Елордада ALASH PRIDE лигасының 15 жылдығына орай айтулы дода өтеді, деп хабарлайды Egemen.kz промоутерлік компанияның баспасөз өызметіне сілтеме жасап.
27 мамырда Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтетін халықаралық тартысқа әлемдегі ең беделді ұйым саналатын UFC лигасының экс-чемпиондары мен аталған лигада бағын сынаған саңлақтар да сайысқа түседі. ALASH PRIDE-108 турнирі Орталық Азиядағы жетекші ММА лигаларындағы беделді дода саналады. Себебі мерейтойлық турнирге еліміздің үздік спортшыларымен қатар әлемдік ММА жұлдыздары, оның ішінде – UFC-дің экс- чемпиондары, ардагерлер спортшылар Астанаға келеді. Олардың арасында жеңіл салмақта осы лиганың үздігі атанып, чемпиондық белбеу иеленген Алджамейн Стерлинг сынды әйгілі спортшылар бар.
Жерлестерімізге қарсы айқасқа түсетін қарсыластардың барлығы дерлік осы UFC лигасында сынға түсіп, кейбірі тіпті чемпиондық белбеуді де иеленген. Атап айтқанда Дамир Исмағұлов бразилиялық Алан Патрикке қарсы айқасады. Жанкүйерлерінің назарына түспей жүрген Қайрат Ахметов те октагонға оралып, кезінде UFC чемпионы атанған америкалық Алджамейн Стерлингке қарсы күшін сынайтыны айтылған еді. Алайда сайыстың қарсаңында қарсыласы келмеуіне байланысты Ахметов ММА-дан емес, грепплингтен сынға түспек. Қарсыласы оңайдан емес: еркін күрестен Бейжің Олимпиадасының (2008) чемпионы, аралас жекпе-жектен UFC-дің чемпионы атанған әйгілі америкалық спортшы Генри Сехудо. Арман Оспанов та грепплингтен UFC-дің экс-чемпионы бразилиялық Ренан Бараоға қарсы айқасады. Жуырда Қазақстан азаматтығын алған ресейлік этникалық қазақ Саламат Исбулаевтың да қарсыласы танымал спортшы, Дилено Лопес Бразилия спортшысы, UFC-де өнер көрсеткен жампоз. Руслан Сариев те бразилиялық Деанрадо Фигередомен айқасады. Санжар Әділовтің де қарсыласы Бразилияның таңдаулы спортшысы, UFC-дің кардында шайқасқан жампоз. Жәнібек Тыныштық та бразилиялық Раулиан Пайвамен айқасқа түседі. Ерхан Жұмабаев пен бразилиялық Вилингтон Лобо жекпе-жегі де тартысқа толы болмақ. Өзбекстандық Бобур Абдулазизов бразилиялық Вандерсон Пантоха Силваның қарымын байқайды. Жерлесіміз Расул Хатаев Бразилия өкілі Франсимар Баррозуге қарсылас атанды.
ALASH PRIDE негізін қалаушысы Данияр Қасқарауов турнир тартысқа толы өтетініне сенім білдірді.
«2010 жылы алғашқы турнирлерді ұйымдастырып сайыс өткізгенде, ешкім біздің промоутерлік компания мұндай деңгейге көтерілетініне сенген жоқ. Біздің кәсіпқой спорт әлеміндегі бағытымыз да, жоспарымыз да айқын болды. Қазақ жігіттерінің әлеуетін, олардың спортқа деген құлшынысын әлемге паш ете алдық. Бүгінде ALASH PRIDE – елімізден тыс жерлерде де танымал халықаралық бренд. Оның артында ынтымағы ұйыған ұжым, тынбай еңбектенген команда мен Қазақстанды әлемге танытып жүрген спортшылар тұр. Біздің қатарымызда алғаш жекпе-жекке шыққан көптеген спортшылар кейін әлемдік ареналарда өнер көрсетті, соның арқасында Қазақстанды ММА әлемі де айқын танып, спортшыларымызға құрметпен қарады. Астана қаласында өтетін ALASH PRIDE 108 турнирінің ерекшелігі мол. Біз UFC лигасының даңқты жұлдыздары мен чемпиондарын шақырып, көрерменге нағыз ММА мерекесін сыйлағымыз келеді. Бұл тек спорттық сайыс қана емес – қазақ жауынгерінің рухы мен мінезін бүкіл әлемге танытатын мүмкіндік», деді Д.Қасқарауов.
Сайыс алдындағы баспасөз мәслихатында ММА жауынгерлері өздерінің қарсыластары жайында сөз қозғады. Арман Оспанов бірнеше жыл октагонга оралмағанын айтты. Келешекте жекпе-жек әлеміне оралатынын жеткізді.