатты.

Төтенше жағдайлар қызметі мамандарының айтуынша жаз шыға адамдардың суға батып кету қаупі күшейеді. Сонымен бірге өрт, газдан улану оқиғалары да жиі кездесіп тұрады. Сондықтан төтенше қызметінің өкілдері қала тұрғындарын барынша сақ болып, қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады. Осы қызмет департаментінің мамандары мектептерде кездесу өткізіп, оқушылар мен ұстаздарға төтенше оқиға орын алған жағдайда адамның жасайтын іс-әрекеті туралы айтып түсіндірген.

Табиғи су көздерінен Шымкентте шомылуға болатын 5 су айдыны белгіленген. Бірақ солардың ішінде тек үшеуіне ғана шомылуға рұқсат берілген. Қалада одан басқа жиырма шақты аквопарк пен бассейндер жаз бойы қызмет көрсетеді.

Осы жаз маусымында рейдтік іс-шарадан бөлек балаларға қалай жүзу керектігі үйретілетін болады. Егер бала рұқсатсыз жерде шомылған болса оның ата-анасына әкімшілік жауапкершілік бойынша жаза қолданылмақ. Ал жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін төтенше жағдай қызметінің мамандарына еріктілер көмекке келеді. 

ШЫМКЕНТ