• RUB:
    6.39
  • USD:
    510.84
  • EUR:
    579.7
Басты сайтқа өту
Шаруашылық Кеше

Аралда шегірткеге қарсы улау жұмысы күшейтілді

30 рет
көрсетілді

Әлеуметтік желіде Арал ауданы Қарақұм ауылдық округін шегіртке қаптағаны жайлы видео жарияланды. Бейнеүзіктен  шегіртке шеруінің біраз аумақты басып алғаны анық байқалып тұр. Осыған байланысты облыстық ауылшаруашылығы және жер қатынастары басқармасына хабарластық.

Басқармадағылар Қарақұм ауылдық округіндегі Көкаша елді мекенінде зиянкестер тұрғын үйлер ауласына дейін жеткенін айтады. Қазір Көкашадағы 4 үй толық бақылауға алынып, қажетті шаралар қолға алынды. Қалған ауылдық округ орталықтарында мұндай деректер тіркелмеген.

Биыл зиянкестер жылдағыдан ерте «оянып», сәуір айының соңында байқала бастаған. Сәуірдің соңында Қарақұм ауылдық округіне қарасты Айдарлы шоқалақ, Ізбанқұмы, Төртқара өңірлерінде, сондай-ақ Сазды ауылдық округіндегі Бәйсембай құмы, Тазша төбе және Ескене өңірлерінде италиялық прустың дернәсілдері анықталыпты. Сәл кейін Аққұм округіндегі Теңізбай құмы мен Айтжантабан аумақтарынан, ал 5 мамырда Қосаман мен Жіңішкеқұм ауылдық округтерінен де зиянкестердің белсенділігі байқала бастаған. Осыған байланысты кейін көктемгі-жазғы маусымға арналған мониторинг жұмыстары шұғыл түрде басталып, нақты өңдеу аумақтары мен техника түрлері анықталып, іске қосылды. Аққұм, Қарақұм, Жіңішкеқұм және Қосаман ауылдық округтеріндегі шаруашылық жерлерінде 5 жер агрегаты, Қарақұмда 2 аса жеңіл ұшақ, Саздыда 3 дрон көмегімен химиялық өңдеу шаралары жүргізіліп жатыр. Бүгінгі күнге дейін 7 742 гектар аумақ химиялық өңдеуден өтті. Ал бүгіннен бастап мердігер тарапынан АН-2 әуе көлігі қосылып, күрделі рельефті өңірлерді өңдеуге кірісті.

Басқа ауылдармен қатар видеода көрсетілген Қарақұм елді мекенінде 7 жер агрегаты, 2 дельтаплан және 23 РАНС қондырғысы жұмыс істеп жатыр.

Аудан аумағындағы Аралқұм, Сапақ, Жіңішкеқұм, Бекбауыл ауылдық округтеріне қарасты шаруа қожалықтары мен мемлекеттік жер қорларына да зиянкестерден залал келгені анықталды. Осыған байланысты Сапақ ауылдық округінің Көктем елді мекенінде орналасқан шаруа қожалықтарына тиесілі 157 гектар арнайы техникамен өңделіпті.

Қазір тиісті орындар мен мердігер мекемелер өкілдері шегіртке жайлаған аумақта жүр.