Дәл осындай тақырыппен қордайлық оқушылар биыл төртінші мәрте Абайдың қарасөздерін жатқа айтудан жарысқа түсті. Алғаш рет бұдан төрт жыл бұрын Жамбыл облысы Қордай ауданы Қаракемер ауылы азаматтарының руханиятқа әрі ұрпақ тәрбиесіне деген жанашырлығы мен жауапкершілігінен туған идея «Абайды оқы, таңырқа!» атты қарасөз байқауы болып дүниеге келді. Жыл сайын аясы кеңейіп, танымалдылығы артып келе жатқан жоба биыл хакімнің 180 жылдық мерейтойы аясында алғаш рет аудандық деңгейде ұйымдастырылды.
Айта кетерлігі, алғашқы жылдары ауылдың ішінде ғана елеусіздеу өткен бұл іс-шараға былтырдан бері аудан басшылығы көлемінде көңіл бөліне бастады. Былтыр үшінші мәрте ұйымдастырылған байқауда қазылар алқасының құрамында болған аудандық білім бөлімінің басшысы Санат Әшірбеков биыл бұл іс-шараны бөлімнің жылдық жұмыс жоспарына енгізіп, өңірдегі өзге де ауылдардың сөзге шебер, білімдегі беткеұстар оқушыларының бағы мен бабын сынауына мүмкіндік жасады.
«Қаракемер ауылының азаматтарына ұрпақ тәрбиесі мен білім ісіне барынша үлес қосып келе жатқандарына алғысымды білдіремін. Былтыр Абайдың жүріп өткен жолын, айтып кеткен өсиетін жүрегінің төріне шығарып, адами асыл қасиеттерді бойына сіңіру жалғыз қаракемерліктерге ғана тән емес шығар, хакімнің рухани нәрін бүкіл аудан, облыс, республика халқы да бойына сіңіруі керек деген ой айтылған. Сол бастаманың алғашқы қадамы, міне, аудандық деңгейге жетіп отыр. Бұл жоба балаларға әжептәуір мотивация берері сөзсіз», дейді бөлім басшысы Санат Әшірбеков.
Ұлы ақынды ұлықтап, 180 жылдық мерейтойына орайластырылған байқау аудандық мәдениет үйінде өткізілді. Оған 5–11-сыныптардан 48 оқушы қатысты. Сөз сайысына шыққан оқушылардың өнеріне белгілі жамбылдық қаламгер, еліміздің құрметті журналисі Құрманбек Әлімжан бастаған қазылар алқасы бағасын берді. Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне Қаракемер ауылының демеуші азаматтары атынан 500 мың теңге көлемінде қаржылай жүлде табысталды.
Байқау қорытындысында 5–8-сынып оқушылары арасынан Ноғайбай ауылдық №35 Рза Қунақова атындағы орта мектептің 5-сынып оқушысы Айғаным Біләл, ал 9–11-сынып оқушылары арасындағы бәсекеде Қаракемер ауылдық Әбіл Нүсіпбаев атындағы №14 орта мектептің 10-сынып оқушысы Жансая Иса топ жарып, бас жүлденің 100 000 теңге қаржылай сыйлығын жеңіп алды.
Байқаудың бас жүлдесін жеңіп алған 10-сынып оқушысы Жансая Иса бала күнінен Абайдың қарасөздерін қызыға оқып, өлеңдерін жаттап өскен екен. Ол 2021 жылы байқауда 6-сынып оқитын кезінде хакімнің 9 қарасөзін жаттап, жүлделі 2-орын алса, келесі жылы 12 қарасөзбен тағы да екінші орынның тұғырына көтеріліпті.
«Мен сол кезде өз-өзіме уәде беріп: «Келесі жылы қарасөз санын арттырып, бас жүлдені жеңіп аламын», деп іштей өзімді қамшылаған едім. 2023 жылғы байқау бұрынғыдан да ауқымды деңгейде өтіп, оған аудандық білім бөлімінің басшысы, журналистер мен түрлі сала мамандары қазылық етті. Мен 27 қарасөз жаттап, ерекше көзге түсіп, бас жүлдеге ие болдым. Одан кейін аудандық өзге сайыста 35 қарасөзбен қарсылас шақ келтірмей, тағы да бас жүлдені жеңіп алдым», деген Жансаяны былтырғы Семей сапары ерекше шабыттандырып, Абайға деген сүйіспеншілігін одан әрі арттыра түсіпті.
Соның әсерімен биыл 40 қарасөзді жатқа айтып, тағы да бас жүлдені қанжығасына байлап отыр. Ендігі межесі – 45 қарасөз.
Жалпы, бұл жобаға кеңірек тоқталсақ, былтырғы мамыр айында осы байқауға қатысқан қаракемерлік 25 оқушы «Абайды оқы, таңырқа!» атты ғылыми-танымдық экспедиция аясында ауыл азаматтарының қаржылай қолдауымен Абай облысына барып қайтқан.
Үш күнге жоспарланған сапарда оқушылар алдымен Алматыға аялдап, Республика сарайы алдындағы Абайдың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, сол жерде ойшыл ақынның өлеңдері мен қарасөздерін оқыды. Ізденіс жолында үлкен сапарға шыққан өрендерге абайтанушы ғалымдар мен Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының мүшесі, академик Асқар Жұмаділдаев, кинорежиссер Еркін Рақышев, экономист, қаржы сарапшысы Мақсат Халық және Алматы қалалық мәслихатының депутаттары Абайдың ескерткіші алдындағы кездесуде сәттілік тілеп, ақ баталарын берді.
«Бұл өте құптарлық игі іс-шара екен. Абай – қанша оқысаң да, қанша таңырқасаң да, таусылмайтын, терең де телегей теңіз ғой. Бұл оқушылардың кішкентай кезінен Абайға үңіліп, соның шығармашылығына қызығып, толық адам болып қалыптасуға ұмтылуы қуантып отыр. Ал ауыл оқушыларына осындай байқау ұйымдастырып, оның жеңімпаздары мен жүлдегерлерін экспедицияға алып шыққан ауыл азаматтары да ерлеген екен», дейді академик А.Жұмаділдаев.
Оқушылар Жидебайға Абай мен Шәкәрім жатқан қос кесенені көріп қайту үшін ғана бармапты. Олар өздері дайындаған театрландырылған қойылымын сахналап, жаттаған қарасөздерін, қос ақынның өлеңдерін де оқып, сол жақтағы ел-жұртқа өнер көрсетіп қайтқан. Әрі ғылыми ізденіс бағытында біраз мағлұмат алып қайтты.
Айтпақшы, жуырда осы аудандық байқауға қатысқан қаракемерлік 8 оқушыға сол ауылдан түлеп ұшқан алматылық кәсіпкер азамат бағалы сыйлығын тарту етіп, жерлес іні-қарындастарының одан әрі ынталана түсуіне, өлеңге деген құштарлықтарының артуына демеу болды. Ал ұйымдастырушылар бұл жобаның ауқымын кеңейтіп кішігірім ауылдық олимпиада етіп ұйымдастыруды көздеп отыр.